Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа кітапхана өз есігін айқара ашты. Кітапхана 1 оқу ғимаратында орналасқан және университеттің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам болып табылады.

Жаңа кітапханада студенттер мен оқытушылар үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл кітапхана оқу процесін тиімді ұйымдастыруға және ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталған.
Университеттің жалпы кітап қоры 2 миллионға жуық кітапты қамтиды. Олардың ішінде педагогикалық бағыттағы 300 мыңға жуық кітап жаңа кітапханада қолжетімді болып отыр.
Тұсаукесер салтанатында лента қию рәсімі жаңа кітапхананың жобасын қалаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бұрынғы ректоры, қазіргі таңда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Каримоваға, сондай-ақ технология ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Қошқаровқа, «Облыстық қоғамдық даму басқармасының» басшысы Руслан Каюповқа және филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлына берілді.
Жаңа кітапхана университеттің білім беру сапасын арттыруға, студенттердің және оқытушылардың ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған заманауи білім ордасы болып табылады.
