Kyzylorda-news.kz Облыстық кітапханада 17 мамыр күні қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» тақырыбында поэзия кеші ұйымдастырылды.

Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.

Ілияс Жансүгіров әдебиет әлемінде өз халқының ұлттық қазынасына құнды мұралар қалдырған ұлылардың бірі. Ұрпақ үшін оның парасат әлемі, білгір суреткерлігі, зор адамгершілік үлгісі өшпейтін өнеге мектебі. Ұлылардың бойындағы ортақ қасиет көп қырлылық болса, бұл ерекшелік  Жансүгіров талантына тән.

Арынды ақын балаларға арналған өлеңдерінде танымдық, тәрбиелік, білімдік мәніне баса наза аударады. Әндетіп, өлеңдетіп тербете тәрбиелеу арқылы баланы бесіктен тәрбиелеп, сөз өнеріне баулу, ой-өрісін дамыту, адамгершілікке, анаға  деген мейірімділік , жағымды мінез-құлыққа тәрбиелеуді көздегенін оның әрбір шығармасынан көруге болады. Ілиястың көптеген өлең-поэмалары қазақ халқына тән-адам жанын жадыратар, сұлулық сезімін лаулатар жан азығы ән мен күй, тастан шыққан бұлақ секілді сызылып, кемеліне келген ағын дариядай толқиды. Ән мен жырға, күмбірлеген күйге арнаған өлеңдерінде өте бір әсерлі, екпінді, желдірме әсем сөздер бастырмалатып, бір эстетикалық сұлулық, айтуға жеңіл, әнге қосуға лайық өлеңдер болып келеді. Балалардың танымдық, қабылдау әрекеттерін дамытып, оларды эстетикалық сезімталдыққа, ой тереңдігіне , байқампаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуге бағытталумен бірге, сөз шеберлігіне, сөз тапқырлығына үйретерлік көркемдік кеңістігіне өрнектелген.

Шараға №7 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Г.Мамытова, М.Андақұлова, А.Оспанғалиева, Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің мұғалімі С.Молдағажиева, С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі Г.Таркешева ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы баяндады. №7 мектеп-лицейінің оқушылары ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып, сахналық қойылым қойды.

Кеш қонақтарына «Қазақ поэзиясының құлагері» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесі таныстырылды.


Қорлан САРЫ
Фото:aqmeshit-zhastary.kz

Тағы да оқыңыз: