Kyzylorda-news.kz Білім мен тәрбиенің қайнар көзі – мектеп. Мағжан Жұмабаев «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген екен мектеп жайында. Сырдария ауданына қарасты әсемдігімен, әдемілігімен, тазалығымен аты шыққан Нағи Ілиясов атындағы ауылды облыс, аудан жұртшылығы ғана емес, республика халқы жақсы біледі. Осы орайда, ауыл балаларына тәлім мен тәрбие беріп келе жатқан білім ордасы Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектеп тарихы жайлы қалам тербедік.
Ғасырдан астам тарихы бар ауыл мектебінде небір тұлғалар, азаматтар тәлім мен тәрбие алған. Бүгінде ауылды көркейтіп, атын асқақтатып жүрген азаматтар осы қарашаңырақтың табалдырығын аттаған. Бұл – ауыз толтырып айтарлық мақтаныш.
Өркениетке бет алған еліміздің болашағы білім беру саласымен тығыз байланысты. Жауапты міндеттерді жан-жүрегімен ұғынып, жұмыла көтерген ізгілік ұясының тарихы тым тереңнен бастау алады. Өткен ғасырдан сыр тартсақ.
1903 жылдың тамыз айында Түркістан өлкесі, Сырдария облысы, Перовск уезі, Кеңтүп болысына қарасты 4 ауылда Хан мектебі ашылады. Олай аталуының себебі, қазіргі Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылының бергі жағында «хан» деген қасиетті ағаш болыпты дейді. Соған сай хан деп аталған мектеп атауының терең астарлы мәні бар. Шын мәнінде, сол жерде бұрын егілген қызыл ағаш болған. Жазды күндері кескен жерінен қызыл сөл ағады екен. Діни адамдар бұл ағаштың жай ағаш емес екенін айтып, нәрімен, сөлімен халықты сусындандырып отырған, тамыры терең ағаштың құрметіне мектепті осылай атауды жөн деп тапқан.
1909 жылы Құлке қорғаны жанынан 10 бөлмелі Хан мектебі мен интернат салынып, 1911 жылы іске қосылған. Сол мектептің орны қазіргі Шіркейлі өзенінің сол жағасындағы Құлке төбесінің жанында. Осы жылдан бастап 4 жылдық орысша-қазақша мектеп болып қайта құрылады. 1935 жылы халық комиссарлар советі жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық оқу заңын енгізуіне байланысты Қызылорда ауданына қарасты №6,7,8 ауылдардың ортасынан жетіжылдық болып қайта құрылып, «Құлымбетов» атындағы мектеп болып аталған. 1937-1938 оқу жылында мектеп «Шіркейлі» мектебі деп аталса, 1939-1940 оқу жылында мектептің аты өзгеріп, Э.Тельман атындағы жетіжылдық мектеп деп аталған. Сол жылдары 50 балалық қоғамдық интернат ашылып, онда 5-6 сынып оқитын оқушылар орналастырылған.
Тарихқа көз жүгіртсек, біздің мақаламызға арқау болып отырған білім ордасы ауданда алғаш құрылған мектептердің бірі. Бүгінгі ғимарат 1971-1972 оқу жылында пайдалануға берілген.
– Қазіргі таңда аудандағы озық оқу ордасының бірі №132 мектебіміз Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі, «Ғасыр адамы» Түймебай Айтбаевтың есімімен аталады. Бұл мектепте «Ұлы Отан соғысы» ардагерлері Меңлібай Қаймолдаев, Алмат Наурызбаев, Сәдуақас Әлиев, Түймебай Айтбаев секілді азаматтардың ізі қалған. Өз кезегінде ұстаздық еткен аға буын мектебіміздің бүгінгі келбетін қалыптастыру жолында аянбай еңбек еткен. Қазіргі таңда 640 орындық мектебімізде 91 қызметкер жұмыспен қамтылуда. Оның ішіндегі 86 педагог маманның «Педагог-зерттеуші», «Педагог-сарапшы», «Педагог-модератор» санаттары бар. Мектепте ауқымды іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аудан мектептері арасында да жоғарғы көрсеткішке ие, – дейді мектеп директоры.
Жыл өткен сайын білім ордасының материалдық базасы нығайтылып келеді. Биыл мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстары мен оқушы, ұстаздарға демеушілер тарапынан әркез қолдау көрсетіліп отырады.
– Тарихы терең мектебіміздің қабырғасынан елге, қоғамға белгілі талай шәкірт түлеп ұшып, білікті ұстаздар шыңдалды. Олардың есімдерін бүгінгі ұрпақ мақтанышпен айта алады. Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов, Социалистік Еңбек ардагері Күләнда Абдраманова, облыстық мәжіліс депутаты болған қайраткер Алмагүл Божанова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Досқали Найманов, жазушы Танаш Дәуренбеков, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ибадулла Таутенов, ОІІБ-нің ардагері Серікбол Тұңғышбаев, «Абзал және К» толық серіктестігінің президенті Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, ірі басшылық қызметтерде ауданның дамуына өзіндік үлесін қосқан Балшекер Өтегенова, облыстық жедел жәрдем бөлімінің абыройлы ардагері Сағындық Шамшиев, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Айтбаева, журналист Несібелі Рахметова, Индира Ибраева, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мыңбай Үмітжанов және тағы да басқа түлектерді мақтанышпен атап өтуге болады, – дейді мектеп директоры.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Осы мектептің түлегі Абзал Жұмашұлы өзі білім алған мектепке әркез қолдау көрсетіп, қаржылық демеушілік көрсетіп отырады. Атап айтар болсақ, «Жылдың үздік мұғалімі», «Жылдың үздік оқушысы» аталымы бойынша анықтап және «Үздік аттестат» пен «Алтын белгі» иегерлеріне қаржылай сыйақы ұсынады. Бұл да болса жас өркенге алға талпыну үшін қолдау, қамқорлық деуге негіз бар.
ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Ал мектептің жүрегі – мұғалім. Аталған білім ордасы ұстаздары да іскер әрі ізденімпаз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңашылдықты тез қабылдай білетін жас мамандар дөңгелек үстел, шеберлік сағаттарын жүйелі түрде өткізіп отырады. Қазыналы білім ордасына айналған орта мектептің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, мақтанышына айналуды мақсат етеді. Білгенін балаға үйретуден жалықпайтын ұстаздар да елдің кемел келешегі үшін елеулі еңбек етуде. Қандай жетістік болса да, ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі. Ұстаздардың ұлағатты істеріне ата-аналар да дəн риза. Ел болашағын тәрбиелеуде, білім беру ісіне жаңашылдықты енгізуде, ұстаздардың білігін арттыруда, қоғамдық жұмыстарды белсене атқаруда білім ордасы алда талай белестерді бағындырарына сенім мол.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ