Kyzylorda-news.kz. Мәжіліс депутаты Майра Айсина оқушыларға сабақ кезінде смартфон мен планшетті пайдалануға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутаттың айтуынша, смартфондар мен планшеттерге тәуелділік, онлайн ойындарға әуестік балалардың ойлау қабілетіне зиян келтіріп, бас сүйегі-ми жарақатынан кейінгі жағдайға ұқсас өзгеріске әкеп соғады.

Айсина әлем елдерінің тәжірибесін тілге тиек етті. Мәселен, Германия, Франция және басқа да көптеген елде, соның ішінде посткеңестік кеңістіктегі елдердің оқу мекемелерінде гаджет пайдалануға тыйым салынған.

«Бұл мәселе біздің мүдделі министрліктер мен ведомстволардан қазіргі жағдайға жан-жақты талдау жүргізуді, «Балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңның тиімді жүзеге асырылуын талап етеді», – деп санайды ол.

Мәжілісмен үкімет интернетте балалардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін және ақпаратты сүзгіден өткізу үшін қосымша жүйелі шаралар қабылдауы қажет екенін айтты.

«Жұмыс және демалыс күндері 16 жасқа дейінгі балалар үшін онлайн ойын ойнау уақытын шектеу мүмкіндігін зерделеу керек. Жұмыс күндері интернет-кафелерде балаларға видео ойындар ойнауға, мектептерде сабақ кезінде смартфон мен планшеттерді пайдалануға тыйым салу керек», – деді депутат.

Тағы да оқыңыз: