Kyzylorda-news.kz. Реттелген күн тәртібі баланың оқу үлгеріміне ғана емес, денсаулығына да оң әсер етеді. Сол себепті күн тәртібін жүйелеу, сақтау өте маңызды. Назарларыңызға мектепке баратын балаларға және барлық мектеп оқушыларына пайдалы бес кеңесті ұсынамыз.

Баланың өмірдің жаңа ырғағына үйренуіне, сабақ пен демалысты дұрыс үйлестіруіне бірнеше фактор әсер етеді. Олар: жүйеленген ұйқы, дұрыс тамақтану және уақытылы серуендеу. Ал сабақ үлгеріміне ерте басталған алдын ала дайындықтар көмектеспек.

Оқушы қанша сағат ұйықтауы керек?

Оқушының жас ерекшелігіне қарай ұйқы нормасы әртүрлі болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқушылар үшін түнгі ұйқының шамаланған нормасы төмендегідей болуы керек:

1-4-сыныпта

10-10,5 сағат

4-7-сыныпта

9,5-10 сағат

8-9-сыныпта

9-9,5 сағат

10-11-сыныпта

8-9-сағат

Бұған қоса, 1-сынып оқушылары күндіз 2 сағатқа дейін ұйықтап алғаны жөн. Емтихан, бақылау жұмысы немесе басқа да ақыл-ой еңбегін ерекше талап ететін кезеңде әдеттегі ұйқы уақытын (кемінде 1 сағатқа) ұзартқан пайдалы.

Сонымен қатар ата-аналар мынаны ескеруі тиіс: 2-2,5 сағатқа ерте оянып, ұйқысы қанбайтын балалардың сабақтағы еңбек белсенділігі 30%-ға төмендейді. Сол себепті ұйқының қанық болуына ерекше көңіл бөлу керек.

Дұрыс тамақтану оқу үлгеріміне әсер етеді

Әр баланың ағзасы әртүрлі болса да, оның дұрыс өсуі мен дамуы үшін тамақтану рационына мыналар енгізілуі тиіс: сүт өнімдері, ет, балық, жұмыртқа, жарма және макарон өнімдері, көкөніс, жаңа піскен жеміс, табиғи шырын, жаңғақ, құрғақ жеміс, бал.

Тұрақты тамақтану баланың дамуына, эмоциялық және физикалық тұрғыдан мықты болуына тікелей әсер етеді. Әсіресе, емтихан кезінде оқушының тамақтану режиміне ерекше назар аударыңыз. Бұл кезеңде ас мәзіріндегі тамақ түрінің қайланбағаны дұрыс.

Бала мектеп асханасынан тамақтанғысы келмесе, не істеу керек?

Оқушы мектеп асханасында тамақтанбаса немесе тамақ ішкісі келмесе, не істеу керек? Бұның бір ғана жолы бар: бала тамақты өзімен бірге алып келуі керек. Үйде дайындалған екінші таңғы ас және түскі ас бутерброд тәрізді “құрғақ тағам” болмағаны дұрыс.

Оқушы қанша уақыт серуендеуі керек?

Белсенді қозғалу, таза ауада серуендеу мидың жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі. Кіші жастағы балалар кемінде 3-3,5 сағат серуендеп, дене қозғалысын талап ететін ойындар ойнағаны дұрыс. Ал жоғары сынып оқушыларының таза ауада 2,5 сағаттан кем емес уақыт тыныққаны жөн.

Baribar

Тағы да оқыңыз: