Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда оқуға деген құштарлықты арттыру басты мәселеге айналып отыр. Ол үшін бізге еркін, жоғары білімді, шығармашылық, ойлаудың әр түрлі түрлерін дамытудың жоғары деңгейі қажет. Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталған технологияларға сын тұрғысынан ойлау, жобалау,  проблема туғызу, ұжымдық қарым-қатынаста оқыту жатады.

Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін тануға көмектеседі. Жадыны және ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адам жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Кітап оқу – талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Кітап оқу – сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады. Адам бойында бұғып жататын шығармашылық қабілеттерді дамытады. Кітапты көп оқитын саналы ұрпақ келте, шолақ ойлы емес, есті, салмақты ой иесі болып өсері даусыз. Өйткені кітап – заманалар толқынында тербеліп, ішіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі. Кітап – өмір ұстазы. Біздің ұстаздар қауымының, аға ұрпақтың, ата-аналардың ұрпағымыздың бойына дарытуымыз қажет дағдының бірі – осы кітап оқуды қалыптастыру, әдетке айналдыру, баулу болмақ.

    Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес,  Оқу-ағарту министрлігі кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және оны қолдау, кітап мәртебесін арттыру мақсатында білім алушылар арасында «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Себебі, адамгершілік құндылықтар жүйесін қалыптастырудың бірден бір  жолы – кітап оқу. Жобаның негізгі бағыттары өзара қарым-қатынас пен әлеуметтік әріптестік арқылы білім алушылардың оқу құзыреттілігін, оқу мәдениеті мен оқу белсенділігін арттыруды, оқу сауаттылығы бойынша халықаралық зерттеулерге қатысуын жалғастыруды  көздейді.Қызылорда облыстық оқу-әдістемелік орталығы осы мақсаттарды іске асыру аясында оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісін мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері арқылы дамытуды қолға алды. Көркем әдебиетті оқытудың  жолдарын қарастыруда оқу дағдысын қалыптастыру және оны қалыптасқан рефлекске айналдыру шараларын дамытып, пән мұғалімдері күнделікті сабақ барысында  балаларға өздері оқыған кітаптардан оқиғалар айту арқылы, оларды қызықтырып, кітап, газет-журнал, күнделікті жаңалықтарды тыңдаудың пайдасын насихаттауда.            

    Қазіргі таңда оқушылардың кітап оқу құзыреттілігін қалыптастыру өте маңызды. Сондықтан, сапалы оқу дағдысына, яғни көркем әдеби шығарманың мәтінін меңгеру және одан қажетті ақпаратты алу мүмкіндігін дамыту керек.Сонымен қатар, құндылық бағдарларын дамытудағы оқушының іс-әрекеті, танымдық-коммуникативті қабылдау, эмоциялық жауаптылық, толғану, оқылған шығарма бойынша оқырманның пікірі  маңызды. Балаларды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеу, өз бетінше оқуға  дағдылану  әрекеті  әр  сабақта дағдыға айналуы керек. Мектептегі оқытудың басты мақсаты – оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру. Оқу пәні ретінде әдеби оқу жеке адамға кітап сияқты әсер етудің құралы болып саналады. Осы орайда, оқу орталығы білім беру ұйымдарында оқуға кұштар білім алушының сауаттылығын, ізденісін көркем әдебиеттерге бағыттау арқылы шыңдау шараларын түрлі семинарлар, акциялар, ашық сабақтар, вебинарлар арқылы өткізіп, педагогтарға әдістемелік көмектер көрсетуде. Жаратылыстану  пәндері арқылы оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын ояту - қызықты және шығармашылық үдеріс. Жаратылыстану  пәндері бойынша  көркем әдеби шығармаларды талдау арқылы оқушыларды көркем әдебиетпен таныстыруға болады. Бұл әдіс оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, олардың түрлі бағыттағы ғылыми-зерттеушілік  мазмұндағы контексті түсінуін және әдеби шығармаларды бағалауын жақсартады. Осындай шығармаларды талдау арқылы оқушылар логикалық  ойлау жүйесін және көркем әдебиеттің құрылымын қатар түсіне алады. Бұл әдіс оқушыларға түрлі идеяларды көркем әдебиет арқылы бағалауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта облыстағы жаратылыстану пәні бағытындағы педагогтарға арналған облыстық шараларда тәжірибелі  педагогтардан тұратын жұмысшы топ түрлі тақырыптарда әдістемелік жұмыстар ұсынды. Аталған бағдарламалар аясында пән мұғалімдері үшін

«Оқу сауаттылығы - табысты, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырудағы көркем әдебиеттің ролі»,«Балалар кітапханасы»жобасы: Оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруді дамыту», «Балалар кітапханасы» жобасы: «Белсенді  оқу-тиімді тәжірибе»,«Оқуға құштар мектеп жобасы-кемел білім кепілі: пәндер арқылы көркем әдебиетке бағыттау», «Оқуға құштар мектеп» жобасын мектептер мен колледждерде пән бірлестіктері арқылы жүзеге асыру», «Тәжірибе. ізденіс. даму: көркем әдебиетті пән арқылы оқытудағы жаңашыл тәжірибелер», «Оқуға құштар ұрпақ-оқуға құштар мектеп:балалар кітапханасы  бағдарламасын  іске асыру жолдары», «Білім алушыларды жаратылыстану пәндер арқылы көркем әдебиет оқуға тартудың жолдары», «Оқуға құштар мектеп жобасы: оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдірудегі рөлі» тақырыптарында облыстық семинар  ұйымдастырылды. Семинарда  тәжірибелі   пән  мұғалімдері көркем әдебиет арқылы өткізілетін сабақтардың жаңаша мазмұндары мен мүмкіндіктерін көрсетіп берді.

Қазіргі  таңда  оқу сауаттылығы қоғамдағы өмірге дайындық үшін ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастырылады. Оқу мәдениеті оқушылардың нақты және жаратылыстану ғылымдарын, еңбекке үйрету және дене шынықтыру, сондай-ақ басқа да пәндерді табысты оқып білу үшін міндетті. «Оқу мәдениеті - өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын қалыптастыру факторы» деген түйін сөз бекер айтылмайды. Оқуды дамытуда әдістемелік әдістерді жүйелі және мақсатты түрде қолданған жағдайда оқушының дербес оқуын қалыптастыруға үлес қосады.

Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының  үлесі маңызды болмақ.  Кітап оқу - білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын.

      Сондықтан бүгінгі таңда оқушылардың кітап оқу құзыреттілігін қалыптастыру өте маңызды міндет болып  отыр. Осы мақсаттарды іске асыру үшін мектеп  кітапханасындағы оқулық қорын пәндер бойынша топтап, саралап бөлу жұмыстары қолға алынды. Себебі, бұл жұмыстардың «Білім сапасын көтеруде», оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруда маңызы зор. Сонымен қатар, оқушылардың көркем әдебиет оқу бағытында төмендегі құзыреті қалыптасады:

1.Жалпы мәдени-әдеби құзыреттілік - ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде әдебиетті қабылдайды.

2.Әлемдік құндылықтар құзыреттілігі - әдебиетте бейнеленген осы  құндылықтарға деген көзқарастарын анықтау және нақтылау мүмкіндігі құндылықтарды түсінеді.

3.Оқырман құзыреттілігі - шығармашылық, «автор-оқырман» диалогына қосылады, кейіпкерлермен толғанады, көркем туындысының тіл ерекшеліктерін түсінеді.

4.Сөйлеу құзіреттілігі - қазақ әдеби тілінің нормаларын біледі, сөйлеу қызметінің негізгі түрлерін меңгереді.

5.Әртүрлі жанрда әдеби шығармашылық жұмыстар жаза білу қабілеті дамиды.

Оқушылардың  осындай құзыреттіліктерін дамытуда «Оқуға құштар мектеп»жобасы бойынша тірек мектептерінде балаларға кітап оқытудың түрлі тәжірибелері жинақталуда.Сондай тәжірибелер Қызылорда қаласындағы №172 Н.Ергешбаев атындағы мектепте «Жүретін тақта» жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл жобада оқушыларға логикалық тапсырмалар дайындалады. Халықаралық зерттеулер нәтижелері бойынша оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттыру бағытындағы жұмыстарды әлі де болса дамыту керек екендігі көрсетілді. Осы бағытты дамыту  мақсатында пәндік тапсырмалар жұмысы қолға алынды. Мектеп кітапханасында мектепте жүргізіліп жатқан жобаларға арналған бұрыш ұйымдастырылған. Нәтижесінде оқушылардың қатысу пайызы мен қызығушылығы артуда.

«DODA QUIZ» интеллектуалды сайысы 5-10 сыныптар арасында дәстүрлі түрде  ұйымдастырылып келеді. Ойынның  басты ұстанымы: Орта мектепте оқушы білім стандартына сәйкес білім алумен қатар ғылым көкжиегіне көз жіберіп, зерттеу мен зерделеуді саралап сараптауды үйрене бастауы тиіс. Бүгінгі күні өте қабілетті, дарында балаларды іріктеп, олардың дамуына жағдай жасау – кезек күттірмейтін іс. Бала қабілеті мен дарынын толық ашу тек бала үшін ғана емес, ең алдымен, қоғам үшін маңызды.

Ойынның мақсаты:  орта және жоғары  буын оқушыларының танымдық интеллектуалдық қабілетін арттыру, шығармашыл, еркін ойлай алатын білімді жастар ортасын қалыптастыру.

Ойынның міндеті:

-оқушылардың білімдерін жинақтап, тереңдету;

-қызығушылықтарын арттыру;

-шапшаңдыққа баулу;

-белсенділіктерін арттыру;

-топпен жұмыс істей отырып, өзгенің пікірін құрметтеуге, ұйымшылдыққа баулу.

Ойынның бағыты: жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы көркем әдебиеттерді пән арқылы оқып,тәжірибеде қолдану.

      Сонымен бірге, жаңа стандарттарда бастауыштағы оқушының оқу құзыретін қалыптастыру үшін әдеби оқуға  басымдық берілуде. Әрине, адамның кітапқа деген қатынасы бастауыш мектеп жасында қалыптасады. Оңтайлы оқуға үйретудің біршама тиімді резервтерін атап айтуға болады.Осы оңтайлы оқыту әдісін тек сабақ процесінде ғана қолданбай, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында бастауыш сыныптарда тағы бір жоба іске қосылды.

«BILGEN DODA» интеллектуалды сайысы 2-4  сыныптар арасында ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар бастауыш сынып мұғалімдері.

Бағыты: бастауыш сыныптардағы мемлекеттік стандарттағы міндетті пәндерге бағытталған көркем әдебиеттерді оқып танысу.

Мақсаты: өте көне дәуірден келе жатқан қазақ халқының  ұлтттық ойынын  негізге ала отырып, бес бағытта жұмыс жасау. Оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды жаңа әдіс-тәсілдер арқылы дарыту.

Міндеттері:

-тез ойлануға, тапқырлыққа баулу;

-оқушылардың ойына өзгеріс енгізу арқылы сыни ойлауға қалыптастыру;

-өзіндік түсінік қалыптастыруға және терең ойлауға бағыттау.

Осы шаралар арқылы балалар тілдік дағды –тыңдалымға үйренеді. Тыңдалым –  өте маңызды тілдік дағдыны қалыптастырады. тақырыпқа сай әрекет етеді, яғни дыбысталған мәтіннің мағынасын ұғындыру үшін пайдаланады. Екінші дағды – оқылым. Оқылым негізгі ойды анықтау үшін , мәтіннің құрылымын, стилі мен типін анықтау үшін, сұрақ құрастыру немесе жауап беру үшін, қосымша ақпаратты айқындап және мәтіндердің салыстыру үшін қолдану үшін пайдаланады.Үшінші дағды – жазылым. Жазылым оқу мен дыбыс бейне материалдарды, грамматикалық және сөздік нормаларды, орфографиялық қағидаттар мен пунктуациялық нормаларды және шығармашылықты қолдана отырып әртүрлі стильдегі және типтегі мәтін құру үшін қажет дағды. Төртінші дағды -айтылым. Айтылым дегеніміз - адамдармен қарым-қатынасқа түскенде ойымызды жеткізу үшін пайдаланамыз. Айтылымның ішкі дағдылары:  сөздерді қолдана білу,  дыбыс үндестігіне  сай айту, стиль түрін қолдану, ым-ишара, мимика қолдану, интерактивті стратегиялар.

     Қазіргі  таңда адамдарда көру және есту дағдысы немесе рефлекс ерекше қалыптасқан. Кез-келген адам теле экранға телміргіш, музыкаға еліткіш. Бұның бәрі қалыптасқан рефлекс екені даусыз.  Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті»-деген. Олай болса,  кітап оқитын ұлтқа айналу кезек күттірмес мәселеге айналып отыр.

«Кітап – өмірдің ең алыс және қараңғы жолдарында жарық беретін шам» деген даналардан қалған нақыл бекер айтылмаса керек. Бала болашағының жарқын болуы үшін шәкірт жүрегіне ізгіліктің шамшырағын жағу – ұлағатты ұстаздардың еншісіндегі өнегелі іс.

Электронды ресурстар:

1. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайты: www.edu.gov.kz

2. Мектеп кітапханасы және әдебиетке баулу туралы әдістемелік материалдар: www.library.kz

3. Дүниежүзілік балалар әдебиеті орталығының материалдары: www.childlit.org

4. «Балалар кітапханасы»бағдарламасы

 

Гүлайым АҚМЫРЗАЕВА,

Қызылорда облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі

Тағы да оқыңыз: