Kyzylorda-news.kz. Ата-аналардың балаларын Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде күтуіне тыйым салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын сол жерге келмей-ақ үйінде отырып көру үшін онлайн көрсетілімді ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пункттері тосқауыл таспаларымен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібінде тестілеушілердің арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл 2 метр арақашықтық ҰБТ тапсыратын аудитория ішінде де сақталады», – деді министр.

Оның атап өтуінше, коронавирустың таралу қаупін азайтуға арналған қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылады.

«Біріншіден – тест тапсырушыларды заласыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден – аяқ киімдерді арнайы заласыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшінші – еденді санитайзерлермен заласыздандыру. Төртінші – әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші – бір жолғы қолданылатын жаңа маскалар беру. Жалпы, бас санитарлық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерде сақталатын болады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу кезінде түрлі гаджеттерді, байланыс құралдарын, шпаргалкаларды, әдебиеттерді кіргізуге тыйым салынады.

Тағы да оқыңыз: