Kyzylorda-news.kz. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтардың дербес деректеріне қатысты құқығының бұзылу фактілері бойынша тексеру жүргізеді.
Азаматтар жеке деректерінің заңсыз жария болу фактілерін анықтаған жағдайда министрлікке хабарласып, арнайы тексеру жүргізуін сұрай алады. Ол үшін moap@mdai.gov.kz электронды поштасына хат жолдап немесе «Электронды үкімет» порталындағы министрдің жеке блогына жазуына болады.
«Өтініш берген кезде әкімшілік құқық бұзу белгілері бойынша мәліметтер жеткілікті болуы керек: растайтын материалдар, құқық бұзу субъектісі туралы ақпарат және мерзімі. Аноним өтініштер қаралмайды. Министрлік өз кезегінде құқық бұзушыға қатысты тексеру жүргізеді. Әр тексеру ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде тіркеуден өтеді және кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және ҚР ӘҚБК сәйкес жүргізіледі» делінген хабаралмада.
Факт расталған жағдайда әкімшілік жаза қолдану туралы шешім шығады.
Бұл ретте уәкілетті орган шағын бизнеске 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін жоспардан тыс тексеру жүргізбеу туралы мораторийге қарамастан, шағын бизнес субъектілеріне тексеру жүргізбей-ақ әкімшілік іс қозғауға құқылы. Ең бастысы, құқық бұзу фактісін растайтын қажетті материалдарды толық ұсыну.