Kyzylorda-news.kz. 2020 жылдың көктемі бұрынғыдан өзгерек басталды. Жер Ана көкке малынғанымен, адамзаттың басына қара бұлт үйірілді. Күн жадырап шыққанымен, көше тастанды қаланың күйін кешті. Қар еріп, жылғалап аққан су, көктемгі егінге дайындықты ойлауға емес, алдағы күннің не боларын болжай алмайтын халге жетті, Қызылорданың көңіл күйі қыстың ызғарынан да қатал күйге енді.
Әлемді коронавирус жайлап, пандемия жарияланды. Күн сайын өлім саны көбейіп, мыңдаған адам індеттің құрығына түсіп, төсекке таңылды. Жақынының қазасына жете алмаған жұрт, пәтерінен шыға алмай қалған тұрғын, дәрменсіз күй кешкен халық сансырап қалды. Балалар бақшаға, оқушылар мектепке бармады. Үйге қамалған баланың ермегі ұялы телефон болды, сабағы ватсаппен беріліп, қосымшасы Білім лендпен оқытылды. Баланың жаны жабырқамасын деп бабын табуды ойлана бастадық. Тығырықтан шығар жол іздедік. Оқушының онлайн білім алуына, ата-ананың қашықтықтан жұмыс істеуіне мүмкіндіктің қажеттігі туды. Жан-жақты саралай келе, мүмкіндіктерін зерделей отырып, байланыс желілерін жілікше шақтық. Тоқтам біреуіне тоқталды. Көпшіліктің сұранысына сай, «Қазақтелеком» таңдалынды. Менің отбасымның да таңдауы осы болды.
***
– Қайырлы күн, «Қазақтелеком» тыңдап тұр. Қандай көмегіміз қажет?
– Сәлеметсіз бе, мен Сіздердің қызметтеріңізді пайдаланып, үйіме интернет желісін орнатсам деп едім.
– Әрине, қуаныштымыз. Елімізде жайлаған індетке байланысты «Қазақтелеком» АҚ қызметтерін қосуға ниеттенген жаңа тұтынушылардың рекордтық саны өтініш білдіріп жатыр. Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қызмет көрсету желісінің нүктелерін уақытша жауып, онлайн қызмет көрсетудеміз. Ол үшін тапсырыс жасасаңыз болады.
– Тұтынушылар көп болса, менің өтінішімнің орындалмауы да мүмкін бе?
– Әрине, жоқ. Өтініштер көп түскенімен, ешқайсысы да жауапсыз қалмайды. Міндетті түрде, тексеріп, бар мүмкіндікті жасаймыз.
– Рақмет.
***
– Анашым, бұл нее? – деп тұтқасын тосырқай ұстап, телефонды төңкере қарап шыққан 7 жасар қызымның таңқалып қойған алғашқы сұрағы осы болды.
Баламның сұраулы жүзіне қарап, асықпай түсіндіруге тырыстым. Бір ойым болса, балалық пен жастық шақты шарлап кетті. Көз алдымнан ата-ана, бауырмен телефон арқылы жөн сұрасып, бір бөлмеден келесі бөлмеге шұбатылған сымын сүйретіп жүрген кездер, алыс-жақын елдермен байланысу үшін тұрған ұзын-сонар кезек еске түсті.
***
Иә, жылдармен бірге жаңашылдықта еніп келеді. Байланыс құралдары да өзгерді. Көш бастаған мемлекеттермен бірге цифрлық технологиялар дами түсті.
Індеттің ылаңы өткенді еске салды. Осындайда бүгінгіні пайымдау арқылы ертеңгіге сенімділік берді. Халық абдырамай, жұмыс істеудің жолын іздеді. Мен секілді «Қазақтелекомды» таңдағандар саны өткен жылдың наурызынан бастап жыл соңына дейін 4600 өтініш білдірген. Яғни……..
Расымен, жұмыс, оқу онлайн режимге көшіп, байланыс қызметтеріне сұраныс артты. “Карантиндік” айларда “Қазақтелеком” қызметтеріне қосылулардың негізгі көлемі кең жолақты қолжетімділік қызметтеріне қатысты болды, себебі бір пәтердің ішінде тіркелген бір модемге қанша гаджетті қосуға болады, және бұл ұялы құрылғыдан Интернетті таратуда сигнал сапасы тұрғысынан арзан әрі сенімді еді.
Жалпы, телекоммуникация қызметтерін қосуға ниет білдірген азаматтардың өтініштері өңірлік қызмет көрсету желілері мен белсенді сауда орталықтарында қаралды, содан кейін 24 сағат ішінде Телекоммуникация желілерін дамыту орталығының мамандары абоненттерге қосылған қызметтердің техникалық мүмкіндігін және қосылуын анықтады. Қызметкерлердің айтуынша, бұрын екі-үш айдың ішінде атқарылатын жұмыс көлемі жанкешті еңбектің арқасында бір айда тез бітіп жатты. Жоғары кәсібиліктің нәтижесінде «Қазақтелеком» еш тығырықсыз жұмысын реттеді, абоненттерінің де ақпараттық вакуумда қалып қоймауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
«Қазақтелекомдықтар» медицина саласына да қол ұшын созды. Вируспен бетпе-бет кездесіп, алғы шепте аурумен алысқан медицина саласы қызметкерлеріне жақсылығын аямады. Айлап үй бетін көрмей, бастарын қатерге тіккендерді ынталандыруға күш жұмсады. Пандемия кезінде Қазақтелеком бес мыңнан астам қазақстандық дәрігерді тегін ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз етті. Бұл бастама 90 күнге жалғасты.
Осы орайда, айта кету қажет, жақсылықтың жалғасы ретінде «Қазақтелеком» іске қосқан «Онлайн-медицина» қызметі де көп көмегін тигізуде.
Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазған мәліметіне сүйенсек, аталмыш қосымшаны тұрақты қолданушылар қатары бүгінде 50 000-нан асқан екен. Онда «осы статистиканың өзі қосымшаның халық арасында өзекті екендігін көрсетеді. Оны пайдалану өте қарапайым. Бар болғаны, тіркелуге сұранысты telecom.kz порталына қалдырып, қосымшаны телефонға жүктеп алу. Осыдан кейін бірден қажетті дәрігердің кеңесін ала беруге болады. Басқаша сөзбен айтқанда, қосымшаны жүктеу арқылы, дәрігерді қалтаңызға салып аласыз. Мұндай қызметтің қажеттілігі әсіресе былтырғы пандемия кезінде қатты білінгенін айтқым келеді. Коронавируспен күрес кезінде көптеген мемлекеттік және жеке ауруханалар да карантинге жабылып, «қатардағы» науқастар әп-сәтте кімге жүгінерін білмей, айдалада қалғандай күй кешті. Бұл қызмет түрі әсіресе ауыл халқы үшін пайдалы екені белгілі. Қазіргі кезде Қазақстандық мықты дәрігерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр», – делінген екен.
Жақында «Онлайн-Медицина» қазақ тілінде де қызмет көрсететіні қуантады.
Шалғай ауылдарда да «оптика» келгелі тірлігі жанданып жатыр. Қаншама ай күтіп, қанша уақытын босқа өткізетін күндер артта қалды. Интернет деген заманның сиқырлы желісі санаулы сәтте меселіңді қайтармай, мәселеңді шешіп беріп, жұмысты жеңілдетіп жіберді.
Өздеріңізге белгілі, «Қазақтелеком» ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстарын 2018 жылы бастап, екі жыл бойы тоқтаусыз жүргізді. Былтыр желтоқсанда жоба бойынша жоспарланған ең соңғы нүктені Түркістан облысында іске қосып, жобаны аяқтады.
Барлық өңірде бір мезетте басталып, бір кезеңде қатар жүргізілген құрылыс жұмыстарының арқасында 14 514 шақырымдық оптика желісі қысқа мерзім ішінде тартылды. Талшықты-оптикалық байланыс желісі 828 ауылдағы 2496 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйымға қосылған. Бүгінгі таңда тартылған оптиканың негізінде тұрғын үйлерге де интернет жүргізілуде. Ол үшін интернетті көп нүктелі сымсыз желі арқылы таратып, радио көпір ұйымдастыратын бірегей технологияны қолданады.
***
Жұмыста компьютерде мәтін жазып отырып, ұялы телефоныма қалалық нөмірден қоңырау түсті.
– Тыңдап тұрмын.
– Алло, анашым, біз мектептен келдік.
– Қазір барамын.
– Анашым, «Қазақтелекомнан» хабарласты. Ақша төлесін дейді. Ал мен ол ағаға, Сіздерге рахмет айтамын дедім.
– Не үшін қызым?
– Әкем мен анама хабарласуға мүмкіндік бергеніңіз үшін!
– Рақмет…
Гүлнұр Бейбітбекқызы