Kyzylorda-news.kz. Жалағаш аудандық сотында «TrueConf» мобильді қосымшасының көмегін пайдалана отырып, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттік орган белгілеген режим талаптарын бұзу фактілері бойынша 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Іс-құжаттарына сәйкес, кент тұрғыны азамат Д. Жалағаш ауданында карантин жарияланып, аудан аумағы бойынша кіруге және шығуға тыйым салынғанына қарамастан төтенше жағдай режимін бұзып, автокөлігімен санитариялық бекетке себепсіз келіп, тосқауыл бекеттен заңсыз өтуін талап еткені үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6,9-тармақшасымен кінәлі деп танылып, соттың қаулысымен 2 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Сонымен қатар, тағы 1 әкімшілік іс бойынша төтенше жағдай кезінде азаматтардың негізсіз тұрғын үйден шығуына және автокөліктерімен жүруіне шектеу салынғанына қарамастан, азамат Б.-ның такси қызметін жасағаны анықталған.

Сот қаулысымен азамат Б. ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармақшасымен кінәлі деп танылып, 1 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Жалағаш кент тұрғыны Н. спирт ішімдігін ішкен күйде, тұрғылықты үйінен негізсіз, маскасыз шығып, карантин талаптарын бұзған. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармақшасымен кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Сот қаулылары заңды күшіне енбеген.

Тағы да оқыңыз: