Kyzylorda-news.kz. Тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайдалуға беруге тыйым салынады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көрсетілген проблемаларды ескере отырып, реттеушінің рөлін, яғни біздің министрлікті күшейтуді ұсынып, тиісті заңнамаларға өзгертулерді енгізбекпіз. Біріншіден, сапалы шешім әрі бақылау міндеттерін атқару үшін телекоммуникация желілерінің бас схемасын әзірлейміз. Бұл ақпаратты министрлікке операторлар автоматты түрде беруі қажет», – деді министр цифрландыру тақырыбы бойынша Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Екіншіден, ведомство интернет сапасына қойылатын талаптарды белгілейді және көрсетілген қызметтердің сапасына бақылауды күшейтпек.

«Сонымен қатар, радиожиіліктерді бөлудің жаңа стандарттарын бекіту керек. Тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайдалуға беруге тыйым салатын боламыз. Ұялы байланыс ұйымдарына бөлінген радиожиіліктер үшін төлемақының жылдық мөлшерлемесін 90 пайызға қысқарту арқылы ауылдық елді мекендерде кең жолақты ұтқыр байланыс желілерін салуға арналған қаражатты қайта инвестициялау мақсатында салықтық преференциялар беруді ұсынудамыз», – деді Б. Мусин.

Министрдің сөзіне қарағанда, салалық заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар сомасын ұлғайту ескеріліп отыр.

Тағы да оқыңыз: