Kyzylorda-news.kz. Шекараның жабылуы отандық туризм бизнесін тұралатты. Шабаданын сайлап саяхатқа асыққан жандардың да жоспарын бұзды.

Туртоптамаға сұраныс төмендеген осы шақта Қызылордадағы 8 агенттіктің біреуі ғана нарыққа қайта оралды. Ал жүздеген сырбойылық демалысқа алдын ала төлеген қаржысын қайтара алмай әуре.

Айсалбаевтар отбасы Түркияға барып тынығуды екі жылдан бері жоспарлап жүрген. Ағымдағы жылдың қаңтарында алғашқы жарнасын төлеп, жазғытұрым теңіз жағасында қыздырынып жатқандарын елестетіп те қойған. Наурыз айында күшіне енген шектеулерге байланысты құмды жағалаулар, думанды кештер көзден бұл-бұл ұшты.

«Алып ұшып алты ай бұрын тапсырыс беріп қойғанбыз. Туртоптама құнының 30%-ін төлеп жібердік. Жаһанды жайлаған індет отбасылық жоспардың күл-талқанын шығарды. Енді ақшамызды қайтара алмай турфирманың есігін аңдып жүрміз», – дейді қала тұрғыны Қайрат Айсалбаев.

Алдын ала броньдауға төленген ақшаның қайтымы қиын. Тұтынушылардың салымын агенттіктер туроператорларға жолдайды. Олар қаржыны әуе компаниялары мен қонақүйлерге аударады. Солай ізі сиырқұйымшақтанып кете береді. Туристік фирма өкілдерінің айтуынша, туроператорлар тұтынушыға балама бағыттар ұсына алмаған жағдайда ғана қаражат қайтарылады.

«Қазір қозғалыс шектелді, саяхатшылар нөпірі жоқ. Сондықтан сапардан бас тартып, ақшасын кері қайтарғысы келетін азаматтардың сұрауын біз өтей алмай отырмыз. Жергілікті туроператор басқа нұсқа ұсына алмайды. Бұл рейс толығымен Қызылордадан алынып тасталады. Дегенмен, төлемді қайтаруға қатысты шаралар қабылдап жатырмыз», – дейді туристік агенттік директоры Перизат Әбілқасымова.

«Бұл кезеңде жұмыс қызып, үлгірмей жататынбыз. Түнгі 11-12 ге дейін құжаттар рәсімдейтінбіз. Қалыптасқан жағдайға орай қазір меңіреу тыныштық. Қолдан келері тек күту», – дейді туристік агенттік менеджері Елена Ким.

Күрделі жағдайды реттеуге мемлекет араласуы тиіс. Бұл жергілікті турагенттіктердің ұсынысы, жанайқайы десек те болады. Дербес субсидия, жеңілдетілген несие және чартерлік рейстердің бағасын түсіру отандық турбизнеске ауадай қажет.

«Хабар 24»

Тағы да оқыңыз: