Kyzylorda-news.kz. Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық Олимпиадасында қазақстандық оқушылар 40 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Ел құрамасының қоржынында 5 алтын, 13 күміс және 22 қола медаль бар.

«Халықаралық зияткерлік жарысқа әлемнің 38 елінен жүздеген оқушы қатысты. Олардың арасында Жапония, Аустралия, Канада, Сингапур, АҚШ, Аргентина, Гонконг, Индонезия, Малайзия, Мексика, Катар, Корея, Түркия және т.б. елдері бар.
Алтын медальдарды Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай және Қарағанды қалаларының оқушылары жеңіп алды. Ал жүлдегерлер – Ақтау, Атырау, Қызылорда және Павлодарлық мектептердің оқушылары. Жарысқа Қазақстанның атынан еліміздің әр өңірінен 131 оқушы қатысты», – делінген хабарламада.

Олимпиада жүлдегерлері IMO халықаралық олимпиадасына қатысу үшін Қазақстан құрамасына кіру мүмкіндігіне ие болады.

Оқушылар Қазақстанды халықаралық аренада лайықты көрсете алуы үшін Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» орталығы ел ішінде түрлі деңгейлерде көптеген олимпиада өткізеді.

«Біз академиялық адалдықты қолдаушылармыз, сондықтан конкурстар мен олимпиадаларды өткізу үшін камералар алынды, олимпиадалар әділ және адал болу үшін электронды форматқа ауыстырылды. Былтыр біздің оқушылар ірі халықаралық олимпиадаларда рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, атап айтқанда, 26 медаль жеңіп алды», – делінген министрліктің таратқан хабарламасында.

Тағы да оқыңыз: