Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан 4 жастағы бала құлап кетті.
Оқиға Желтоқсан көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің бірінде орын алды.
«Негізінен, мұндай жағдай бала қадағалаусыз қалуы себепті болады. Салдарынан былтыр 10 бала терезе және балконнан құлап кеткен. Оның 2-еуі көз жұмды. Биыл мұндай бір жағдай тіркеліп отыр. Мұндай оқиғаның туындауына ата-ананың баланы бақылаусыз қалдыруы, терезеде уақытша бекіткіш торлардың болмауы себепші. Кейбір азаматтар балалардың терезе алдында ойнауына назар аудара бермейді», – делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, қаладағы көпбалалы және жалғызбасты 7 отбасыға 10 шектеу құрылғысы (блокиратор) орнатылды. Оған «Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалы демеушілік көрсетті.