Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасы мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» агенттігінің облыстық департаментінің бірлескен «Мемлекеттік сатып алудағы жылдық жоспарды бекіту және баға саясаты» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңеске облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» агенттігінің облыстық департаментінің бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова, Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Талгат Исмагулов, Қызылорда облысының ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылау бөлімінің бас маманы Болат Азретәли, ревизиялық комиссия және білім беру ұйымдарының басшылары мен мемлекеттік сатып алу бойынша мамандары қатысты.
Мемлекеттік сатып алудағы жылдық жоспарды бекіту және біркелкі баға саясатын ұстануға арналған семинар-кеңесті облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жүргізіп отырды. Басқарма басшысы кеңесте білім беру саласында мемлекеттік сатып алудан біршама қателіктер кетіп жатқандығын ашып айтты.
«Қателіктерді болдырмау мақсатында бүгінде үздіксіз түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Уәкілетті орган өкілдерімен білім басқармасына қарасты қала және аудандық білім беру ұйымдары өзара ақпарат алмасып, заң нормаларына қатысты жаңалықпен бөлісу, мүмкіндігінше тәжірибе алмасу қажет», – деді Ақзира Қасымова.
Сонымен қатар жиында спикерлер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылық талаптарының сақталуы мен жұмыстар, тауарлар және көрсетілетін қызметтер бойынша талаптардың өзгерістеріне байланысты баяндамалар жасап, оңтайлы жұмыс үйлестіру жайлы ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңы семинарға қатысушылардың сұрақ-жауап алсасуымен жалғасын тапты. Білім беру ұйымдарының басшылары мен мемлекеттік сатып алуға жауапты мамандар түрлі тақырыптарда өз сауалдары мен ұсыныстарын айтып, спикерлермен тәжірибе алмасты.