Kyzylorda-news.kz. Қандай да бір болмасын мемлекеттің қалыпты өмір сүруінің маңызды және міндетті элементтерінің бірі қоғамдық тәртіп болып табылады. Бұл элементтің тұрақтылығын қалыптастырмай мемлекеттің, қоғамның тыныс-тіршілігін елестету мүмкін емес. Сондықтан, қоғамдағы шиеленісті болдырмау, азаматтардың бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзушылықпен күресуге бағытталған әкімшілік-құқықтық шаралар жүйесі жұмыс жасайды.
Сырдария ауданында сол қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында тиісті жұмыстарды атқарып, ел тыныштығын сақтауда қызмет жасап жүрген аудандық полиция бөлімінің сақшыларымен арнайы мәжіліс өткізілді.
Мәжіліске Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, аудан прокуроры Асқар Кемалов, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Мәжілісте аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев «Сырдария аудандық полиция бөлімінің 2022 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстары туралы» есебі тыңдалды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Аманқұлұлы полиция бөлімінің бастығы берген есепке қатысты және өсім алған қылмыс түрлеріне байланысты ескертпелерін жеткізіп, Өз тарапынан тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар, аудан әкімдігімен бірлесіп шешілетін мәселелерге тоқталып, ұсыныстарын айтты.
«Айтылған ұсыныстар бойынша тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз. Ортақ мүдде ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау. Бұл бағыттағы жергілікті атқарушы органның жұмыстары тоқтамайды. Аудан әкімдігі әрдайым ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, аудан тұрғындарының құқықтарын қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосуға дайын екендігін жеткізгім келеді. Біздің елімізде әр адам өз құқықтары мен бостандықтарын ішкі істер органдары арқылы қорғауға құқылы. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі қашанда басты назарда», — деді Мұрат Ергешбаев.
Аудан әкімі облыстық полиция департаментінің бастығы Қожабаев Мұхтар Аманқұлұлына ауданға келіп, есеп беруге арнайы қатысқаны үшін алғысын білдірді. Жалпы, аудандық полиция бөлімінде 77 штаттық бірлік енгізілген. Оның 70 орта және аға басшы құрам, 7 қатардағы және кіші басшы құрам. Аудан бойынша барлығы 15 учаскелік полиция тірек пункті бар. Сырдария аудандық полиция бөлімінің теңгеріміндегі тірек пунктінің саны 3-ті құрайды. Биылғы жылдың 8 айында жалпы тіркелген қылмыстардың саны 77, өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға төмендеген.