Kyzylorda-news.kz. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы жолдар дирекциясының эксплуатация жүйесі бөлімінің басшысы Мадияр Айтбаев кейбір жүргізушілер ақылы жол құнын төлемей өту үшін қандай әрекеттерге баратынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1403 Call-орталығының қызметкерлері 24/7 режимінде жұмыс істейді. Біздің мамандар жолға қатысты барлық өңірден келіп түскен сауалдарға тәулік бойы жауап береді. Сонымен қатар орталық қызметкерлері ақылы жолдардағы көлік қозғалысын онлайн бақылап отырады. Мақсат – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңбұзушылыққа жол бермеу. Ақылы жолдарда тәртіпті бұзатын жүргізушілер де бар. Мысалы, ақылы жол бекетінен өткен кезде автомобильдің нөмірін жасырады. Осылайша көлік иесі тегін жүргісі келеді. Яғни нөмірді жасырған жағдайда фото және бейнебақылау камерасы көлікті толық анықтай алмайды», – деді Мадияр Айтбаев аталған компания ұйымдастырған БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында.

Оның айтуынша, жол ақысын төлеу бекетіне жеткенде көлік нөмірін шешіп алатын жүргізушілер де бар.

«Әрине, біздің мамандар заң бұзушылыққа жол бермейді. Тәртіпбұзушылық болған жағдайда көлік иесін анықтап, жол ақысын төлеу керектігін ескертеді. Ақылы жол құнын төлемей жүргісі келетін жүргізушілер баршылық», – дейді ол.

Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұсынған дерекке сүйенсек, «1403» call-орталығының қызметкерлері 3 жылдың ішінде азаматтардан келіп түскен 230 мыңға жуық өтінішті қарастырған.

Тағы да оқыңыз: