Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық мәслихаттың кезекті VI сессиясында Қызылорда облысындағы жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов баяндама жасап, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау бағытында талаптар күшейтілетіндігін мәлімдеді.

Аталған Қағидаға түзетулер ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың Үлгілік қағидаларына енгізілген өзгерістер негіздеме болды.
Ендігі кезде, Қағидаға енгізілген өзерістер бойынша:

1) Ағаштарды заңсыз кесу, жою, бүлдіру немесе жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзған жеке немесе заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартыла отырып, 20 есе мөлшерде өтемдік ағаштарды отырғызуға міндетті. Ал, ҚР Қызыл кітабына енгізілген ағаштар заңсыз кесілген, жойылған, бүлінген жағдайда ағаштарды өтемдік отырғызу мөлшері 30 есеге белгіленді;

2) Заңды және жеке тұлғалар ағаштарды қайта отырғызған кезде өтемдік отырғызу жүргізбейді. Алайда, қайта отырғызылған ағаштар солып қалуына әкеліп соққан жағдайда, 5 есе көлемдегі өтемақы белгіленеді;

3) Іргелес аумақтағы жасыл желектер жойылған жағдайда, қарамағында осы аумақ бар заңды немесе жеке тұлға өтемдік отырғызуды 10 есе мөлшерде жүргізеді;

4) Ағаштарды кесу кезінде өтемдік отырғызу аудан, қала әкімдігінің рұқсаты бойынша және (немесе) ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру кезінде кесу, ағаштарды жою немесе бүлдіру орнынан 1 километр радиуста аумақта жүргізіледі.

Бұл ретте, өтемдік отырғызу үшін кесу орнынан 1 километр радиуста бос орын болмаған кезде, өтемдік отырғызу аумағын аудан, қала әкімдігі жазбаша түрде көрсетеді;

5) Ағаштарды өтемдік отырғызу параметрлері енгізілді:

Атап айтқанда, биіктігі кемінде 2,5 метр топырақпен немесе биіктігі кемінде 2 метр топырақпен қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғызу арқылы жүргізіледі.

Сонымен қатар, көшеттердің жоғарғы тамыр жүйесінен діңінің диаметрі кемінде 3 сантиметр, дің бөлігінің 1,3 метр биіктігінде болуы тиіс.

6) Аудан, қала әкімдігінің рұқсатынсыз ағаштарды амалсыз кесуге болатын екі жағдай ғана айқындалды, бұл:

– адамдардың өмірі мен денсаулығына, ғимараттар мен құрылыстардың бүлінуіне, коммуникацияларға қауіп төндіретін ағаштардың, сондай-ақ олардың бұтақтарының құлауы;

– жол қозғалысы қауіпсіздігіне кедергі жасау, оның ішінде жол белгілерін визуалды шолуды жабу;

7) Ағаш кесу мүддесіне орай жүргізілген адамдардың ағаштарды өтемдік отырғызғаннан кейін көшеттерді 2 жыл бойы күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі іс-шаралар (кепілдік беру кезеңі) нақтыланды;

Аудан, қала әкімдігі ағаштарды өтемдік отырғызу сәтінен бастап 2 жыл өткен соң (кепілдік кезеңі) жасыл екпелер тізіліміне енгізеді.

Атап өту керек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 386-бабына сәйкес облыстық мәслихат белгiлейтін жасыл екпелердi күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзғаны үшін ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Бұл ретте, әкімшілік жазаларды полиция, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл әкімдері қолданатын болады.
Аталған өзгерістерді енгізу жөнінде облыстық маслихат депутаттары мақұлдады.

Тағы да оқыңыз: