Kyzylorda-news.kz. Бүгін «AMANAT» партиясының облыстық филиалында азық-түлік тауарларының бағаларына сараптама жүргізу жөніндегі мониторингтік топ мүшелерінің, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басшыларының қатысуымен негізгі азық-түлік өнімдері бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша арнайы жиын өтті.

Жиында қазіргі уақытта күн тәртібінен түспей тұрған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының жай-күйі қаралып, бұл бағыттағы аймақта орын алып отырған проблемалық мәселелер мен олардың шешілу жолдары талқыланды және мониторинг топ мүшелерімен мәселені шешу туралы нақты ұсыныстар айтылды.

Олардың негізгілеріне тоқтап өтсек, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағдарламасы шеңберінде барлық сауда нысандарымен меморандумдарға отыру, қаладағы ірі сауда үйлерінде «Байқоңыр» ӘКК-ның сауда бұрыштарын көбейту, оларды негізгі азық-түлік өнімдерінің барлық түрімен қамту мен бағаларды тұрақтандыру бойынша жедел желі телефондарын орналастыру және т.б. бағыттарда болды.

Сонымен бірге партия алаңында қаралған маңызды мәселе осы айда өңірімізге жұмыс сапарымен келетін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының алдында көтеріліп, ұсыныстар беріліп, кеңінен талқыланатын болады.

Айта кетейік а.ж. 27 шілдесінен бастап өңірде облыс орталығы мен барлық аудандарды қоса есептегенде құрамы 77 адамнан тұратын 10 мониторингтік топ құрылып, 84 сауда нысандарына бақылау жұмыстары жүргізілді және бұл жұмыстар алдағы кезеңдерде жалғасатын болады.
Өз кезегінде мониторинг топ мүшелері азық-түлік бағаларынан бөлек, қымбатшылыққа қарсы басқа да тауарлардың бағаларына бақылау жүргізу туралы ұсыныс білдірді. Мысалы: мектепке дайындық жұмыстары аясындағы оқуға қажетті тауарлар бағасы және т.б.

Тағы да оқыңыз: