Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен мәжілісте егін жинау жұмыстарына дайындық және мал азығын дайындау барысы талқыланды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев, қала және аудан әкімдіктері онлайн селекторлық байланыс арқылы қатысты.
Жиында облыс әкімі аяқ су тапшылығын ескере отыра, ауыл шаруашылығы саласында бірқатар маңызды міндет қойылғанын атап өтті.
“Сонғы жылдардағы судың жетіспеушілігі салдарынан облыстың шаруашылық құрылымдары қиын жағдайда жұмыс жасап келеді. Биыл да су тапшылығы қайталанып, ауылшаруашылығы өндірісіне кері әсерін тигізуде. Су тапшылығын ескере отырып, біз күріш көлемін қысқартуға мәжбүр болдық. Дегенмен суды аз қажет ететін ауылшаруашылығы дақылдары есебінен жалпы егіс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 3,9 мың гектарға ұлғайттық. Мемлекеттік қолдаудың және дихандардың еңбегінің арқасында көктемгі егін егу жұмыстары оңтайлы жүргізілді. Алда негізгі дақыл – күріштен жоғары өнім жинау міндеті тұр. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, егінді ысырапсыз, мерзімінде жинау және мал азығы қорын дайындау жұмыстарын сапалы атқаруымыз қажет”, – деді аймақ басшысы.
Отырыста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқанына дайындық барысын баяндады. Биыл облыс бойынша егінге орақ салу жұмыстары тамыз айының үшінші он күндігінде бастауды және егін жинау науқанын ағымдағы жылдың 10 қазанынан кешіктірмей аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі күнге 551,5 мың тонна шөп, немесе қажеттіліктің 71,6%-ы дайындалған.
Мұнан бөлек, 17 мың тонна жемдік астық және күріш өңдеу зауыттарынан 114,7 мың тонна күріш қалдығы өндірілетін болады. Сондай-ақ, басқарма басшысы қалған жетіспейтін жем көлемін «Азық–түлік келісімшарт» ҰК» АҚ арқылы сатып алынатынын жеткізді.
Отырыс барысында Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов Шардара су қоймасындағы су көлемі және төменге су жіберу барысы туралы айтса, аудан әкімдері қысқа мал азығын дайындау жұмыстары барысы бойынша есеп берді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына егін жинау және мал азығын дайындау жұмыстарына жеңілдетілген бағамен облысқа бөлінген дизель отынын бекітілген кестеге сәйкес мерзімінде жеткізілуін бақылауды және Арал ауданында апта сайын өтетін жәрмеңкелерге мал азығының бекітілген көлемде жеткізілуін қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жиналған өнімді уақытылы әрі тиімді пайдалануын бақылау жүктелді.
Мұнан бөлек, тиісті мекеме басшыларына жұмыстар барысы туралы уақытылы есеп беріп, сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жануарларының ауруын болдырмау және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жемдік азықтарды сатып алу жұмыстарын үйлестіру жөнінде тапсырма берілді. Ал, Арал ауданының әкімдігіне алдағы уақытта шаруа қожалықтарына жем-шөп қорын дайындауды алдын-ала жүзеге асыру қажеттігін түсіндіру міндеттелді.
“Қысылтаяң кезеңде жем-шөп дайындауға көмек көрсетіп, қолдау білдірген Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан облыстарына, көрші аудандарға алғыс айтамыз. Дегенмен, алдағы уақытта шаруаларымыз өз бетінше алдын-ала қамдану керек. Жұмыс істеу алгоритмін жасап, жүйелі дайындық шараларын ұйымдастыру қажет”, – деп ескертті аймақ басшысы.
Жиында көтерілген тапсырмалардың орындалуын бақылау және үйлестіру облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановқа жүктелді.