Kyzylorda-news.kz. Құрметті спортшылар! Спорт саласының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала” деп, спортқа баса көңіл бөлгенін білесіздер. Соның арқасында еліміз тәуелсіз болғалы спортшыларымыз талай байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп, әлемнің түрлі спорт алаңдарында еліміздің Әнұранын асқақтатып, көк Туын аспанда желбіретті.

Спорттың адам өміріндегі орны ерекше екені сөзсіз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, жігерлі болады. Ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы десек, дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алары анық. Сондықтан, бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық дамуының басым бағыттарының бірі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында “Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс” деді.

Осы ретте, облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушыларды саны 243 078 адамға жетті. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында спорт саласы бойынша 22 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде, 9 жаңа құрылыс жұмыстары, Қызылорда қаласындағы байдарка және каноэ есу базасы, қала және аудандарда 8 жаттығу және стритбол алаңдарының құрылыстары жүргізілуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өңірде 5 дене шынықтыру кешені пайдалануға беріледі. Биыл пандемия індеті салдарынан спорт сүйер қауым көптеген спорттық жарыстарды тамашалай алмай отыр. Соған қарамастан жыл басынан бері облыс спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 254 медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында 19 медальға қол жеткізді. 5 Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 16 спорт шебері, 320 спорт шеберлігіне үміткер, 97 І разрядты спортшылар дайындалса, облыстың 670 спортшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапына енді.Сыр елі спорт саласына бар ғұмырын арнаған жаттықтырушыларымен мақтанады. Олардың арасында еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбутәліп Аманов пен ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Велорик Пак бар. Олардың шәкірттері еліміздің атын талай халықаралық додаларда танытты.

2021 жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, балуан Дәулет Ниязбеков пен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев жолдама алған болатын.

“Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” дейді халқымыз. Алдағы дүбірлі додаларда ел намысын қорғайтын Сыр спортшыларына тек жеңіс пен сәттілік тілеймін!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, Сыр спортын дамытудағы еселі еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін! Денсаулықтарыңыз мықты, шаңырақтарыңыз шуақты болсын! Жеңісті күндеріміз көп болсын! Тәуелсіз Қазақстан спорты жасай берсін!

Тағы да оқыңыз: