Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы, Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен Еңбек күніне арналған «Еңбек – елдің мұраты» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында қыркүйектің соңғы жексенбісі «Еңбек күні» болып бекітілді.
Содан бері айтулы мереке елімізде тоғызыншы рет аталып өткелі отыр. Кәсіби мерекені тойлаудағы мақсат – жастарды еңбекке үйрету, еңбекпен есімі еленген жандарды көпке үлгі ете отырып, беделін арттыру болып табылады. Сонымен қатар, жұмысшы кәсіптерін танымал қылып, жастарды өндіріс саласына тарту басты назардан тыс қалмауы қажет.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында: «Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс», — дегені белгілі.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов алғы сөзінде жиналғандарды Еңбек күнімен құттықтап, бұл мереке адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбеккерлерге көрсетілген құрметтің көрінісі екендігін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында «Облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің заң аясында сақталуын қадағалаудағы кәсіподақтарға жүктелген ерекше міндет жайлы хабарлама жасаса, Ардагерлер ұйымының Қызылорда облысы бойынша бірлестігінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және еңбек ардагері Қ. Шапшанов өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Шара аясында «Абай Дәулет» ЖШС және «HY Oil Technology Service (ЭйчУай мұнай-технологиялық қызмет)» ЖШС кәсіпорындарымен еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайын және өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын және жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Шара соңында Еңбек күніне орай еселі еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүрген бір топ азаматқа облыс әкімдігінің және кәсіподақтар орталығы атынан төсбелгілер мен алғыс хаттар табысталды.