Kyzylorda-news.kz. Ауданға қарасты Қалжан ахун ауылындағы «БАҚ» шаруа қожалығының күрішшісі Кенжетай Баймырзаев биыл алғаш рет егін екті. Ерте көктемнен осы шаруашылықтағы кәнігі диқандармен қатар кетпенін асынып, егістік танапқа шықты. Шаруашылық төрағасы Серік Әбжалиев жас еңбеккерге сенім артып, тәжірибелі диқандарға жас күрішшіге егіннің қыр-сырын үйретуді тапсырды. Соған орай, еңбексүйгіш жас шаруашылықтың маңдайалды диқандарынан қалмай жүріп, ала жаздай тыным тапқан жоқ. Соның нәтижесінде, баптамаса, егін өспейтінін білді, еңбектенбесе, жер жомарттық танытпайтынын ұқты.

Алғашқы жыл болса да жас күрішші артылған сенімді ақтауға тырысып баққан. Тынымсыз еңбектенгеннің арқасында осы күні қамбаға мол өнім құюға бекініп отыр.

“Танапта еңбек еткеннің мерейі үстем болады. Осыны білетін шаруашылық диқандары қажырлы жұмыс істеп, егіннің бап-күтімін жасады. Біз ата кәсіпті жалғастыру үшін аға ұрпақ пен жастардың арасындағы сабақтастықты қалыптастыруымыз қажет. Осыған сәйкес жас күрішшілердің егін егуіне мүмкіндік жасаудамыз. Шаруашылықтың жас еңбеккерлері өздеріне артылған сенімнен шығып, жақсы жетістіктерге жетуде. Бұл қожалық жұмысының ілгерілеуіне септігін тигізеді. Осы орайда бүгін жас күрішші К.Баймырзаевтың күріштігіне орақ түсуде”, – деді шаруашылық төрағасы С.Әбжалиев.

Шаруашылықтағы егінге орақ салу рәсіміне аудан әкімі Руслан Рүстемов, «Жан Арай» ЖШС-нің директоры Бағдәулет Махашев, «Қызылдихан» ШҚ төрағасы Алданберген Құлбаев және еңбек ардагерлері мен еңбеккерлер қатысты.

Егінге орақ салу рәсімінде аудан басшысы науқандық жұмыстардың басталуымен құттықтады.

“Осы жылы өңірімізге 1 млрд текше метр су аз келді. Соның салдарынан шаруашылықтар егістігіне су жетіспеушілігі туындады. Алайда ата кәсіпті жетік меңгерген аудан диқандары бұл қиындықты еңсеріп, егіннің бітік шығуына ерекше еңбек етті. Бұл ретте «БАҚ» шаруа қожалығының еңбеккерлері атқарған жұмысты айрықша атап өту керек. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтан «Күріш егуден рекордтық көрсеткішке жетуіңіздің сыры неде?» деп сұрағанда даңқты күрішші «Еңбек, еңбек, тағы да еңбек» деп айтқан екен. Сондықтан егістік басында ала жаздай атқарған еңбектеріңіз қайтсын. Астық мол болып, қырман тасысын”, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде «Жан Арай» ЖШС-нің директоры Б.Махашев елді жайлаған індет кезеңінде шаруашылық жұмысы тоқтамай, халыққа әлеуметтік көмектер көрсетілгенін атады. Сондай-ақ осы кезеңдерде қожалық ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтығанын тілге тиек етті. Ал «Қызылдихан» ШҚ төрағасы А.Құлбаев қос шаруашылыққа жаңа техникалар алынғанын айтты. Сондай-ақ, шаруашылықтарда «Сыр сұлуы», «Ай-Керім», «Лидер» күріш сорттары егілгенін жеткізді.

«БАҚ» ШҚ биыл 500 гертарға негізгі дақыл – күріш екті. Одан бөлек, 50 гектар жерге бидай, 105 гектарға жаңа жоңышқа орналастырған. Ал 150 гектар ескі жоңышқаның өнімі бүгінде жиналу үстінде. Осы жылы шаруашылықтарға «Glaas» комбайндары мен «Беларусь» тракторлары алынған.

Тағы да оқыңыз: