Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айқындалған басымдықтарды түсіндіру мен насихаттауға және оны жүзеге асыруға арналған актив жиыны өтті.
Активке аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, аудан ардагерлері, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері және онлайн форматта кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің барлық үш билік тармағы, қоғам мүшелері үшін алдағы уақыттағы дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындады. Жолдауда көрсетілген міндеттер қоғамдық өмірдің барлық салаларын нақты қамтумен ерекшеленді. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауы – болашаққа бағдарланған өрлеуді, жаңаша дамуды көздейтін бағдарламалық құжат.
Актив жиынында аудан басшысы Мұхтар Оразбаев осынау маңызы зор Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты сөз қозғады.
«Президент өз Жолдауында пандемия кезеңінде әлемдік дағдарыстан шығудың даңғыл жолын дер кезінде атап көрсетті. Жаңа құжат 11 басым бағыттан тұрады»,- дей келе, маңызды құжаттың негізгі міндеттеріне жеке-жеке тоқталып, жолдаудан туындайтын бірқатар шараларды жүзеге асырудың жолдарын ұсынып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Актив отырысында аудандық мәслихат хатшысы Д.Мадинов, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы С.Нұрғалиев, аудандағы медицина саласының кәсіподақ ұйымының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты А.Асанбаев және №83 қалалық орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ш.Сарманова баяндама жасап, Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша баяндама жасап, өз ой-ұсыныстарын айтып, қолдау білдірді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі сөз соңында Жолдауда берілген басым бағыттарды орындауға жұмыла кірісіп, сапалы жұмыс атқаруға шақырды.