Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (тузету) мектеп-интернатында болып, ондағы «Цифрлық түзету» пилоттық жобасын дамыту бағытындағы жұмыстармен танысқан болатын.
Басқарма басшысы жоба аясында қаладағы IT-мектептер, Жасыл мектеп тәжірибелерін интернатқа енгізу қажеттігіне тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Осы орайда №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (тузету) мектеп-интернатының мұғалімдері мен оқушылары қаламыздағы Серғали Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейіне келіп, IT бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен жақынырақ танысты. Мектеп интернатының оқушылары мен мұғалімдері STEM, робототехника кабинеттерінің, коворкинг орталығының, телестудияның жарқын жобаларын көріп, тәжірибесін толықтырды.
Сонымен қатар мектептегі ақпараттық технология аясындағы жұмыстарға қызығушылығын білдіріп, IT START өзін-өзі басқару ұйымының оқушыларымен пікір алмасты.
Семинарға қатысушыларға IT бағдарламаларды пәндерде қолдану тиімділігіне сәйкес, пән мұғалімдерінің әдістемелік, жаңашыл тәжірибелері таныстырылып, PADLET тақтасының мүмкіндігі, математика сабағында Geogebra бағдарламасын қолдану, Wordwall платформасы арқылы тапсырма құрастыру сынды презентациялар көрсетілді.
Айта кету керек, 3 IT мектеп-лицей цифрлық мектеп моделін құруда айқын мақсаттар жоспарымен табысты еңбек етуде. Цифрландыру идеясын іске асырудағы мектеп жұмысын автоматтандыру, бағдарламалау мектебінің тиімділігін арттыру, ІТ бағдарламаларды пәндерде қолдану мүмкіндігін дамыту секілді 3 негізгі бағытта жұмыс жасауда.
Тәжірибе – жарқын жоспарлар мен ауқымды жұмыстарға бағыт берер күш. Бұл мақсатта әріптестердің әдістемелік қолдауы пилоттық жобаның нәтижелі іске асуына мүмкіндік берері айқын.