Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы жанынан құрылған республикалық штабтың мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл және Геннадий Шиповских референдумның маңыздылығын түсіндіру мақсатында Ақай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Ауылдық округ тұрғындарымен кездесу барысында республикалық штаб мүшелері Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш рет өткізілетіндігі және оның мақсаты мемлекеттік басқару механизміне өзгерістер енгізуге және саяси, құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталғаны туралы атап өтті.
«Референдум – Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған реформаларды халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту. Егер олар қабылданса, еліміз өзінің саяси дамуының келесі деңгейіне өтеді. Өйткені реформа отандық, құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «АMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық штаб мүшесі Геннадий Шиповских Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі екенін айтты.
«Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Егер халық өзгерістерді қолдаса, біз Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам», – деді ол.
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары депутаттарға өз ықыластарын білдіріп, жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдайтынын және Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құру жолында мемлекетке үлкен сенім артатынын жеткізді.