Kyzylorda-news.kz. Індет ошағында дәрігерлер жетіспей жатыр. Ухань қаласындағы коронавирус індетінің ошағында жұмыс істеп жатқан қытай дәрігерлері әжетханаға баратын уақыттың жоқтығынан ересектерге арналған жаялықша киюге мәжбүр. Бұл туралы Washington Post хабарлады.
Басылымның жазуынша, науқастардың көптігінен дәрігерлер күндіз-түні кірпік қақпай жұмыс істеуге көшіпті. Дәрігерлерден бөлек барлық ауруханада дәрі-дәрмек, медициналық бетперде мен қорғаныш киімдері жетіспей жатыр.
Ухань ауруханасында істейтін бір хирург жергілікті Weibo әлеуметтік желісіне: «Үстімізге киіп жүрген қорғаныш киім ең соңғы болуы мүмкін екенін білеміз, сол себепті оларды жоғалтып алудан қорқамыз», – деп жазған.
Коронавирус адамдарды осы індеттен емдеп жатқан дәрігерлердің де өмірін жалмауға көшті. Бұған дейін Ухань қаласында 62 жастағы Лян Удун есімді дәрігердің ауру жұқтырып өлгені белгілі болса, енді дамыл таппай жұмыс істегеннің кесірінен жүрек талмасынан дәрігер Цзян Цзицзюнь көз жұмған. Адам нөпіріне және жұмыстағы жағдайға шыдамаған дәрігерлер жүйкесінің тозғанын, тіпті психологиялық көмекке зәру екендерін де айтып жатыр.
1 жарым миллиардқа жуық тұрғыны бар Қытайда жалпы тәжірибелік рұқсатқа ие небәрі 60 мың дәрігер жұмыс істейді екен. Бұл елдегі медицина қызметкерлерінің жалпы санының 3,5% ғана.