Kyzylorda-news.kz. Боксшы Жанқош Тұраров мені зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлінің қорғаушысы іске қатысты тың деректерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңгер Ләззат Ахатова желідегі парақшасында Жанқош Тұраровқа қатысты іс бойынша жәбірленуші Әнару Қалдыбекқызының ресми қорғаушысы екенін мәлімдеді.
Қорғаушының айтуынша, іс бойынша шиеленіскен жайттар өте көп. Заңгер Әнаруға бұндай қадамға бару оңайға соқпағанын, қатты күйзелісте жүргендіктен, сұқбатта ойын жинақтай алмай, көп нәрсені айта алмағанын атап өтті.
Адвокат Ләззат Ахатова Жанқош Тұраровтың 2014 жылы тағы бір қызды зорлағаны туралы ақпарат жариялады. Заңгердің айтуынша, бұл туралы зорланған қыздың өзі хабарласып, айтып берген.
“Жанқош Тұраров 2014 жылы тағы бір қызды дәл Әнару сияқты алдап, қонақүйге апарып, дәрі беріп, зорлаған екен. Ол қыздың боксердан бір қызы бар боп шықты. Бұл жағдай Тұраров үйленбей тұрғанда болған. Келіншектің өзі шықты бізге. Барлық жағдайын айтып, Әнаруға қолдау білдірді. Бұдан бөлек, 2006 жылғы бір қызды да дәл осы әдіспен құрығына түсірген деген мәлімет жетті. Тек қыздың кім екенін әзірге анықтай алмадық”, – делінген жазбада.