Kyzylorda-news.kz. Forbes – 2019: Жылды сәтті аяқтаған 5 миллиардер vs жолы болмаған 5 миллиардер 2019 жыл әлемнің байлары үшін сәтті жыл болды. Forbes сайтының хабарлауынша, биыл әлемдегі 5 миллиардердің қалтасы 112 миллиард долларға қалыңдаған. Басылым жылды сәтті аяқтаған бес миллиардер мен жолы болмаған 5 миллиардердің тізімін жасады.
2019 жылы дәулетін арттырған миллиардерлер
Бернар Арно
Бернар Арно 2019 жылдың ең бай адамы атанған. 1 жылдың ішінде оның табысы 40 миллиард долларға артқан. Сөйтіп, жалпы байлығы 107,7 миллиард долларға жеткен. Бернар Арно қазіргі уақытта 40-тан астам брендке ие.
Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг жылды сәтті қорытындылаған қалталылардың қатарында. Оның байлығы 72 миллиард долларға бағаланған.
Айта кету керек, былтырғы тізім бойынша сәтсіздікке ұшыраған миллиардерлер тізіміне енген Цукерберг 2018 жылы шығындалған 18,7 миллиард доллардың орнын биыл 22,1 миллиард доллар етіп толтырған.
“Қазіргі сәт – әлеуметтік тенденциялар кезеңінің басы. Менің компаниям да сөз бостандығы үшін күресте шешуші рөл атқарады”, – деген Цукерберг мақтанышпен.
Zara компаниясының негізін қалаушы Амансио Ортега (жалпы байлығы 74,9 млрд доллар) биыл бизнесі үшін сәтті болған миллиардерлер арасында үшінші орында тұр. Сондай-ақ, Амансио өткен жылы шығындалғаннан соң, сатылымын 34 пайызға арттырып, дәулетін 17,3 миллиард долларға көбейткен.
Бұл тізімге 16,3 миллиард доллар пайда көрген Microsoft корпорациясының бұрынғы директоры Стив Балмер (жалпы байлығы 56,3 млрд доллар) төртінші, ал, 19,1 миллиард долларға қалтасын қалыңдатқан үнді кәсіпкері Джио Мукеш Амбани (жалпы байлығы 61,4 млрд доллар) бесінші болып енген.
2019 жылы жолы болмаған миллиардерлер
Тізімнің басында Үндістандағы екінші бай адам Азим Премжи тұр. Ақпараттық технологиялар компаниясына иелік ететін Азим Премжи 2019 жылы 14,1 миллиард доллар шығынға батып, жалпы байлығы 7,2 миллиард долларға түсіп қалған.
Джефф Безос пен жұбайы Маккензи
Өткен жылдың ең бай адамы атанған Amazon компаниясының иесі Джефф Безос биыл шығындалған миллиардерлер қатарында. Себебі, 25 жыл бірге тұрған әйелінен ажырасу оған біраз қымбатқа түскен. 13 миллиард долларға шығындалған Безостың байлығы 2019 жылдың қорытындысы бойынша 109,7 миллиард доллар.
Үндістандық Essel Group медиахолдингтің төрағасы Субхаш Чандра үшін 2019 жылы қиын кезең болды. Қаңтарда Essel компаниясын Үндістандағы алаяқтықтарды тергеу басқармасы күмәнді транзакциялар үшін сотталған компаниямен байланысы бар деп мәлімдеді. Essel Group бұл айыптауларды жоққа шығарды. Қаңтардың басынан бастап Essel медиа-компанияларының бірі Zee Entertainment Enterprises акцияларының бағасы 41 пайызға төмендеді. Ал Субхаш Чандра 3,4 миллиард доллар шығындалып, жалпы байлығы 660 миллион долларға түсіп кетті.
Uber компаниясының бұрынғы директоры Тревис Каланик (жалпы байлығы 2,8 млрд долларға төмендеген) 3,1 миллиард доллар жоғалтып аталған тізімде төртінші орынға іліксе, сауда орталықтарын құрумен айналысатын Ян Чжи (жалпы байлығы 2,1 млрд долларға төмендеген) 1 жылда 3 миллиардқа шығындалып бестікті қорытындылаған.