Kyzylorda-news.kz. Рубик кубигін жылдамдыққа құрау – ол өз алдына жеке спорт. Ал осы түрлі түсті шаршыдан картина жасау – бұл өнер. Спидкубинг саласында үздік атанып, қазіргі уақытта Рубик кубигінен бірнеше картина жасаған алматылық студентпен жүргізілген сұқбатты назарға ұсынамыз.
Асан Айбар Нұрқұланұлы. Жасы – жиырмада. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің маркетолог мамандығы бойынша 2-курс студенті. Ол Тәуелсіздік мерекесіне арнап “Барыс” картинасын, Абайдың 175 жылдығына орай “Абай” және Тұңғыш Президент күніне “Елбасы” портреттерін Рубик кубигінен жасап шықты.
Спидкубинг спорты жайлы. “Бәрі былай басталды”
2012 жылдың жазынан бастап Рубик кубигін құрауға қызыға бастадым. Бәрі былай басталды. Ойыншықтарымның арасында түрлі түсті Рубик кубигі жататын. Бірақ оны мүлде қолға алмайтынмын. Бір күні осы ойыншыққа қарап, неге екені белгісіз құрап көргім келді. Алғашында өзім құрауға тырысып көрдім, кейін Youtube-тің көмегімен құрау тәсілдерін көрсететін видеолар қарап, ақыры меңгердім. Алғашында бір кубикті 5 минут құрайтынмын. Қызығушылықтың арқасында бұл көрсеткішті жарты жылда 30 секундқа дейін қысқарттым. Қазіргі уақытта жеке рекордым – 11,72 секунд.
Шынымды айтсам, менің мұндай жетістікке жетуіме Нұркен деген досымның да септігі тиді деп ойлаймын. Өйткені біз үнемі кубикті жылдамдыққа құрап жарысатын едік. Екеуміздің біріміз рекорд қойсақ, келесіде сол рекордты міндетті түрде бұзуға асығатынбыз. Бұл екеумізге де үлкен стимул болды.
Мен бұл салаға қызыға бастағанда, маған кубикті құрау тәсілдерін нақты, қысқа-нұсқа түсіндіріп беретін адам немесе видео табылмады. Ал қазіргі уақытта бұл олқылықтың орны толды деп айта аламын. Youtube видеохостингінде Максим Чечнев деген ресейлік блогер бар. Осы азаматтың контентіне көңілім толады. 25 сабаққа бөлінген оның видеоларынан кубикті құраудың қыр-сырын, құпияларын толық меңгеруге болады. Дегенмен, бұл материалдардың барлығы орыс тілінде. Өкінішке қарай, Рубик кубигін құрастыру техникаларын қазақы тілмен түсіндірген бір де бір видео көрген жоқпын.
Спидкубинг саласында қазақ балалары саусақпен санарлық. Тіпті, бар дегеннің өзінде олар орыстілді қазақтар немесе қазақша ежіктеп сөйлегенімен бәрібір орысша ойланатын адамдар. Біздің қоғам кубикті тек ойыншық ретінде көретін сияқты. Ой өрісі, ойлау жүйесі енді қалыптасып келе жатқан балаға бұл құралдың тигізетін пайдасы көл-көсір екенін білмейтін болар, мүмкін.
Спидкубингте түрлі дисциплина бойынша жарыс өтеді. Ең негізгісі 3*3 кубигін құрау. Бұл дисциплина бойынша әлем рекорды (3,47 секунд) қытайлық Yusheng Du есімді азаматқа тиесілі. Ал Қазақстандық рекорд – 6,44. Маусым айында өткен Cubing Semey Open 2019 байқауында бұл рекордты небәрі 10 жастағы Абылай Оразалин орнатты.
Мен бұл салаға қызыға бастағанда Қазақстанда бір де бір жарыс ұйымдастырылмайтын. Ал біз досым екеуіміз өзімізді үлкен байқауларда сынап көргіміз келді. Қазақстанда спидкубингтен жарыс ұйымдастырылмайтындықтан, бізге сол кезеңде ең тиімдісі Челябинскте өтетін чемпионат болды. Жол шығынын, қатысу жарнасын есептегенде үлкен қаржылық қиындыққа тап болдық, соңында амалсыз бара алмадық. Спидкубингтен Қазақстанда алғашқы жарыс 2017 жылы өтті. Арман Машимов есімді азамат біздің елде алғаш болып спидкубинг саласына көңіл бөліп, Қазақстанда Спидкубинг федерациясын құрды. Осы ұйымның арқасында жыл сайын Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қалаларында дәстүрлі түрде түрлі жарыстар ұйымдастырылуда.
Алматылық спидкуберлер өте ұйымшыл. Біз айына 1-2 рет міндетті түрде бас қосып, осы салаға қатысты әңгімелесіп, ортаны кеңейтіп, бұл салаға енді қызығып жүрген жастарды өзімізге тартуға тырысамыз. Мұнда көбіне танымал спидкуберлер өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, керек ақпараттар айтады.
Спидкуберингте жас мөлшеріне шектеу жоқ. Дегенмен, байқасаңыз, бұл салада көбіне мектеп оқушыларының мерейі үстем. Себебі, ересек адамға қарағанда кішкентай баланың миы жылдам жұмыс істейді. Олар көргенін бірден қағып алып, есте сақтап қалуға қабілетті.
Рубик кубигінен картина жасау. “Алғашқы туындым анама арналады”
2015 жылы Максим Чечнев атты ресейлік спидкубер Украинада өтетін “Україна має талант” бағдарламасына қатысып, финалдық сайыста Рубик кубигінен жюри мүшесінің портретін жасап шықты. Таңқаларлығы, оның көзі байлаулы болды.
Максимнің бұл өнері маған ерекше әсер берді. Осы сәттен бастап оны әлеуметтік желіде бақылай бастадым. 2015 жылдың аяғында ол Алматыға арнайы шақыртумен келе жатқанын өз парақшасында хабарлады. Бұл хабарды естіп, бірден досым Нұркенге айттым. Екеуіміз ретін тауып, Алматыда онымен кездесіп қалудың жоспарын құрдық. Жоспар жүзеге асты. Алматының белгілі қонақүйлерінің біріне жайғасқан Максимге Skype арқылы қоңырау шалып, танысып, көріссек деп ниет білдірдік. Ол ұсынысты қуана-қуана қабыл алды. Алматыға қазақстандық кәсіпкердің шақыртуымен кубиктен портрет жасауға келген екен. Максимнің қолқа салуымен бұл жұмысқа біз де араласып, оған қолғабыс қылдық. Осы уақытта ол бізге бұл өнердің қыр-сырын, түрлі амал-тәсілдерін, құпияларын үйретті.
Осы уақытқа дейін төрт картина жасадым. Алғашқысын анамның туған күніне сыйлық ретінде інім екеуіміз құрадық. Екіншісін Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арнап атамыздың портретін жасап шықтым. Тұңғыш Президент күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Тәуелсіздік мерекесіне Қазақстанның ұлттық символына баланатын “Барыс” суретін құрадым. Портретті жасауға шамамен 4 сағат уақыт кетті. Туындыны 400 дана кубиктен жасап шықтық.
Асан Бекаман Нұрқұланұлы: Алматы қаласындағы #77-мектептің 7-сыныбында оқимын. Мен Рубик кубигін құрауды ағамның көмегімен осыдан екі жыл бұрын үйрендім. Құрау тәсілдерін, техникасын жақсы білемін. Бірақ, бұл салаға деген қызығушылығым ағамның қызығушылығына қарағанда төмен. Әр адам әртүрлі ғой. Көрдім, қызықтым, үйрендім, қойдым. Мұнымен әрі қарай айланысуды мақсат еткен жоқпын. Анамның туған күніне ерекше бір сыйлық жасағымыз келіп, екеуіміз ақылдасып, соңында кубиктен жасалған анамның портретін сыйға тарттық. “Нағыз сыйлық – ол қолдан жасалған сыйлық” дейді ғой. Анамызға қатты ұнады.