Kyzylorda-news.kz. Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссия бірқатар нысанға Абайдың есімін беру ұсыныстарын қолдады. Бұл туралы астанада өткен баспасөз мәслихатында мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

“Комиссия отырысында жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде Шығыс Қазақстан облысы гуманитарлық колледжіне және Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясына ұлы Абайдың есімін беру, ал Қарағанды облысындағы Теміртау қаласындағы Дмитриев көшесін Абай көшесі деп қайта атау туралы ұсыныстар оң қорытындысын алған болатын”, – деді Дәуешов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде комиссияның қорытындысы бойынша үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Енді тиісті министрліктермен келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары Семей қаласының әуежайы мен  қалалық мектептердің біріне Абай есімін беру туралы ұсынысты қолдаған еді. Бұдан бөлек, Семейде салынып жатқан жаңа мешітке Абайдың есімі беріледі.

Жақында Қарағанды қаласында қоғамдық тыңдау өтіп, он көшенің атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Соның ішінде бұрынғы Ленин көшесі Абайдың есімімен аталатын болды.

Тағы да оқыңыз: