Kyzylorda-news.kz. Қайнар көзі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 1903 жылы «Киргизский край» атты кітапқа кірген қазақтың тарихы мен рухани өмірі жайлы зерттеу (С. Қирабаев. Абайтану­ ғылымының тарихынан. Кітапта: Қазіргі Абайтанудың өзекті мәселелері. – Алматы:­ «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002, 21 бет) мақаласынан басталған Абайтану әлемі үздіксіз даму үдерісін бастан кешіре отырып, қазақ әдебиеттану ғылымының ең іргелі саласына айналғаны бүгінде талас тудырмайтын ақиқат. Түрлі дәуірлердің талғам-таразысына, талап-шарттарына төтеп беріп, заман ағымына өзінің қалың қатпарлы ой-толғамдарымен, даналық қалпымен, даралық сипатымен жауап бере білген Абай шығармашылығы  бір ғасырдан астам уақыттан бері әркез зерттеу объектісінен түспей келе жатқаны белгілі.   Осындай көп уақыт бойы зерттеліп келе жатқанына қарамастан ұлы ақын шығармашылығына қатысты қамтылмаған түрлі тақырыптар, ой қозғайтын сан алуан мәселелер кешеге дейін қозғалысқа түспей ақтаңдақ күйінде қалып келгені  шындық. Мысалы, ұзақ жылдар бойы саясат бұғауына қамалып, тоталитаризм жүйесінде жабық сақталған Абайдың алғашқы зерттеушілерінің аты-жөні мен еңбектері туралы­ мәліметке еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қол жеткізілгені соның бір дәлелі.  Сондықтан еліміз бостандық алып, еркіндікке қол жеткізгеннен бері абайтанудағы ­назар аударылмай келген тұстарға көңіл бөліп, ғылыми айналымға түсіруді мақсат ­еткен ғалымдар ұжымдық монография түрінде де, жеке ­автор ретінде де уақыт талабына сай кітаптар шығаруды қолға алды. Бұл орайда ұзақ тізім құрайтын басылымдардың біразын ғана  ұсына кеткізіміз келіп отыр.  «Абай және қазіргі ­заман» (ұжымдық жинақ), «Қазіргі Абайтанудың өзекті мәселелері» (ұжымдық монография), З.Ахметовтің «Абайдың ақындық әлемі», Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері», М.Мырзахметовтің «Абайдың адамгершілік мұраттары», «Абайтану тарихы», Т.Шапайдың «Шын жүрек – бір жүрек», Қ.Салғариннің «Таным баспалдақтары», Б.Байғалиевтың «Абай өмірбаяны архив деректерінде», т.б. еңбектер сол ұзақ тізімнің қатарында. Көп уақыт бойы тұмшаланған тыныс-тіршілік сол қос қыртыс дәуір шындығын танып-білуге, айқын көріп сезінуге мүмкіншілік бермей келді. Дегенмен бұл сәттің туар күні бар екен.

Жаңа революциялық сілкініс әкелген 1985 жылдың сәуір шуағы қоғам өміріне, ел тіршілігінің түрлі сала-тармақтарына қайта жан бітіріп, шөгінді болған сан ойды, көміліп қалған барша ақылды қайта тірілтті, қызу қозғалысқа түсірді. Күрделі уақыттың күрмеуі шешіліп, өткен дәуірдің асыл қоймаларының қара құлпысы жұлына бастаған, болашақтың ашық арнасын айқындайтын жарқын үміт бағдарына батыл қадам жасау мүмкіндігін жеткізген күндер еді бұл.
Жаңа революциялық сілкіністің халқымыз­дың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы тәуелсіздікке қол жеткізуіне ұласуы сананы тазартып, қоғамдық көзқарасты жаңартуға мүдделі етті.Тарих қайта жазылуға тиіс болып, өнер бағасы өзгеше сипат ала бастады. «Ақтаңдақтар» деп жүрген кезеңнің ақиқаты ашылып, алыптар тобы ортамызға қайта оралған сәтте қазақ әдебиеті тарихының жаңа беттері жаңғырып, рухани байлықтың мол арнасы келіп қосылғандай болды.
Сол үлкен арнаның ішінде бұған дейін таптық көзқарас, коммунистік идеология талаптарына сәйкес келетін ой-пікірлермен ғана тұйықталып келген Абайтану саласы да бар. Ал коммунистік идеология қойған шектеулер өз кезінде туған халқымыздың данышпан перзенті ұлы Абайдың ғаламат қасиеттері мен ешкімде жоқ құдыретін жан-жақты танып-білуіне кедергі жасап келген еді. Тәуелсіздік шапағатымен нұрланып, жаңа серпін алған бұл сала бұрынғы олқылықтарды толтыруға қоса ізденістің соны үлгілерін көрсете бастады. Абайтанудағы бұрынғы жетістіктерді дамыта отырып, ұлы ақынның сан қырлы сырлары жаңаша саралана, тың көзқараспен зерттеле бастады. Абайдың туғанына 150 жыл толуы қарсаңында әдебиетші, тілші ғалымдар ғана емес, гуманитарлық-қоғамдық ғылымдар саласы бойынша да ұшан-теңіз мақалалар жазылды, түрлі зерттеулер жүргізілді. Ғылыми мекемелерде, республиканың бірнеше жоғары оқу орындарында Абайтану орталықтары құрылып, Абайды кешенді түрде зерттеу қолға алына бастады. Бұл орайда Серік Қирабаев, Мекемтас Мырзахметов, Зәки Ахметов, Қайым Мұхамедханов, Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин, Тұрсынбек Кәкішев, Сейіт Қасқабасов, Шериаздан Елеукенов, Темірбек Қожакеев, Тәкен Әлімқұлов, Құлмат Өмірәлиев т.б. тәрізді ірі абайтанушылар қатары Қ.Салғарин, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Бейсенбай Байғалиев, Тұрсынжан ­Шапай, Жабал Шойымбет сияқты жаңа есімдермен толыға түсті. Бұрынғы зерттеулердің басым көпшілігі Абайдың ағартушылық және орыс әдебиетін үлгі тұтқан көзқарасы төңірегінде ғана болса, бұдан былай ақын өлеңдерінің ішкі әлеміне бойлап, астарына үңілу, өнегелік, тағылымдық қасиеттерін ашуға ұмтылыс көрініс кең өріс алды.
Енді, міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен ұлтымыздың ұлы перзенті Абайдың туғанына 175 жыл толған мерейтойын­ мемлекеттік деңгейде өткізу туралы шешім шығарылып, дайындық басталып та кетті. Бұл орайда Президенттің өзі бас болып «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақала ­жазып, данышпан ақынның шығармаларындағы тағылымдық ойларды танып-білуге, оны санаға сіңіру жолдарын меңгеруге бағыт беруі алдағы атқарылар істердің қарқын алуына себепші болып отырғаны шындық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» деп жазғанындай әмбебап дарын, озық ойлы ­данышпан, хакім Абайдың даналық ойларын ұрпақ санасына тармақтап жеткізіп, тереңге бойлату – бүгінгі атқарылар істің басты міндеті болса керек.
Осы тұрғыдан келгенде Жұмағали Ысма­ғұлов­тың Абайдың ақындық өнерінің тағылымдық қасиетін зерделеуге арналған «Абай: ақындық тағылымы» (– Алматы: Ғылым, 1994. – 280 б.) атты кітабы қазақ әдебиеттану ғылымы саласында бұрын кең ауқымда зерттелмеген тақырыпты монографиялық деңгейде қозғауымен ерекшеленеді.

Абай даналығын танып-білу, Абай шығармаларынан нәр алып, оның тереңіне бойлау, қаныға түсу – ұрпақтан-ұрпаққа ауыса беретін ұлы міндет. Өйткені тарих көшінің қай кезеңінде де Абай көтерілген сана биігі аласармайтын ендікте. Ұлтының тарихи дамуына үлес қоса, әр дәуір ұрпағына бағдар бере үн қата алатын Абай шындығы – ескірмейтін шындық. Абай тағылымы – ұлы тағылым екені дәлелдеуді керек етпейді бүгінде. Ғалым Ж.Ысмағұловтың «Абай: ақындық тағылымы» атты зерттеуінде ұлы ақын шығармасын тың көзқараспен барлап, жаңа қырынан тануға, бұрын айтыла бермеген жаңа сырларын ашуға күш салған ізденісті көреміз.

Рас, қазақ әдебиеттану ғылымында жеке сала – Абайтану болып қалыптасып, ең көп зерттелген ұлы ақын шығармасының ашылмаған сырлары, қамтылмаған қырлары, айтылмай қалған ойлары жоқ сияқты көрінуі де мүмкін. Алайда олай емес екен. Айтқымыз келсе де айта алмаған сөздер, айттық дегенмен де жеткізе алмаған ойлар, астарын аша алмаған сырлар көп екен… Ж.Ысмағұлов өзінің зерттеуінде осы бір олқылықтардың орнын толтыруға айрықша мән берген және оны зерде-зейінмен орындай білген. Автордың Абай өлеңдерін талдаудағы басты ерекшелігі, зерттеудің сапалық белгісі өлеңдегі әр сөздің астарын ашуға, әрбір тіркестің мәнін айқындауға, тармақ пен тармақтың байланысын байыптауға, әр өлеңдегі ақын ойының тереңдігіне бойлауға икемділігі қабілет-қарымының молдығынан ­деуге болады. Бұлайша текске бойлап кіру барлық зерттеушілерге тән құбылыс дей алмаймыз.

Ғалым кітап тарауларын хронологиялық тәртіппен жүйелемеген, керісінше, оқырманның назарын неге аударып, ойын не нәрсеге бағдарлау ниеті көзделген. Тұтас бір проблема әр қырынан қараған толғаныста көрініп, ой түйіні мен сөз сырының қатпарлары әр тарауда жеке тақырыптық мазмұнда ашылады. Кітаптағы тұтас проблема, ол – Абай шындығы. Зерттеушінің пайымдауынша, Абай шығармаларынан өрістейтін шындық жеке тарауларға бөлгенде «Болмыс шындығы», «Парасат шындығы», «Сезім шындығы», «Әсемдік шындығы», «Даналық тағылымы» болып әрқайсысы өзіндік мазмұнға ие, алайда әр қырынан келген тұтастық қалыпта қарастырылады. Автор Абайдың ақындық мұрасын тұтас алып, оны белгілі тақырыптарға бөліп, өзіндік принциптермен жіктеп, шығармалардың ішкі мазмұнына терең үңілген, жан-жақты талдауға, оқырманға түгел жеткізуге мүмкіндік беретін кең алымды зерттеуге күш жұмсаған. Заман өзгерген сайын, халықтың сана-сезімі өскен сайын ұлы ақын мұрасы да жаңа бір қырларынан ашылып, жарқырай түспек. Абайға қарай сапар шеккендер жаңа бір олжалар тауып, тың жемістер теруге ұмтылуды өзінің абыройлы борышы деп сезінген ғалым ақынның өлеңдерін қоғам мен табиғат құбылыстарын, адам жанының иірімдерін реалистік көзбен суреттеуі тұрғысынан тұтас алып қарастыру мақсатын көздейді. Ол үшін Абайдың ақындық мұрасын белгілі бір тақырып шеңберлеріне топтастырып, ішкі мазмұн бірлігіне қарай жүйелеп талдайды.
Айталық, зерттеуші «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың», және басқа да өлеңдерді талдай отырып, Абай өмір сүрген дәуірдің әлеуметтік мәнін ашуға тырысады. Қазақ қауымының басындағы мүшкіл халды әр қырынан алып көрсетеді. Осы өлеңдердегі ақын жасаған бейнелер, суреттеулер, әлеуметтік жағдайлар болмыс шындығынан туындап жататыны терең ойлы талдаулар арқылы ашылады. Абай өлеңдерінің түпкі мәнінде, сөзінің астарында жататын қатпарлы ойлар тасқыны ел басқарудың жаңа тәртібінен туындаған зардаптарға, патша­ әкімшілігіне тікелей бағынышты болған жергілікті билікшілердің ұлық алдындағы дәрменсіздігі мен өз халқына жүргізген жүгенсіз озбырлығы арасындағы кереғарлыққа барып тіреліп ­жататын түйіндерді шешуге ұмтылады. Абай заманындағы қазақ қауымының әлеуметтік жағдайы, орыс патшалығы тарапынан ерекше күшейтілген отарлау саясаты зардаптарының ақын шығармаларындағы көріністері байыпталады.­ Тарихи тығырықтан шығудың жолы ретінде халықты елдік пен бірлікке, өнер-білімге, жемісті еңбек етуге бағыттайтын өлеңдерін ғылыми тұрғыдан саралауға ден қояды.

Әсіресе, автордың әр сөздің мәніне терең бойлап, астарын ашуға, сөз қолданыстағы талғампаздықты таный білуге тырысуы зерттеудің олжалы тұстары деп қараған жөн. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңін талдаған тұстың кейбір үзігіне көз жіберейік: «Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың», Бұл не деген сөз? Осындағы «мұртың» алдындағы «жұртыңмен» ұйқас үшін ғана айтылып отыр ма?
Жоқ, олай емес. Мұнда үлкен мағына бар. Халқымыздың ғасырлар бойғы тіршілік болмысынан хабар беретін бейнелі астар жатыр. Сол қазағыңның ел болып, халық болып тарих сахнасына келгеннен бергі бой-басын жыймай, табиғат анадан туа салған күйі бос белбеу өмір кешуінің өзі дәл осындай мүшкіл күйге ұшырауына көп себептің бірі болды-ау деген көңілсіз ойға жетелейді бұл емеурін» (Ж.Ысмағұлов. Абай: ақындық тағылымы. – Алматы: Ғылым, 1994, 31 бет).

Монографияда ақынның қалың елі – қайран жұртының тағдырына перзенттік қамыққан көңілмен қапаланған, таусыла айтқан шерлі толғаныстары осылайша қисынды ғылыми ­пайыммен сараланады. Сондай-ақ ел үшін еңіреген данышпан тұлғаның ұзақ жылдар бойы арпалысса да арылта алмаған, ұғындыруға тырысса­ да ұғындыра алмаған ел мінезі, ел өміріндегі, жұрт пиғылындағы, тіршілік болмыстағы жағымсыз көріністерді санамалап көрсетіп береді.

Зерттеуші Абай өлеңдерінің әр сөзіне, әр тармақ шумақтарына осылай терең үңіле зерделейді. Жаңағы айтылған өлеңнің «Жақсы менен жаманды айырмадың», «Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп келетін кейінгі тармақтарының астарлы сырларын ашып көрсетеді, мәнін кең ауқымды баяндап түсіндіреді. Сөйтіп, бір тармақтың екінші тармаққа қатысын, бірінде айтылған ой бағдар екіншісінде ашылып, себеп-салдары айқындалатыны ішіне дендеп кіре зерттеледі. Зерттеу еңбекте ақынның туған халқының тағдыры, соның болашағы туралы ойлап толғанатыны, тығырыққа қамалып, тұйыққа тірелген елінің келешегін ойлап күйзелуі байыпталады. Сондықтан сол тасқамаудан қол ұшын беріп шығаратын басқа ешкім жоқ екенін, жол тауып шыға алатын халықтың өзі ғана екенін түсінгендіктен сөзін соған арнағаны; елдікке шақырғаны; ағынан жарыла айтқаны ғылыми тұрғыда түсіндіріледі. Бұл орайда «Абайдың заман бейнесін, елдің тіршілік болмысын, халықтың мінез-құлқын аз сөзбен бір жерге шоғырландырып, мейлінше ширыға жазған ­шымыр шығармасы – «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым». Бұл өзге көп өлеңдеріндегі айтылған ойларының түп қазығындай бағдарламалық мәні бар, іргелі ­туынды» (Ж.Ысмағұлов. Абай: ақындық тағылымы. – Алматы: Ғылым, 1994, 30 бет) дей келіп, кезінде бұл өлеңді Абай ғана айта алғанын ғылыми саралау барысында түсіндіреді.
Абай өлеңдерін талдағанда автор одан бұрынғы өмір сүрген ақын-жыраулардың ­қо­ғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтерген ­шы­ғар­маларымен салыстыра отырып зерттеп, Абай ұлылығын, Абай жаңашылдығының сырын ашуды назардан тыс қалдырмайды. Ақынның көп өлеңдерінде ескі ауылдың өзіне ғана тән болып келген нағыз «қазақы» ерсіліктері мен адамды өрге бастырмайтын келеңсіз, күйкі мінездерін қатты мінейтіні монографияда жан-жақты ­талданады.

Ақын өмір сүрген дәуірдегі қазақ қауымының тұрмыс-тіршілігі барлық ерекшеліктерімен тек өзіне тән белгі-бедерімен, өзіндік бояу-өрнек­терімен бейнеленетін өлеңдерін талдауға ар­налған «Болмыс шындығы» тарауында зерт­теуші Абай – өз заманының жыршысы екенін, оның шығармалары – сол заманының шежіресі еке­нін ғылыми тұрғыдан жан-жақты пайымдай алған.

Адамгершілік пен ақыл-парасатқа жетелей­тін, соған бағдар беретін ой-тұжырым­дар өрнектейтін өлеңдерді талдауға арналған тарау «Парасат шындығы» деп аталады. Мұнда зерттеуші Абай өз халқының өміріндегі келеңсіз көріністерді әйгілеп, әшкерелеуші ғана емес, оның тарихи тығырықтан шығар жолда нұсқаушы көсем де екенін баса көрсетуге тырысады. «Ақын ұғымында, – дейді, ол – халықтың адамгершілік тұрғысынан өзін-өзі жетілдіруінің ең жемісті жолы – қоғамдық пайдалы еңбекке жұмылу, жаппай оқуға, ғылым-білімге, өрісті өнерге ұмтылу, ілгері кеткен өркениетті елдердің қатарына шығу. Әсіресе, отарлық бұғаудан босанудың амалы – сол отаршыл елдің өз тілін, өз өнерін үйрену, онымен терезесі тең келетін, өзін қорлыққа бермейтін дәрежеге жету». «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Бір дәурен кемдік көрген бозбалалық», «Тайға міндік», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдері талданатын бұл тарауда ақыл-парасатқа ие болудың, ғылым-білім игерудің, адамгершілік қасиетті бойға сіңірудің, еңбекке дағдыланудың Абай айтқан сырлары жаңа қырынан ашылып, Абай тағылымының өнегесі өрістей түседі. Бұрындары ылғи да ағартушылық тұрғыдан ғана насихаттық қана сипатта түсіндіріліп келген өлеңдердің бұл кітаптарда талдану ерекшеліктері мүлдем жаңаша. Абай сөздерінің астарын ашу, ой-қатпарларына үңіліп, ішіне кіру арқылы бұрынғы айтылған ойларды қайталамай, соны қырын тауып, түсіну шеңберін кеңейте, тағылым бағдарын көбейте, талдау әдісін жетілдіре түседі.

Кітаптағы «Сезім шындығы» тарауы ақын­ның лирикалық өлеңдері жайлы өлеңдерді топтауға негізделеді. Абайдың лирикалық туындыларындағы тебіреністі ой толғаулары, күрделі сезім иірімдері, таза сүйіспеншілік тақырыбы, туған табиғат көріністері, ұлттық өлең өнеріндегі шынайы көркемдік үрдістері қазақ ­поэзиясына Абай әкелген жаңалық ретінде сипатталады. Мұнда да автор Абай шығармаларындағы осы тақырыпты өзек еткен бұрынғы пікірлерді тереңдете отырып, өзіндік жаңа пайымдаулар ­жасай алған. Бұл орайда «Сап-сап көңілім», «Желсіз түнде жарық ай», «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі» өлеңдері өзек болады. Әсіресе, «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі» турасында бұрын айтылмаған ойлар, тереңдеп түсіндірілмеген сөз астарлары, қазақ ­поэзиясына, тіпті қазақи психологияға Абай әкелген жаңалық, Абай ғана бейнелей алған сезім көрінісі екені пайымдалады.
Өнер әлеміне, саз бен сөз көркемдігін сезіне білуге арналған, өнер мен өнерпаз сынына негізделген өлеңдерді талдау «Әсемдік шындығы» тарауында жүзеге асады.

«Даналық тағылымы» тарауында Адам мен табиғат, өмір мен өлім жайлы толғаныстары көрініс табады. «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Жазғытұры», «Күз», «Қараша, ­желтоқ­сан­ мен сол бір екі ай» өлеңдерін талдай отырып,­ Абай даналығын аша түсетін ойлар ар­қылы тұжырымдайды. Абайдың дарынды суреткерлігін терең ойшылдықпен ұштастырған кемеңгерлігін соны тұрғыдан пайымдайды. Автордың тұжырымдауынша, «Абай даналығы – сан қырлы, көп мағыналы, өмірдің өзіндей нақты және ақиқат» (Ж.Ысмағұлов. Абай: ақындық тағылымы. – Алматы: Ғылым, 1994, 263 бет). Оның туған жер табиғатынан ғаламдық құбылыстарға дейін, өзі өмір сүріп отырған көшпелі ауыл тіршілігінен адамзат өркениетіне дейінгі аралықтағы санасына сәуле түсірген қаншама оқиғалар ақын жанын тербетіп, көркем бейнеге айналу сипатын зерттеуші білгірлікпен ашып берген. Бұл құбылысты ғалым былайша түсіндіреді: «Солардың барлығы ақынның ақыл-ойын қоректендіріп, сезіміне қозғау салып, қиялын қияға шарықтатып әкетіп, сонан соң аталы сөз, айшықты бейне, түйінді тұжырым түрінде өмірге қайтып оралып отырған. Сөйтіп, халқының зердесіне «Абай даналығы» деген айдармен жазыла берген. Сондай-ақ ғалымның: «Өмір атты ұзақ сапардың «соқтықпалы, соқ­пақсыз жерлерінде» соныдан із тартып жүріп, ой­ланған-толғанған, шаттанған-шабыттанған, күйзелген-күңіренген шақтарында ақын өз көңілінің күйін, өз жүрегінің мұңын, ең әуелі табиғат құбылыстарымен салғастырып, сұрағына жауапты, жабырқаған жанына жұбанышты ­солардан іздестірді» (Ж.Ысмағұлов. Абай: ақындық тағылымы. – Алматы: Ғылым, 1994, 263 бет) деген пайымдауы да даналық ойдың тұңғиығына бойлаудың жарқын бір көрінісі деуге болады.

Абай мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы. Олай болса, ол туралы айтылар ой да, жазылар кітап та, әр дәуір ұрпағы өзінше алар тағылымы да толастамайды, толастауға тиіс емес. Ғалым Ж.Ысмағұловтың бұл кітабы да сол толастамас ойдың, азаймайтын сөздің бір үзігі, Абайтануға қосылған сүбелі үлес деп білеміз.

Құныпия Алпысбаев,

филология ғылымының докторы, профессор

«Ана тілі» газеті

Тағы да оқыңыз: