Kyzylorda-news.kz Жүректілік пен табандылықты талап ететін, өмір мен өлім арасында арпалысып жүретін, ауыртпалығынарқалап, талабына төзетін, уақытпен санаспайтын мамандықтың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, аптап ыстық пен қытымыр аязда отқа да, суға да түсіп, елі үшін еңбек етіп жүрген нағыз қаһармандар осы мамандық иелері.

 Ербол Сәбитұлы Сәбитов – Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті №4 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы. Ол мұнда 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Тек қана өрт сөндіру емес, авариялық-құтқару қызметімен де айналысады. Өзінің кәсіби шеберлігі мен өрт сөндіру тәжірибелігінің арқасында талай жанды тілсіз жаудан арашалап, өмірін аман алып қалған. Бұл ретте кейіпкеріміз өзінің басынан өткен мына оқиғасымен бөліскен еді.

– Оқиға 2024 жылдың 2-ші қаңтар күні Тасбөгет кентіндегі 2 қабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Хабарлама түскеннен кейін кезекші қарауылы қызметі оқиға орнына барған кезде терезеден қою түтін шығып жатқанын көрген. «Тұрғын үйге тыныс алу аппаратымен кірдік. Қою түтін арасында екінші қабаттағы пәтердің жиһаздары мен ас бөлмесін өрт шалған. Өрт үдеп, көрші пәтерлерге де жеткен. Көрші үйде ана мен екі баланың қызыл жалын арасында қалғанын білгенде тұрғын үйді қап-қара түтін басқан еді. Отқа оранған пәтерден ана мен екі баланы аман алып шықтық, дәрігерлік көмек көрсету үшін медициналық қызметкеріне тапсырдық. Күндіз де, түнде де, тіпті үй өртке оранса да біздің басты міндетіміз – адам өмірін құтқару. Себебі, біздің әу бастан мамандығымыз өрт сөндіруші-құтқарушы, – дейді кейіпкеріміз.

Ербол бала күнінен бұл мамандықты жаны қалап, өрт сөндіруші болуды армандаған. Ол 1993 жылы өзі қызмет етіп жүрген Тасбөгет кентінде өмірге келген. Ата-анасы басқа балалары секілді Ерболдың да мұғалім болғанын қалағанымен, өзі армандаған мамандық иесі болуды қалады. Анасы өрт болған сайын алаңдап, тақымын қысып отыратындығын айтады. Ал сол  Ерболы  бүгінде екі баланың әкесі. Болашақта сол балалары өз ізін жалғап, өрт сөндіруші болғанын қалайды. Бұл – тек қана қызмет емес, сонымен қатар адамзат алдындағы парыз деп біледі.

 Ербол Сәбитов – борышын адал орындап, адам өмірін құтқарып, «Ерлігі үшін» медаліне наградаға ұсынылды. Басын бәйгеге тігіп, ажалға араша болған Ербол 3 адамды өрт арасынан аман алып шыққан. Өрт сөндіруші тұрғындардың алғысын алып, балалардың қаһарманына айналған. Бұл ісін батырлық деп санамайтын құтқарушы жұмыста да, жұмыстан тыс уақытта да адам өмірін құтқаруға, өртті өшіруге сақадай сай екенін айтты. Ерлік пен батырлықты, ар мен ожданды, адамгершілік пен қайсарлықты, табандылық пен төзімділікті осылайша бір мамандыққа сіңдіріп қойғандай. Кез келген уақытта өз бойыңнан өзгенің өмірі үшін бәріне дайын тұратын ерік-жігер тек өрт сөндірушілерге тән дерсің.

  Иә, өрт сөндіруші жұмысы оңай емес! Тек нағыз ер мінезді азаматтарға ғана тән қызмет десе болады.  «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деп дана қазақ айтқандай, халқы үшін де отқа түскен өз ісінің хас шебері Ерболды қандай наградаға ұсынса да аз. Бүгінгінің батырына айналған еңбек адамының мерейі үстем болуға тиіс.

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: