Kyzylorda-news.kz  Соңғы уақытта Сыр өңірінен қазақ эстрадасына өзіндік ерекшелігімен қосылған өнерпаздар жетерлік. Олардың бірі – қазалылық, Жарасхан Төлебай. Ел арасында шығарған әндерінің 35-тен астамы хит болған. Әсіресе жұртшылыққа танымалы «Мен қазақпын», «Алғыс», «Жақсы адамдарым» сынды әндері. Бүгінде қазақ өнеріне өз үлесін қосып жүрген жас композитормен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қасиетті Қазалының ұланы екеніңізді білеміз, алайда, қандай ортада, қандай отбасыдан шыққаныңызды көпшілік біле бермейді. Сол туралы айтып берсеңіз. Әңгімемізді осыдан бастасақ...

– Қазалы ауданының Лақалы деген ауылында туып өстім. Ауылым сондай киелі, өнерпаздардың ауылы десем де болады. Өзім мектеп қабырғасында бастауыш сыныптан бастап түрлі сайыстарға қатыстым. «Бозторғай» сынды байқауларда бақ сынап, сахнаға шыға бастадым. Әкем мектепте техникалық қызметкер, анам талай жыл ауыл мектебінде от жағушы болды. Еңбекке төселген, ауыл тәрбиесін көрген қазақтың бір ұлымын. Әулетімізде барлығы дерлік өнерге біртабан жақын, ішінде кәсіби білім алған мамандар да бар.

– Жалпы, өнер жолына қалай келдіңіз?

– 2012 жылы дәстүрлі музыкалық өнер мамандығы бойынша Қорқыт ата университетіне түстім. Университет қабырғасында да көптеген шарада белсенділік таныттым. Оқуды бітірер кезде жыр-термені насихаттап жүріп, ән жазатын қырым пайда болды. Алғашында әндерімді көрсетуге ыңғайсызданып жүрдім. Әдепкі уақытта ұялшақтық ол қалыпты жағдай деп ойлаймын. Әндерімді ешкімге көрсетпей сақтап жүріп, кейіннен Қуандық Рахым деген жігітпен танысып, бір-екі әнімді ұсындым. Ол бірден ұнатты. Онда әндерім елге де, ұнауы мүмкін ғой деп таң қалдым. Жарыққа шықса, қандай тамаша болар еді деген ой келді. Осы жағдай шабытыма қозғау болды. Сөйтіп, әндер біріне-бірі жалғаса берді. Содан бері Қуандыққа 40-50 шақты ән жазып бердім. Егер мен термеге келмесем, тек, орындаушы болып қана жүруім мүмкін еді. Жалпы, айтқым келгені ән жазу – бабалардан қалған дәстүрлі әндер мен жыр-термелерге қызығушылығым арқылы келе-келе пайда болған дарын деп есептеймін. Сол себептен ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіріп өсіру маңызды.

«Мен қазақпын» әні әрбір қазақтың көкірегінде патриоттық сезімді оятады. Тіпті, аты төрткүл дүниеге танымал қазақстандық спортшылар да шаршы алаңға осы әнмен шығуда. Рухты оятқан әннің жазылу тарихына тоқталсаңыз...

– Ән 2017 жылы жазылды. Бірінші сөзі шықты. Семейлік Нұржан Өмірбаев деген аламан айтысқа қатысқан айтыскер ақын жазып, маған жіберді. Осы өлеңіне ән жаздыру үшін көп сазгерлерге барған екен. Маған сөздері қатты ұнады. Жалпы, сазгер шабыты ашылу үшін сөз көңілінен шығу керек. Осы өлеңді оқығанда патриорттық сезімім оянып, осындай жақсы дүние жарыққа шықты. Кейбіреулер ән жазуға қанша уақыт керек деп сұрап жатады. Шабытқа ешқандай тұсау жоқ. Мысалға, осы ән 10-15 минуттың ішінде шықты. Ән шыға салысымен ойланбастан Қуандыққа табыстадық. Ол қуана-қуана алды. Уақыт өте келе Тәуелсіздік мерекесінде 3000 сарбаз тікесінен тік тұрып, әнді орындағанда ерекше әсерде болдық. Кішкентай баладан, үлкен қарияға дейін орындайтын деңгейге жетті. Бұл да бір қуаныш, әрі мақтаныш.

– Бүгінде барша қазалылықтардың жүрегіне жеткен «Қазалы ұраны» әні қалай жазылды?

– Ақтан батыр ауылынан Ақжол Түменбай есімді ақын жерлесіміз бар. Мен 2016-2017 жылдары ән жазып бастаған кезде, Ақжол өлең жазатын, мүшайраларға қатысып жүрді. Екеуміздің бұрыннан бірге ән жазсақ деген арманымыз болған. Солай реті келмей жүргенде осы «Қазалы ұраны» деген әнді шығардық. Жалпы, Қазалыға арналған әндер көп емес. Бірінші, Ақжол өлеңін жазды, сосын мен әнін жаздым. Ол әннің жазылғанына бес жылдай болды. Бірақ, жарыққа шықпай жатты. Себебі, әні мен сөзін жазғанымызбен, ешқандай жөндеу жасалынбаған еді. Бұл әнді өзім орындаймын деп басынан айттым, бірақ, бірден жарыққа шығаруға мүмкіншілігім болмады. Өзім орындағым келді. Өнердің арқасында күн көріп жүргеннен кейін, ол әнге музыкалық өңдеу жасауға қаржылай жағынан қиындықтар болып, бұл ән шықпай қалды. Қазалылық бір-екі ағаымызға да ұсынып көрдік. Алайда, ешкімнен қолдау болмады. Уақыт өте келе, былтыр ауданның 95 жылдығы қарсаңында туған жеріме деген тартуым болсын дедім. Әннің тұсауы туған жерде кесілді.

– «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Жарасханның біз білмейтін тағы қандай қырлары бар?

– Менің кез-келген саланы үйреніп, ары қарай алып кете алатын қасиетім бар деп айтсам артық болмас. Қазіргі мобилография саласы дейін, анығында сурет, бейнелер түсіруден де хабарым бар. Кейде өзіме керек дүниелерге бейнелер түсіріп, оны өңдеп кішігірім жұмыстар жасай беремін. Егер, мен әнші болмасам, фотограф, мобилограф болуым мүмкін еді. Жалпы, ән жазған соң, оған да белгілі бір уақыт, тыныштық керек болады. Сол үшін де болар басқа кәсіптерді ойлауға кішкене мүмкіншілігім болмай тұр. Мен қазір ешқандай жерде жұмыс жасамаймын. Бірақ, бір-екі кәсіпті қолға алып жатырмын.

– Жалпы әндеріңіз қалай жазылады? Бірінші ән жазып, соған лайықты өлең іздеп, ақындарға ұсынасыз ба?

– Көңіл-күйге байланысты бірінші ән жазып қоямын. Сөзін де, әлімнің жеткенінше жазамын. Кейін ақындарға дұрыстатамын. Бірінші, ақынның сөзіне жазылатын кездер де болады. Сөзі ұнаса, соған сай ән жазамын. Қазіргі уақытта тығыз байланыста жұмыс жасайтын ақындар бар. Бір-бірімізбен үнемі байланыстамыз.

– Қай туындыңыз өз әншісін тапты деп есептейсіз?

– Менің ойымша, Қуандықтың орындауындағы әндерімнің барлығы дерлік өз орындаушысын тапты деп ойлаймын. Қарақат Әбілдина «Жақсы адамдарым», «Алғыс» әндерін өз деңгейінде алып шықты. Тіпті, ойымдағыдан да артық шықты. Жақсы деңгейде орындалғаны үшін, халықтың көңілінен шығып жатыр.

– Сіз кімдердің әнін тыңдайсыз?

– Мен шектеліп қалмаймын. Жыр-термені де, дәстүрлі де, эстарада болсын, әр тілді де туындыларды тыңдай беремін. Адам әр бағыттағы әндерді тыңдаған сайын музыкалық көкжиегі кеңейе береді. Барлығын тыңдап, салыстырып, жаңа туындыларымды да, шығарып жатамын.

– Қоржыныңызда қанша ән бар? Дүниеге келіп, бірақ, әлі де, көпшілік назарына ұсынылмағаны бар ма?

– Осы уақытқа дейін жазған әндерімнің санын білмеймін. Үш жүздей бар шығар. Жарыққа шыққаны бір жүздің шамасында. Диктафонымда үш мыңға жуық «жазбам» бар. Шыққаны бар, шықпағаны бар. Әрқайсысына өзінің уақыты келеді.

– Қазақта «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» деген жақсы тәмсіл бар. Осы орайда, өзіңіздің алға қойған жоспарыңызбен бөліссеңіз...

– Өте дұрыс айтасыз. Осы уақытқа дейін қаншама әндерім жазылды. Шығармашылық кеш өткізсем деген ойым бар. Туған жерге, Қызылорда қаласына, аудандарда да өз концертімді бердім. Енді үлкен басқа да қалаларда жеке шығармашылық кешімді өткізсем деймін. Өзім де, әнші болған соң, жеке репертуарымдағы әндерімді көбейткім келіп, жұмыс жасаудамын. Өзімнің орындауыма да, әншілерге де, әндер жазамын деген ниетім бар. Алдағы уақытта елге танымал эстрада жұлдыздарының орындауларында әндерімді тыңдап қаларсыздар.

– Әсем әндеріңіз көп болсын!

Тағы да оқыңыз: