Kyzylorda-news.kz Жуырда Тараз қаласында Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай «Жүз шымшыма» атты республикалық фестиваль өтті. Әзіл-сықақ аламанында жаңақорғандық «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-сықақ театры облыс намысын қорғап, жүлделі орынды қанжығасын байлады. Конкурста елдің 11 өңірінен 130 өнерпаз өнер көрсеткен. Осынша мәдениет майталмандарының арасынан топ жарып, «Көрермен көзайымы» аталымымен марапатталған жаңақорғандықтардың жеңісі аудан абыройын асқақтатты.

– Фестиваль екі бөлімнен тұрды. Алғашында Шона Смаханұлының «Есек әкім болса» деген шымшымасынан интермедия қойдық. Одан кейін Тілеген Бекарыстановтың «Перзентхана» монологын интермедияға айналдырып сахналадық. Біздің театрдың құрамында Айдарбек Молдабек, Асылхан Палахмет және Шәкәрім Ибадулла төртеуміз өнер көрсеттік, – дейді театр жетекшісі Балмұхаммед Әбжаппаров.

Халық театрлары арасында ынтымақтастық пен достықты нығайту мақсатында өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара көптің көңілінен шықты.
Өнерпаздар сапардың алғашқы күні көне Тараз қаласының тарихи орындарын аралағандарын айтты. Асқар Алатаудың етегінде орналасқан сұлу шаһардың қарасаң көз тоймайтын тұмса табиғатын тамашалаған жан-жақтан келген талапкерлер бір-бірімен жақын танысуға мүмкіндік алды.

– Әділ қазылар алқасында болған елге танымал сықақшылар Тұңғышбай Жаманқұлов пен Жүсіп Ақшора біздің өнерді жоғары бағалап, театр құрамындағы жас таланттарға толағай табыс тіледі. Жалпы, осындай шараларға бару арқылы өнер адамдары шыңдалады, шабыты ашылады, - дейді театр мүшесі Айдарбек Молдабек.

Ұлттың өнері мен мәдениетіне талай-талай қабырғалы қайраткер қосқан біздің өңір қашанда таланттан кенде болмаған. Өнердің қай саласында да Сыр саңлақтары жарқырай көрініп, көрерменнің шынайы құрметіне бө¬ленді. Өзгеше дарын иесінің есімін жаңғыртуды көздеген бұл байқауға 12 ұжым қатысты. Соның ішінде жаңақорғандық өнер ұжымы да сахна төрінен көрініп, аудан мерейін асқақтатты. Атап өтер болсақ, Маңғыстау облысынан «Бостан», Батыс Қазақстан облысынан «Жалпақтал», Жамбыл облысынан «Меркі», Ақтөбе облысынан «Екі Езу», Қызылорда қаласы атынан «Мереке думан», ал Жаңақорған ауданынан «Жаңаша» және «Күлеміз бе, қайтеміз?» ұжымы қатысса, Арал ауданынан «Алдаспан», Қазалы ауданынан «Қазалы қалжыңы» мен Жалағаш ауданынан «Әзілизация», Шиеліден «Қытық» ұжымы өз өнерлерін қалың көрерменге паш етті. Сонымен «Шын күлкі ардан биік, шын бір өнер» атты республикалық әзіл-сықақ өнер ұжымдары байқауында Балмұқам¬мед Абжаппаров басқаратын «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-ысқақ отауы мен Тоқтар Әжімұратов жетекшілік ететін «Жаңаша» халықтық әзіл-ысқақ отауы бақ сынап, аудан мәдениетін танытты. Жас өнерпаз Тоқтар басқаратын әзіл-сықақ отауы Айдарбек Молдабектің «Кастинг», ал өз қалжыңымен орта¬сын қыран-топан қалжыңға бөлейтін Балмұқаммед басқаратын өнерпаздар «Әйелдер-ай» қойылымын сахналады. Осы жерде екі көріністе де режиссерлық еткен Балмұқаммед Абжаппаров екенін айта кетейік.

Шара аясында өнер ұжымдары танымал және жергілікті сықақшылардың бұрын-соңды орындалмаған шығармаларынан немесе өз қалауында қазіргі таңдағы өзекті проблемалар туралы скечтерді қойып, интермедияларды сахналады. Мерекелік кештің қадірлі қонағы Құдайберген ағамыздың балалық шақтан бірге өскен досы, елдің сыйлы ағасы Бауыржан Жылқыайдаров қатысушыларға сәттілік тілеп, өзінің жылы лебізін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

– Қазақ қашанда өнердің бәсін биік, беделін басқалардан жоғары қойып, астармен ой жеткізген халық. Осы ретте шын өнерді түсініп, бағалай білетін аудандық мәдениет үйі ұжымының орны қашанда бөлек. Астарлы әзіл, қағытпа қалжыңдарымен дүйім жұрттың жүзіне күлкі үйіртіп, мәртебелі өнердің туын биік ұстап жүрген ұжым мүшелері алдыңғы үштіктен көрінді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – деді аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева.

Аузы дуалы, тумысынан әзілкеш, әзіл-қалжыңды қанжығасына байлап өскен қалжың сүйер қалың көпшілік осы күні әзіл-сықақ отауларының өткір де өтімді, салмақты да салиқалы, шалымды да шат-шадыман туындыларына риза болып тарқасты.

Хош. «Күлеміз бе, қайтеміз?» театрының тарихына тоқталсақ. 30 жылдық тарихында 100-ге жуық сахналық қойылым қойған театрдың негізін 90-жылдары Әбубәкір Әбжаппаров пен Жолмырза Иманбеков қалаған. Одан кейін 1996 жылдары театрдың тізгінін Дінмұхаммед Әбжаппаров алып, көптеген сахналық қойы¬лымдарды жарыққа шығарды. Кейіннен театр жұмысы тоқырап, бірнеше жыл үзілістен кейін Балмұхаммед Әбжаппаров қолға алып, 2017 жылдан бастап театр тынысына қайта жан бітті. Осы уақыт аралығында сан мәрте додаларға қатысып, облыс пен қоса республикалық аламандарда топ жарып жүр.
 

Тағы да оқыңыз: