Kyzylorda-news.kz  Соңғы 42 жылдан бері ерекше аталып өтілетін «29 сәуір – халықаралық би күні» мерекесі аясында аудандық мәдениет үйінде «Сырлы сезім толқыны» бишілер фестивалі өткізілген болатын. Аталған іс-шара барысында «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының бишілері өнер көрсетті. Атап айтқанда, аудан бойынша 14 би ұжымының ішінен ақжармалық «Сұлу-ай», асқарлық «Айтұмар», бесарықтық «Гүлсара», айдарлылық «Нұрай» би ұжымы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. 
«Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының ұлағатты ұстаздары мен шәкірттері аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың арнайы «Алғыс хатын» иеленді. Өз кезегінде орталық құрылтайшысы ұжым мүшелерін мерекемен құттықтады. 
– Бүгінде орталық құрамындағы би ұжымдары жоғарғы жетістікке қол жеткізіп келеді. Сенім артып, би үйірмесіне әкелген ата-ана үмітін ақтау – басты мақсатымыз. Үнемі бишілердің қабілетін шыңдау арқылы деңгейі биік байқауларға дайындай береміз. Әрбір ауылда би үйірмесінің жолға қойылғаны – мәдениет саласындағы серпінді жұмыстарды арттырады. Өз кезегінде ұстаздар мен бишілерді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Барлық аяулы жандарға шығармашылық табыс тілеймін, – деді орталық құрылтайшысы, аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева.

Тағы да оқыңыз: