Kyzylorda-news.kz Осы жылдан бастап Сырдария аудандық мәдениет үйінде өзгеше, тың форматтағы «Сұхбат ТІМЕ» жобасы бастау алғаны мәлім. Осыған сәйкес, жақында Сырдария аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Сұхбат ТІМЕ» жобасы аясындағы сұхбаттың кезекті қонағы облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы «Сырдария» квартетінің мүшелерімен сыр-сұхбат жүзе асты. «Сұхбат TIME» жобасының басты мақсаты – ауданға белгілі түрлі саладағы білікті мамандар мен танымал тұлғалардың еңбегін, өмір жолын халыққа, бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау екені даусыз.

Сыр мәдениетін өркендету жолында өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастыра білген, ерекше дауысты жігіттерден құралған «Сырдария» квартетін тек аудан көлемінде ғана емес, республикалық концерттерде де өнер көрсетіп жүргенін көпшілік жақсы біледі. Бүгінде дүйім жұртқа белгілі, өнер әлемінде бір үйдің баласындай өнер көрсетіп келе жатқан «Сырдария» квартетіне – 10 жыл. Аудандағы мерекелік іс-шара, әрбір концерт квартет жігіттерінің қатысуынсыз өтпейді десек артық айтқандық емес. Ауданымыздың мақтанышына айналған квартет мүшелері бүгінде эстрада жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетіп, түрлі телевизиялық жобаларға қатысып жүрген жайы бар.

Көңілді кеш өте өзгеше әрі қызықты бастаған еді. Олай деуге себеп кеш жүргізушісі Толғанай Мұратқызы жиналған көрермен қауымға белгілі-бір себептерге байланысты квартет жігіттерінің аяқ-асты сұхбатқа келе алмайтындығын жеткізіп, «алдау операциясын» ұйымдастырғаны көрерменге ерекше әсер етті. Алдымен жігіттермен сұхбатқа тікелей эфир арқылы байланысқа шығып, артынша студия төріне шақырғанда жүргізушінің сөзіне қатты сеніп қалған көрермен қауым таңғалып қалғаны көрінді. Ең алдымен, кеш жүргізушісі «Сырдария» квартетін 10 жылдық мерейтойымен құттықтады. Одан кейін арнайы дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Көрсетілген бейне¬роликке байланысты жүргізуші тарапынан сұхбат қонақтарына бала күнгі қызығушылықтары, сахнаға алғаш шыққан кездері туралы сұрақтар қойылды.

Өз кезегінде «Сырдария» квартетінің мүшелері өмірбаяндарын таныстырып, құрылғанына 10 жыл болған топтың шығармашылық тарихы жөнінде баяндады. Көрермен қауым «Сырдария» квартетін жаңа қырынан танып, қойылған сұрақтарға берген мазмұнды жауаптарына риза болды.
Сұхбат барысында «Сырдария» квартетіндегі ағаларының жолын қуған ізбасарлары Дінмұхамед, Аян, Мерлан, Ғазиз атты әнші балақайлар ән айтып, өнерлерін көрсетті. Одан бөлек сұхбат барысында сергіту ойыны ойнатылды. «Сұраққа тез жауап» айдары бойынша «Кім топта үнемі кешігіп жүреді?», «Кім тамақты көп жейді?», «Кім сырды сақтай алмайды?», «Кім сәнқой?», «Кімнің тәбеті өте жақсы?», «Кім әзілге жақын?» секілді түрлі сұрақтар қойылды. Кеш қонақтары тұщымды әрі тез жауап беріп, көрермен квартет жігіттері туралы тың мағлұматтармен танысты. Сонымен қоса квартет жігіттерінің жақында ғана түсірілген бейнебаяны көрсетіліп, «Еркін микрофон» айдары бойынша көрермендер тарапынан сұрақтар қойылды. Бұдан бөлек кештің көңілді өтуі үшін ұйымдастырылған ойындар ойнатылып, сұхбаттың басты қонағы квартет жігіттері әсем ән шырқап, көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлады. Ерекше жоба аясындағы сұхбат соңы ақжаулықты аналардың алғысымен, ардақты қариялардың жігіттерге айтылған жылы лебіздерімен қорытындыланды.

– Жергілікті өнерпаздарды қолдау, олардың шығармашылығын насихаттау – ортақ міндетіміз. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Сұхбат ТІМЕ» жобасы аясында алдағы уақытта да түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырамыз. «Сырдария» квартетінің жігіттеріне біздің шақыруымызды қабыл алып, көрерменмен кездесуге келгені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Облысқа, республикаға танылған жігіттердің шығармашылық жетіс-тікке жетуіне тілектеспіз, – деп қорытындылады кеш жүргізушісі Толғанай Мұратқызы.

Тағы да оқыңыз: