Kyzylorda-news.kz Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан топырақ. Бейсенбіде аудандық Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші-композитор Сауранбек Елеуовтің «Сырдария-Жырдария» атты кездесу концерті өтті.

Халқымыз – ежелден өнер сүйген, өнерпаздарын қадірлеген. Сыр елінің осындай талантты ұлдарының бірі де бірегейі, көкірегіне әуезді ән ұя салған Сыр елінің тума таланты, әлемді әнімен қатар даусымен де таңдай қақтырған Сауранбек Еркінбекұлы туған өлкенің өркендеуіне өздігінен үлкен үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. Оның әуезді әнін қармақшылық жырсүйер қауым сүйсіне тыңдады.  

Концертке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы көпшілік қауымға керемет көңіл күй сыйлаған өнер майталманына ұлтымыздың рухани-мәдени дамуы мен өсіп-өркендеуіне қосқан айрықша үлесі үшін ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хаты мен сый-сияпатын тапсырды.

Қазақ өнерінің саңлағы Сауранбек Еркінбекұлының шығармашылығын сүйетін тыңдарман қауым жанды дауыста ән тыңдап, құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, кеште өнер қайраткері Сәрсенбек Сәбекұлы мен жергілікті өнерпаздар да өнерін ортаға салды. Осылайша, өнер кешіне қатысқан тыңдарман қауым керемет көңіл күймен тарқасты.
 

Тағы да оқыңыз: