Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданы жыл сайын ауыл шаруашылығын табысты қорытындылап келеді. Аграрлы өңір биыл да көктемгі науқан жұмиыстарына қызу кіріскен. Шаруалар қазір бітік өнім алу үшін жердің жағдайын жасауда.

Аудан бойынша 2024 жылы бекітілген сызбасына сәйкес 36 565 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. 2024 жылы 199 шаруашылық егін орналастыру жұмыстарын жүргізеді деп күтілуде. Оның ішінде күріш дақылын орналастыратын шаруашылықтар саны 152-ні құрайды.

Орын алуы мүмкін су тапшылығын ескере отырып, күріш дақылының көлемі өткен жылдан 1300 гектар қысқарған. Алайда керісінше суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілген. Мәселен, бидай 149 гектарға, қант құмайы 20 гектарға, мақсары 10 гектарға, жоңышқа дақылдарының көлемін  625 гектарға артқан.

Аудан ақегіс егу жұмыстары үстіміздегі жылдың 10 наурызында бастады. Қазіргі таңда жоспарланған 530 гектар мақсарының 230 гектары (43,4%), 4850 гектар жаңа жоңышқаның 2035 гектары (42,0%), 770 гектар жаздық бидайдың 470 гектары (61,0%) орналастырылып, 129 гектар күздік бидай дақылы күтімге алынған.

Шаруашылықтар тарапынан 2024 жылғы егін орналастыруға қажетті 4625 тонна күріш, 154 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 8 тонна арпа, 4 тонна соя, 18 тонна жүгері, 48 тонна жоңышқа тұқымдарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. 4 625 тонна күріш тұқымының бүгінгі күні 4100 тоннасы (88,6%) тазартылған. Сондай-ақ, шаруашылықтар тарапынан егінді күтіп баптауға қажетті 10 400 тонна минералдық тыңайтқыш, 22 000 литр гербицид дайындау жоспарланып, бүгінгі күнге 7029 тонна (67,6%) минералдық тыңайтқыш және 1950 литр (8,9%) гербицид алынды.

2024 жылы шаруашылықтар тарапынан 2 дана ауыл шаруашылығы техникасы 207 млн. теңгеге сатып алынған. Көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына аудан бойынша 955 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысады деп жоспарлануда. Оның ішінде 520 дана трактор, 115 дана соқа, 52 дана тұқым сепкіш, 100 дана автомашина, 168 дана трактор тіркемесі бар. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникалары егін орналастыру жұмыстарына толық дайын.

Шаруашылықтар тарапынан көктемгі егін орналастыру жұмыстарына «ГосАгро» порталы арқылы 1685 тонна (54 шаруашылық) жеңілдетілген дизель жанармайына өтінім берілген. Қазіргі таңда 12 шаруашылық 245 тонна (14,5%) дизель жанармайын алып, егін орналастыру жұмыстарына пайдалануда. Дизель жанармайының 1 литрі 248 теңгеден жеткізіліп берілуде.

2024 жылдың су алу маусымы кезеңінде су тапшылығын болдырмау үшін Жалағаш ауданы бойынша егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етудің іс-шаралар жоспары әзірленген. Су тапшылығының алдын алу мақсатында инженерлік жүйедегі егістік жерлерде дақылдарды кезектестіру (ротация) кестесін қатаң сақтау (2023 жылы ауданда 1346 га күріш дақылын артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған. Ауыспалы егіс жүйесіндегі және жайсын жерлердегі биік жерлерге күріш дақылын орналастыруға тиым салу, қашыртқылардағы суды қайта пайдалану үшін су айдайтын насос қондырғыларын орнатуды ұйымдастыру, ішкі шаруашылық су жолдарын механикалық тазалау және су құрылыс нысандарын уақытылы жөндеу, егіс алқаптарында су тапшылығы орын алған жағдайда пайдаланатын насос қондырғыларын дайындау қажет екендігі шаруашылық құрылымдарына ескертілген.

Ағымдағы жылы егінді күтіп баптау барысында 32 су тартқыш насос қондырғыларын пайдалану жоспарлануда. Оның ішінде 13 насос «Казсушар» өндірістік учаскесі тарапынан шаруашылықтарға берілсе, қалған 19 насос шаруашылықтардың өз қаржысына алынған. Насос қондырғыларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

2024 жылы аудан бойынша 20000 гектар инженерлік әзірленген жерлерде лазерлік тегістеу жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар суды үнемдеуде өз септігін тигізеді. Ауданда жеке тұрғындардың тарапынан картоп, бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жаңадан жер дайындалып, 235 гектар картоп, 192 гектар бақша, 73 гектар көкөніс дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Жаңадан дайындалатын жерлер шаруашылықтардың демеушілігімен дайындалып, жеке тұрғындарға берілетін болады. Қазіргі таңда 610 тұрғын картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға қызығушылық білдіріп отыр. Сондай-ақ, Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 10 га жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, бақша дақылдарын орналастыруды жоспарлап отыр. 

2023 жылы аудандағы 172 шаруашылық құрылымдары «Жалағашсушар» өндірістік учаскесімен 474,9 млн. теңгеге су жеткізіп беру қызметіне  келісім шартқа отырған. Бүгінгі күнге 427,6 млн. теңге (90,0%) төленген. Шаруашылықтардың пайдаланған су жеткізіп беру қызметіне берешек қарыздары 47,3 млн. теңге  немесе 10 пайызды құрайды. Қазіргі таңда берешек қарыздары сот арқылы өндірілуде. Бір сөзбен айтқанда, көктемгі егін орналастыруға дайындық жұмыстары толығымен бақылауға алынып, қадағалануда. 

Тағы да оқыңыз: