Kyzylorda-news.kz Бала кезімізде жұдырықтай ғана бөденені көре қалсақ, үркіп қашатын едік. Сол кезде қандай құс екеніне жіті назар аудармағаннан болар сірә?! Торғайдан сәл ірі құстың қадір-қасиетіне жете мән бермеппіз. Соңғы кезде бөдененің жұмыртқасы, еті адам ағзасына, түрлі сырқаттарға, атап айтсақ, қант диабеті, бүйрек, бауыр, ішек, асқазан, хандрозға аса пайдалы екені  айтылып жүр. Жалпы бөдене жайлы ақпарат алу үшін Шиелі ауданыдағы Ы.Жақаев ауылына жол тарттық. Басты кейіпкеріміз – Жайнагүл Әбдиева.

Байқай білгенге, бүгінде жұмыстың көзі көп, бейнет ете жүріп, оның нәсібін табудың да жолы сан тарау. Тек ғана шыдамдылық пен ерінбей жұмыс істеп, бірге бірді жаңылыспай қоса алғанның бәсі артық. Мемлекет те шағын және орта бизнеспен айналысқандарға қамқорлық жасауда.Осындай қолдаудың арқасында өз жолын жаңылыспай тапқан жас кәсіпкер бөдене шаруашылығын дамытып келеді. Оның негізі мамандығы қаржыгер болса да, кәсіпкерлікті өз қызығушылығымен бастаған. Өзі 4 баланы дүниеге әкелген аяулы ана. Жолдасы Руслан Ормағанбетов ақыл-кеңесін айтып, қолдау көрсетіп отырады. НегізіЖайнагүл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлікке оқыту курсына  қатысып, қайтарымсыз 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант ұтып алады. Алған білімін іске асыру мақсатында бөдене құсын  өсіруді қолға алды. Соның нәтижесінде үйінің алдындағы сарайға тор, жаңадан инкубатор сатып алып, қырғауыл тұқымдас шағын құсты өсіреді. Қазіргі таңда  кәсіпкердің шаруашылығында бөденің саны  750-ден асқан.  

Пікірлесу барысында білгеніміз, бөдене тауыққа қарағанда дене қызуы 2 градусқа жоғары. Сол себептен, оның жұмыртқасын үнемі тұтынған адамның қан айналымы өте жақсы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, бөдене жұмыртқасы адамның иммунитетін көтеретін қасиетке ие. Өте  сезімтал құс. Бір қызығы, шақырайған жарықты, қатты дыбысты, мекендеген орнын ауыстырғанды ұнатпайды. Тіпті адамдардың өздерін қызықтап қарағанын да қаламайды екен.

– Инкубаторға салған жұмыртқа 17 күнде балапанға айналады. Бір жарым айдан соң сол балапан өсіп, жұмыртқалай бастайды. Айта кетсек,  бұл құсқа суықтан жылу артық. Бір бөдененің жұмыртқасы 40 теңгеден сатылады. Қыста жылы ұстап, жазда желдеткіш қойып, бөлмеде 20-25 градус бірқалыпты температура болуы шарт, – деді Ж.Батырханқызы. 

Өздеріңізге белгілі, адамға қажетті жылу мен жарық, су. Міне, дәл солай бөденеге де өз уақытында үш мезгіл қажеттілік берілмесе өнім азайып кетеді. Бөдене жұмыртқасын балаларға, қарттарға, жүкті және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Оның еті холестеринсіз әрі диеталық тағам. Жұмыртқасы дәрумендігі жағынан тауықтан үш есе құнарлы, амин қышқылы, микроэлементтерге бай. Бұрын патшалар мен ақсүйектердің ғана жейтін асы болған екен. Екінің бірінің қолы жете бермеген деседі. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы  жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызғанын тарихи кітаптардан кездестіруге болады. 

Бөдене құсы маған қызық көрінді. Расында, ұстаған сәтімде қатты қобалжыдым. Алаңдап тұрғанымды сезген құс өздігінен алақанымнан ұшып кетті. Бұл дегеніміз – бөденеге нәрестеге қарағандай төзімділік пен ыждаһаттылық қажет екен. 

Бөдене шаруашылығының сан түрлі қырын дамытуға болады. Мәселен, етін тұздап, жұмыртқасын маринадтаса, жеңсік ас ретінде ұсынылады. Кептірілген қиын ұнтақтап қаптасаңыз, тыңайтқыш ретінде өтімдірек. Ал жүнін жастықтың мамығына пайдаласаңыз тіпті, тамаша! 

 

Тағы да оқыңыз: