Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойы аясында Шиелі кенті, Береке мөлтек ауданында Байсын ауылының тумасы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбайұлының 85 жылдығына арнайы көше атауы берілді.

Шараға мемлекет және қоғам қайраткері,  ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты С.Әбдірахманов,  Шиелі ауданының құрметті азаматы, жазушының сыныптасы, өмірлік досы Р.Мауяев және қаламгер Оразбектің қарындасы Е.Сәрсенбаева, зиялы қауым өкілдері, Оразбек Сәрсенбайұлының  ұрпақтары қатысты.

Аталмыш шараны Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ашып, белгілі жазушы Оразбек Сәрсенбайұлының жетістіктері мен шығармашылығына тоқталып:

– Бар ғұмырын жазушылыққа арнаған белгілі қаламгердің осы уақытқа дейін жиырмадан астам кітабы жарық көріп, әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған Оның әдеби сын, көркем публицистика, тарих, мәдениет, философия бағытындағы жарияланымдары оқырманға кеңінен таныс. Сондай-ақ, аудандық «Өскен өңір» газетінің шығармашылық ұжымында қызмет атқарып, түрлі әңгіме, эсселерін жарыққа шығарады. Одан бөлек, баспагер және аудармашы ретінде ислам әдебиетін қалың оқырман арасында насихаттау ісінде қажырлы еңбек еткен тұлға, – деді. 

Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері,  ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты С.Әбдірахманов, Шиелі ауданының құрметті азаматы, жазушының сыныптасы, өмірлік досы Р.Мауяев және қаламгер Оразбектің қарындасы Е.Сәрсенбаева сөз сөйлеп, Оразбек Сәрсенбайұлы жайлы есте қалған естеліктерімен бөлісті . 

Тағы да оқыңыз: