Kyzylorda-news.kz  Мына қоғамда бір баспанаға зәру отбасы аз емес. Әркімнің босағасын аттап, біреудің үйінің есігінің алдындағы уақытша үйді жалдап жүргендердің санын дәл айту да қиын. Долбармен мынша деуге де болмайды. Пәтер жалдап жүргендері қаншама. Оның басым көпшілігі қазақ екенін естен шығармау керек. Жалпы, халықты баспанамен қамту үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Тұрғын үймен қамтуға келгендеСырдария өзенінің бойын ендей жайлаған Қызылорда облысындағы ахуал қалай? Бүгін осы тақырыпты мақалаға өзек етеміз.

Үкімет отырысында айтылған дерек 

Егемендігіміздің 20 жылдығында «Тәуелсіз елміз деп шаттанамыз, Несіне жетісіп мақатанамыз. Үйсіз, күйсіз қаңғыбас қазақтарға, Толып кетті Алматы мен Астанамыз», – деп өлең шығарып, шымбайға батқан баспана жайын шырқырата жырлаппыз. Одан бері де 10 жылдан астам уақыт өтті. Мыңдаған отандасымыз баспаналы болды. Үкіметтің де арнайы жоспары, бағдарламасы бар.

Сөзіміз шынайы шығуы үшін Республика Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында айтылған деректерді алға тартайық. ҚР Үкіметінің отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй құрылысын дамыту және проблемалық жобаларды аяқтау шаралары туралы баяндаған.

ҚР ӨҚМ мәліметінше, жалпы соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 78,5 млн шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Барлық қаржыландыру көздерін ескере отырып, 695 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты.

– 2030 жылға қарай барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 111 млн шаршы метрді қамтитын тұрғын үй құрылысы жоспарлануда, бұл 1 млн-нан астам отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Қанат Шарлапаев.

Оның айтуынша, Үкіметтің 2024 жылы Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды енгізумен 15,5-тен 18 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

Осылайша, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам пәтер сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы 110 млрд теңге сомасына 10 мың несиелік пәтер салу жоспарлануда.

Бағдарламалар игілігі

Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министріәкімдіктерге нарықта несиелік тұрғын үй салуға ғана емес, сонымен қатар сатып алуға да құқық берілгенін атап өтті.

– 6 сәуірде Президент қол қойған кәсіпкерлік мәселелері туралы заң жобасы аясында әкімдіктерге нарықта несиелік тұрғын үй салуға ғана емес, сонымен қатар сатып алуға да құқық берілді, бұл қаражат айналымы арқасында тұрғын үй көлемін жыл сайын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді министр Шарлапаев.

Бұл ретте 7 мыңға жуық несие беруге жылдық 2 және 5%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека беруге 81 млрд теңге бөлінді. 9%-дық мөлшерлемемен «Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 150 млрд теңгеге 8 мың несие беруді көзделген.Сонымен қатар 1 мамырдан бастап жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр, оның аясында 300 млрд теңгеге 12 мың несие беру жоспарлануда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңгеге 5 мыңға жуық несие беріледі.

– Осылайша, биылғы жылы тұрғын үй құрылысын дамытуға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді, соның нәтижесінде 64 мың азамат тұрғын үй жағдайын жақсарта алады, – деп мәлімдеді министр.

Министр Президенттің Атырауда өткен Ұлттық Құрылтай отырысында айтқан тапсырмалары аясында Үкіметке сатып алу құқығымен ұсынылатын жалға берілетін тұрғын үй көлемін айтарлықтай ұлғайтып, жаңа жеңілдікті бағдарламаны іске қосу керектігін еске салды.

Осы жұмыс аясында әкімдіктер жеке құрылыс салушылардан ең жоғары тұрғын үй алаңы 80 шаршы метрді құрайтын бастапқы тұрғын үйлерді сатып алады. Үкімет мамыр айында тиісті стандарттарды бекітті, ендігі кезекте сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді сатуды қаржыландыру жұмыстары басталады. Бұл ретте ҚР Мәжілісінде кезекте тұрғандарға жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беретін заң жобасы қаралуда.

Сонымен қатар «Отбасы Банкі» мамыр айынан бастап әлеуметтік жағынан осал азаматтар үшін жылдық 7%-дық мөлшерлемемен 20%, ал қалған санаттағы азаматтар үшін 9%-дық мөлшерлемемен бастапқы төлемі бар жаңа жеңілдетілген бағдарламаны іске қосады. Бірінші жылы 300 млрд теңге сомасында 12 мың несие, одан кейін жыл сайын 200 млрд теңгеден 8 мың несие беру жоспарлануда.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесіне тоқталған министр еліміздің 8 өңірінде 39 проблемалық объект бар екенін хабарлады. Оларды аяқтау үшін мемлекет қаржыландыруды бөлу және инвесторларды табу бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Осылайша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Астанада 9 үлестік құрылыс объектіні аяқтап, 484 отбасыға кілт беру жоспарлануда.

ҚР ӨҚМ талдау нәтижелері бойынша салынып жатқан 581 үлестік құрылыс объектісі анықталды, оның ішінде 421-і үлескерлердің қаражатын заңсыз тартып, рұқсатсыз салынуда.

Проблемалық объектілердің көбеюіне жол бермеу үшін мемлекеттік реттеуді күшейту шаралары әзірленді. Оларға: алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу, айыппұл санкцияларын ұлғайту (300-ден 2000 АЕК-ке дейін), үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу, салынып жатқан тұрғын үйді қолма-қол қаражатсыз сатып алуға тыйым салу. Бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

Сырдағы ахуал қалай?

Халықты тұрғын үймен қамтуға келгенде Сырдағы жұмысты өзгелерге үлгі етуге болады. Әрине, біз бұл сөзімізбен Қызылорда облысы баспана мәселесін түбегейлі шешті деуден аулақпыз. Әйтсе де атқарылған ауқымды жұмыс та жоқ емес. Он күнге созылған наурыз мерекесі қарсаңында Сыр бойында 200-ден астам отбасына пәтер берілді. Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден 80 отбасыға пәтер кілтін табыс еткен рәсімде облыс әкімі халықты тұрғын үймен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем толталған еді.

– Халықты баспанамен қамту еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірлік атқарылуда. Өткен жылы 4108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмірінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлік  70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты  болады. Жыл басынан бері Тасбөгет кентінде 172 отбасы баспаналы болса, бүгін міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен 80 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алдағы аптада «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 отбасына үй кілті табысталады. Бұл – тұрғындар әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекет қолдауының нақты көрінісі, – деді аймақ басшысы.

Құрылыс жұмыстарына келгенде Сыр өңірінде ауыз толтырып айтарлық жаңалық жеткілікті. Жақында ғана 1000 орындық «Өнер орталығы» ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Өткен жылы «Отбасы орталығы» мен «Анаға тағзым» орталығы ашылған болатын. 

Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәліметке сенсек, 2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. 2024 жылы 110 нысанды салуға 94,5 млрд теңге бөлінді. Мұндай дерек облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құрылыс саласында жұмыс істейтін мекеме өкілдерімен кездесуінде айтылды.

Қызылордада 7 қабатты үйлер салынуда

Құрылыс саласына қатысты деректер алға тартылып, мақала жазылған соң облыс орталығында атқарылған жұмыстарға да тоқтала кетейік. Сыр өңірінің бас қаласында атқарылған жұмыс аз емес. Қолда бар деректерге қарағанда 2023 жылы «Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі» коммуналдық мекемесіне бюджеттік жоспары 35 628,1 миллион теңге болып бекітілген екен. Мамандар оның 34 999,7 миллион теңге қаржысы, яғни 98 проценті игерілген деп отыр. Игерілмеген қаржы көлемі 628,4 миллион теңгені құраған. Мұндай ақпарды Қызылорда қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Дінмұхаммед Сырлыбаев өткен жылы атқарылған жұмыстар  туралы есебінде баяндаған болатын.

Бөлімге бөлінген бюджеттің басым бөлігін тұрғын үй құрылысына жұмсалатыны белгілі. Былтыр «Тұрғын үй құрылысы» бағдарламасы аясындағы бюджеттік  жоспар 11 404,3 миллион теңгені құрап, оның 11 303,8 миллион теңгесі игерілген. Сонымен қатар 2022 жылы аяқталмаған СПМК-70 мөлтек ауданы №2 тұрғын кварталында қабылданбаған 50 пәтерлі №8 тұрғын үй қабылданған.  Сондай-ақ, 2022 жылы басталған Сырдария өзенінің сол жағалауында №2-ші шағын ауданында 470 пәтерлі ипотекалық 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған.

Бүгінде Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жағалауы №3 мөлтек ауданында 7 қабатты 84 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 
Құрылыс бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Спорт объектілерін дамыту» бағдарламасы аясында 514,5 миллион теңге Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы пайдалануға берілген. Сонымен бірге «Газ тасымалдау жүйесін дамыту» бағдарламасына 724,4 миллион теңге бөлініп, толықтай игерілген. 2021 жылы басталған Қызылорда облысы Маханбет және Наурыз кентінің ішкі орамды газ құбырын салу жобасын аяқтауға облыстық бюджеттен  57,5 миллион теңге бөлініп,  жоба өткен жылы мамыр айында пайдалануға берілген. Қызылорда қаласы Қосшыңырау  ауылдық округінің Абай,Досан елді мекендерінде «Газ құбыры желілерін салу» жобасына Ұлттық қордан 566,3 миллион теңге және облыстық бюджеттен 62,9 миллион теңге бөлініп, халық игілігіне пайдалануға берілген.

Құдайға шүкір, Қызылордамыз күннен-күнге жаңарып, жасарып келеді. Көшелер жөнделіп, жарықтандыру мәселесі де шешімін тапқан. Білім мен мәдениетте де, спортта да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жеткілікті. Мектептер мен мәдениет үйлері қайта соғылып, бірқатары күрделі жөндеуден өткізілді. Бизнестің тізгінін ұстап, өз ісін ашып кәсіппен айналысатындардың да қатары көбейіп келеді. 

Айта кетейік, соңғы жылдары Қызылорда қаласының өзінде 12 шағын аудан бой көтеріп, 270 көп қабатты тұрғын үй салынған. 7000-ға жуық азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлаған. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен елді мекендердің сәнін келтіретін әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. 

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 

 

Тағы да оқыңыз: