Kyzylorda-news.kz Ойын қуған нағыз балалық шақтың балғын кезі. Дөң басында шана теуіп, тығылыспақ ойнап, бақша ішінде достармен үй болып, арық жиегіндегі балшықпен ойнайтын сәттер еді. Әлі күнге дейін есімде. Менің балалық шағымның таспалары Орал қаласында өтетін. Сонда нағашы әжем бізге қарайлап жүріп, таза ауада кілемді жерге жайып жіберіп, тоқыма тарақтарын алып, ұзын жіптерді қойып алаша тоқитын. Мұның барлығы балалығым шағымның бір сәт көрінісі. Ұмытпаппын. Одан қалды ұршық иіріп, алаша, текемет басатын. Біз оны қызықтап қасына барып, көмектесетінбіз. Бұл бейнелер менің санамнан, жүрегімнен естен кетпес бақытты сәттердің естелігі болып қалды. 

Иә, қазіргі таңда ұршық иіріп, текемет басатындарды жиі кездестіре бермейсіз. Осы мақсатта біз қазақы қаймағы бұзылмаған шаңырақтарды аралап, ұршық иіретін аналарымызды іздедік. Басты мақсат – қазақ халқының салт-дәстүрімен сабақтасқан шаруашылығын қалың оқырманға дәріптеу. Ел өмірімен біте қайнасып келе жатқан әдет-ғұрпымызды игі мақсаттарда қолдану, ұмыт қалғандарын қайта жаңғырта отыру, халық арасында насихаттау – әрбір қазақтың парызы. Мақсат түсінікті. Ендігі кезекті тапсырма ұршық иіретін әжені табу. Тағы да балалық шағымды еске алып жаяу жүріп келемін. Қайдан табамын? Мүмкін ауылдарға барып, іздеп көрермін?! Көне көздер бар? Болса қайдан табамын? Сансыз сұрақтар сарнап тұр. Іздегенімізге қарай таптық-ау. Десек те, тапқан кейіпкерлер «кезінде иірдік, ұмытып қалдық» деумен ғана шектелді. Бір қарағанда үлкен кісілерді көрсеңіз жүн иіретін сықылды. Жақсы жаңалықты естіген соң апыл-ғұпыл апаның жұмыс істейтін Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейіне қарай бет алдық. 

Ардагүл Боранбайқызы – қолөнерді жанына серік еткен ақжаулықты ана. Бала кезінен анасының жанында жүріп пима, көйлек, шапан, сәукеле тігетін. Жасы алпысқа алқымдаса да әлі күнге дейін термелі алаша, басқұр тоғып, ұршық иіріп, киіз баса алады. Кәсіби тігіншілерден еш қалыспайды. Әңгіме арасында ападан ұршықты қалай иіру керек екенін сұрап көрген едік. Сонымен қатар ұршық иірудің қыр-сырын үйретті.

– Алдымен жіп иірудің екі түрлі құралы бар. Бірі – ұршық болса, екіншісі аяқпен айналдыратын жіп иіруіш. Жүн иірудің де екі тәсілі бар. Біріншісі – шүйдені сол қолдың сыртына іліп қойып иірсе, келесі – шүйдені жоғарғы үйдің қабырғасына іліп қойып иіру. Бұл әдіс саусақтардың ширек қимылдауын керек етеді, – деді.

Апа айтқан әдіспен таза түтелген жүнді ұршыққа салып иіре бастадым. Сол кезде балалық шағымның балғын кездері ойға оралды. 

Осындай тамаша көріністерден не ұғуға болады? Шындығында, сонау замандардан көненің көзіндей боп жеткен мұраны көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпақ арасында насихаттау бүгінгі – міндет. Себебі бұл өнер түрі қай кезеңде болмасын өз өміршеңдігін дәлелдеп қойғандай. Мәселен, тарих беттеріне үңіліп қарасақ, ел аумағында бұл дүниені шаруашылықта пайдалану неолит заманынан бастау алады екен. Қола дәуіріндегі ескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған оның қалдықтары да көптеп табылған. Ал тарихшы мамандардың айтуынша, ежелгі Шығыс елдерінде де қол ұршығы пайдаланылған көрінеді. Демек, бұл біз көріп жүрген дүниенің тарихы тереңде жатқандығын аңғартады. Бүгінгі таңда тоқыма өндірісі жедел дамып, түрлі техникалар іске қосылғанмен, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған кей аудандарда, ауылдарда қарапайым ұршықтың дәурені әлі де өте қоймағандығын мойындаған жөн. 

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз осындай қолөнерді насихаттап көпке дәріптеп жүр. Әрбір жұмысының барысынан шыдамдылық пен ұқыптылықты, саусақтарының икемділігі мен істі шапшаң бітіруге деген қасиеттерін көре алдық. Тіпті музейдегі ұлттық реңк беретін сәнді заттар Ардагүл апаның қолынан шыққан.

Тағы да оқыңыз: