Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы, Ақжар ауылдық аналар кеңесінің жоспарына сай ауыл әкімшілігінің қолдауымен «Ардагерлерді ардақтаймыз» жобасы бойынша зейнеткер ардагерлер, Ауған соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар жылдағы дәстүр  бойынша бір күндік саяхатқа шықты. Бірінші кезекте ардагерлер Нартай Бекежанов атындағы облыстық академиялық-музыкалық драма театрындағы Мадина Омарованың «Шанель №5» деректі драмасын тамашалады. 
Қойылым барысында қазақ зиялыларының аяулы жарларының бастарынан кешкен сан түрлі адам төзгісіз оқиғаларымен бірге өмірлеріндегі естеріне алар қызықты сәттерін мен ұмытылмастай естеліктерін шебер көрсете білді. Қойылымға қатысқан ардагерлер кейіпкерлермен бір сахнада жүргендей әсерде қалдырған актрисалар Бейімбет Майлиннің жұбайы Күнжамал Майлинаны  сомдаған Зәуре Көздібаева, тергеуші жігітті ойнаған Нұрдәулет Баймаханов, түрме атаманы болған Баян Қали, француздың сүйкімді қызы Ақбота Есмұхамбетова тағы басқа өнерпаздар көрермендердің ықыласына бөленді.
Бұдан кейін ардагерлер аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың  бастамасымен бой көтерген мәдени нысан шежірелі өлкеміздің 85 жылдығы мен қарттар күніне орайластырып көптің игілігіне берілген «Анаға тағзым» орталығын аралады. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауындағы басты талаптардың бірі – креативті индустрияның жандануын ұйымдастыру. Орталықтағы «Креативті индустрия орталығы» атты көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Көрмеден қызылордалық кәсіпкер қыз-келіншектердің өз қолдарынан шыққан туындыларын, сатылымға шығарған қолөнер бұйымдарын  көрдік. Ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекейлер,тұрмыстық заттар, бесік және қыз жасауы, той табақтар. көздің жауын алады.
Орталық қызметкерлері «Мирас» әжелер клубы, «Береке» аспаздық студиясы, «Ұлт жақұты» музейлік залы, «Анаға тағзым» экспозициялық кешені, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Ана тілі» дебат клубы, Психолог-медиатор кабинеті, «Жас отау» жас отбасылар клубы, «Шамшырақ» фото-бейне студиясы, Конференция залы, Мәдени концерт залы, Coworking орталығы жайлы орталық қызметкерлері жан-жақты таныстырды.
Алтынай Бекмағанбетқызы басқаратын ұжым мүшелеріне дән риза болдық. Бұл орталықта өнер иелерінің, шығармашылық ұжымдардың ұлттық, акедемиялық, симфониялық және эстрадалық бағыттағы концерттері, түрлі форматтағы қоғамдық және мәдени-көпшілік шаралар өткізіледі.
«Ардагерлерді құрметтеп,осындай рухани демалыс сыйлап, демеушілік көрсеткен «Ақжар» және «Ораз ахун» қос шаруашылығының басшылары Нұрлан Жәмитұлы, Жомарт Жақсылықұлы, ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызы, аналар кеңесінің төрайымы Рая Қайырқызына айтар алғысымыз шексіз», – дейді ардагерлер атынан сөз алған Бейбіт Әбішев.
 

Тағы да оқыңыз: