Kyzylorda-news.kz   Қызылорда  қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бақылауында облыс орталығындағы азық-түлік сататын төрт базар («Ас-бол» базары, «Сыбаға» базары, «Жайна» базары,  «Қанат» базары) және он бес сауда үйі  («Сұлтан», Сырдария», «Смолл», «Аль-Асад», «Тұран»,  «Жібек жолы» сауда оын-сауық орталығы, «Радуга», «Қызылорда», «Алатау», «Бейбарыс», «Айт-Бек», «Отырар», «Мирас», «Мереке», «Ақ сарай», «Қызылорда», «MAGNUM CASH &CARRY» сауда үйі) тіркелген. Бұл туралы Қызылорда қалалық мәслихатының әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының  отырысында қалалық  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлмира Сыздықова баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, Қазақстан  Республикасы Денсаулық  сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы ҚР ДСМ-220/2020 бұйрығымен бекітілген «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесінің»  4 бөлімі 34 тармағында азық-түлік базарлары, көтерме және бөлшек сауда объектілері эпидемиялық мәні болмашы объектілер тізбегінде болуына байланысты, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізілмейді. Тек базарлар мен сауда үйлеріне  қала тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар тіркелген жағдайда  және құқықтық органдардың талаптарына сәйкес басқарма тарапынан жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі екен. Сондай-ақ, базарлар мен сауда үйлерінде санитариялық қағидалар талаптарының сақталуына басқарма тарапынан мониторинг жүргізіліп отырады. 

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жоспарға сәйкес тексеру кестелеріне базарлар мен сауда үйлері енгізілмегендіктен басқарма тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілмегенімен, қолданыстағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 4 тамыздағы  №ҚР ДСМ-73 бұйрығымен бекітілген «Тамақ  өнімдерінің  көтерме  және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидасының (әрі қарай – Қағида) 1-тарау 3-тармағының   7-тармақшасында   санитариялық күн  айына кемінде бір рет жүргізілуі жөнінде қала төңірегінде орналасқан сауда базарлары мен сауда үйлерінің басшыларына хаттар жолданып отырады.  Хатта азық-түлік сататын сауда базарлары мен сауда үйлерінде айына кемінде бір рет жүргізілетін санитариялық күні үй-жайларында  күрделі жинау, тазалау, жуу және дезинфекциялау, қажет болғанда үй-жайларды дезинсекциялау және дератизациялау жүргізілуі қажет. 

Басқарма тарапынан «Отырар», «Мирас», «Айт-Бек» сауда үйлері, «Жайна» базары әкімшіліктерінен сауда орындарының айына бір рет жабылатындығы көрсетілген хаттар жолданған. Ал «Ас-бол» ЖШС  және «Сыбаға» ЖШС базарларының басшылығы тарапынан азық-түлік базарларды санитарлық күнге жауып, атқарылған  іс шаралар жөнінде мәліметтер бүгінгі күнге дейін ұсынылмаған. Яғни, бұл базарлардың  үй-жайларында  қағида талаптарына сәйкес  күрделі жинау, тазалау, жуу және дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау іс-шаралары жүргізілмейтіндігі анықталған. 

     –  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексінің 51 бабында    халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау мен қадағалауға жататын нысандарда қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өндірістік бақылаудың тиімді жүйесін әзірлейді, құжатпен ресімдейді, ендіреді және жұмыс істейтін жағдайда ұсталады. Өндірістік бақылауды қамтамасыз ету дара кәсіпкерге немесе заңды тұлғаның басшысына жүктелетіндігі көзделген. Қаламызда орналасқан базарлар мен сауда үйлері бүгінгі таңда өндірістік бақылау бағдарламасыз жұмыс істеп отырғандығы белгілі. Азық-түлік базарында өнеркәсіпте дайындалмаған (үйде дайындалған) герметикалық қапталған, консервіленген тамақ өнімдерін, кондитерлік өнімдерді, аспаздық (ет және балық, көкөніс, ұн) бұйымдарды,  жас және қайта өңделген саңырауқұлақтарды өткізуге жол берілмейді. Алайда, аталған сауда орындарында  үй жағдайында дайындалған сапасы мен қауіпсіздігі белгісіз тағам өнімдерінің сатылуына жол берілген. Атап айтатын болсақ, «Жайна», «Ас-бол», «Сыбаға» базарларында «Сұлтан», «Айтбек», «Мирас» сауда үйлерінде даярланған орны белгісіз кондитерлік өнімдер, «Сыбаға» базарында  салаттар (саңырауқұлақтан жасалған, қырыққабат, қиярдан жасалған тұздықтар)  бөшкелермен сатылуына жол берілген. «Мирас» сауда үйінде тез бұзылатын  кондитерлік өнімдердің тоңазытқышта сақталмай ашық күйде сатылуда, – дейді басқарма басшысы Гүлмира Сыздықова.

Сонымен қатар сауда үйлерінде, базарларда жануардан алынатын өңделмеген тамақ өнімдерін (ет, балық, құс еттері, сүт өнімдері)  қабылдау, сақтау, тасымалдау және өткізу ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бар болғанда ғана жүргізілуі қажет. Алайда бүгінгі күнде сараптама нәтижелерінсіз, қолданыста болған сусындардың құтыларына (баклашка) құйылған сүт өнімдерін сату тоқтатылмай  келеді. Сол сияқты      саудадағы көкөністер, жеміс-жидектер мен бақша дақылдары адам ағзасына зиян құрамындағы нитраттардың көрсеткіштері туралы анықтамаларсыз сатылуға  рұқсат берілмеуі қажет. Алайда, көрші облыстардан, басқа елдерден  келетін ерте піскен жеміс-жидектер мен бақша дақылдары ара-кідік  тексерумен қамтылып, сатылымға шығарылған өнімдердің  сапасы мен қауіпсіздігі талапқа сәйкестігіне күмән келтіреді. Осы жағдайларға байланысты қала тұрғындары  арасында өткен жылы 1464 жіті ішек инфекциясы диагнозымен тіркелген науқастардың 53 сараптамаларында  медгемоглабин анықталған. Бұл науқастардың құрамында нитраттары шектен тыс жеміс-жидектер мен бақша дақылдарын асқа пайдалану барысында ауырғандығының көрсеткіші болып табылады. 

       Басқарма басшысы осы орайда «Сыбаға» және «Ас-бол» ЖШС базарларының айналасы белгіленбеген сауда орындарына айналғанын, халықтың жүріп-тұруына, тазалық талаптарының сақталуына кері әсерін тигізіп жатқандығын жеткізді. 

Сонымен қатар, уақытша жаз-күз айларында  қызмет ететін базарларда (Яссауи көшесі бойында, 3 іріленген квартал)  талапқа сәйкес сауда жабдықтарымен (көрме жабдықтары, витрина, тоңазытқыш жабдығы, сөре, стеллаж және өзгелері), автокөлікке арналған тұрақтар, тұтыну қалдықтарын жинауға арналған контейнерлері бар алаңдар, санитариялық тораптар (дәретханалар), сауда құрылғыларын жуатын орындар қарастырылмаған, тұтынушылар мен сауда қызметкерлерінің жеке бас гигиенасын сақтауға жағдай жасалмағандығы да комиссия отырысында сөз болды. 

Биыл ақпан айында  тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда обьектілерінің қызметкерлерінің  арасында тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және  тағамнан уланудың алдын алу шаралары туралы ақпараттық-түсіндірме және сауда обьектілерінің қызметкерлерінің санитариялық талаптар жөнінде білімін арттыру мақсатында басқарманың 09.02.2024ж. №9 бұйрығына сәйкес «Қауіпсіз тағам таңда!» тақырыбында  «Сыбаға», «Жайна»   азық-түлік базарлары мен «Сұлтан», «Айт-Бек», «Отырар», «Қызылорда», «Анвар», «Ақсарай» сауда үйлерінде   акция ұйымдастырылып өткізілген. Акция барысында атқарылған іс-шаралар туралы «Анвар» сауда үйінде «Қоғам ТВ» телеарнасына сұқбат берілген. Бұл туралы басқарманың әлеуметтік желілеріне (Facebook,  Instagram парақшаларына) акция барысында атқарылған іс-шаралар туралы он шақты ақпарат жарияланған. Акция барысында жедел ішек аурулары және тағамнан уланудың алдын алу, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы, тағам өнімдерінің таңбалануы тақырыптарында барлығы 610 дана үн парақшалар таратылып, 16 плакаттар ілініп, сауда нысаны қызметкерлері мен тұтынушыларға кең көлемде санитариялық ағарту жұмыстары жүргізілген.

– Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыру» алгоритміне (28.08.2023 жылғы шығыс №24-24-1-2/1676-И) сәйкес (әрі қарай – Алгоритм) бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою бойынша өткен жылы 26 ұсыным (12-сі орындалған, 14 ұсыным талаптары орындалмаған), 2024 жылдың 1-ші тоқсанында  25 ұсыным (5-еуі орындалған, ұсыным талаптары орындалмаған - 10, орындау мерзімі бар – 10) рәсімделді, – деді сала басшысы Гүлмира Жамбылқызы.

Тұрақты комиссия отырысында бұдан бөлек Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы да айтылды. Қызылорда қаласының әкімшілік аумағы аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (әрі қарай - КҚГҚ) ауруының табиғи ошағында орналасқандықтан, аталған аурудан қолайсыз болып саналады.  Былтырғы жылы алғашқы диагнозбен КҚГҚ 13 жағдайы тіркелді, оның 1 жағдайы (шілде айында) клиникалық және зертханалық расталған. Науқас ересек адам. Жүргізілген эпидемиологиялық тергеп-тексеру қорытындысымен Абай ауылы, Құмкөл (17 км) тас жолында орналасқан фазендада жеке шаруашылықтағы ауылшаруашылық  мал бастарын бағуға барғандығы және кене шағумен байланыстыратындығы анықталған. Ауру оқиғасы қолайсыз аймақтан. Науқас толық емін алып айығып, ауруханадан шығарылған. Қызылорда қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының кезекті эпидемиялық маусымында (17.04.2024ж.) аурудың ықтималды бір жағдайы тіркелген. Науқас 39 жастағы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылының тұрғыны. Ауру оқиғасы медициналық қызмет көрсеткен 2 медициналық ұйымдарда (көп салала қалалық аурухана және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы) эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралары ұйымдастырылып жүргізілген. Қалалық емханаларға берілген «Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулыларға сәйкес ошақта және медициналық қызмет көрсеткен шамалы қауіпті байланыста болған 2 адам аймақтық емхана дәрігерлерімен медициналық бақылауға алынған. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ИФА, ПЦР бірінші сынамаларының оң нәтижесі және клиникалық белгілері негізінде науқастың диагнозы «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, расталған жағдайы» бекітілген. Науқас қолайсыз аймақ тұрғыны,  медициналық көмекке кеш жүгінген, көрсетілген арнайы ем-домға  қарамастан өкінішке орай 18.04.2024ж. сағат 07.30-да науқас қайтыс болады. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес ауру оқиғасы анықталу орны бойынша тіркеу мен есепке алынған.

Басқарма басшысы Гүлмира Жамбылқызының айтуынша, табиғи ошақтарда аурудың тіркелу қауіпі әлі де жоғары. Былтырғы жылы 669 кене шағу жағдайы орын алса, биылғы жылдың бүгінгі күніне дейін  кене шағудан зардап шеккен 38 адам тіркелген. Ағымдағы 2024 жылы қалаға қарасты Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қолайсыз аймақтары ретінде соңғы 3 жылда аурушаңдық тіркелген  және  соңғы 2 жылда оң нәтижелі кенелер анықталған 12 ошақ есепке алынған. Оның ішінде Қызылорда қаласы («КБИ» аймағы, ПМК-29, «Байтерек», «Әл-Фараби» мөлтек аудандары), Тасбөгет кенті, Белкөл кенті («Көкжиде» аймағы, Бірқазан ауылы), Абай, Баймұрат батыр, Досан, Ж.Махамбетов, Иіркөл, Қарауылтөбе, Қызылжарма, 11 бекет (Талсуат) елді мекендері және Қараөзек станциясы бар. 

         Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қолайсыз аймақтарында  кенелерге қарсы өңдеу басталғанға дейін елді мекендердің  санитариялық-қорғаныш белдеулерін, мал шаруашылығы үй-жайларын қидан, қоқыстан  тазалауды және малдарды жазғы жайылымға айдаған кезде уақытша орындарды, ашық қораларды, қоршаған аумақты тазалауды ұйымдастыру мақсатында және уақ мал бастарын кенеге қарсы тиімді және сапалы өңдеуде 9 тоғыту ванналарының жұмысын қамтамасыз ету бойынша 7 ауылдық округ және 2 кент әкімдеріне қатынас хаттар (14.03.2024ж. №24-34-19-06-12/ 733, 736, 738, 740, 741,742,743,744,745) ұсынылған. Сондай-ақ, басқарма мамандарымен Қызылорда қаласы бойынша қолайсыз аймақтардың санитариялық-қорғаныш белдеулерінде, буферлік аймақтарында және мал қора-жайларында кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының сапалы және тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылған жұмысшы топ құрамымен механикалық тазалау жұмыстарына мониторинг және тұрғындар арасында насихаттау жұмыстары жүргізілген. Мониторинг барысында Белкөл кенті, Абай, Баймұрат батыр, Ж. Махамбетов, Қарауылтөбе,  Иіркөл елді мекендерінің және №11, Бірқазан, Қараөзек бекеттерінің санитариялық-қорғаныш белдеулерінің аймақтары    қоқыстардан (бұзылған  ескі мал қоралар және көңдерден) тазаланбағандығы анықталған. Белкөл кенті М. Абенов көшесі №49 үй (Н. Қожақметов),  Есмаханов көшесі №9 үй (М. Абенов), Тасбөгет кенті, М. Шоқой  көшесі № 57 үй (Ж. Ерманова), Абай  көшесі №102 үй (А. Абсадықов), Абай ауылы аймағында орналасқан сиыр фермасы тұрғындары (С. Қарлыбаев, С. Дүйсеналиев,  М. Рахметов, К. Ильясова),  Баймұрат батыр  ауыл тұрғындары (А.Тұрымбетов, Ж. Омарова,  К. Издікулов), Бірқазан  бекеті тұрғындары  (Ж. Искаков, Ж. Арысбаев Ж),  Досан ауылы тұрғыны  (А. Асқарова), Ж. Махамбетов ауылы Жакенов көшесі №12 үй (Ж. Найзағараев), Ү. Тоқмағанбетова көшесі номерсіз үй (Ғ.Маханбетов), Қарауылтөбе ауылы тұрғындары (Д. Оразбаев, С. Бермағанбетов), Қараөзек бекеті тұрғындары  (Ж. Беркімбаев, Б. Сейітов, А. Жүсупов, Р. Беркінбаев, Б. Балпанов, Ш. Наурызбаев) және  Иіркөл елді мекен тұрғындары  (А.Маханбеталина, Ш. Сағындықов  Б. Шалабаева, М. Қазқожаев,  А. Ықыласов) қора-жайларға механикалық тазалау жұмыстарының толық жүргізілмегендігі және жиналған көң-қиларды қорадан шығарылмағандығы анықталған. Аталған тұрғындарға жұмысшы топ тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізу туралы елді мекен әкімдеріне тапсырмалар берілген. Сонымен қатар, Қызылорда қалалық ветеринариялық станциясымен қолайсыз аймақ қатарындағы «Байтерек» мөлтек ауданындағы «Байтерек-4» № 18 көше, № 30 үй тұрғынының (Ж. Есқалиева) мал қорасы және 10 бас уақ малы есепке алынбағандығы да анықталған.

         Ауылшаруашылығы  жануарларын, оның ішінде уақ мал бастарын кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын сапалы жүргізуде тоғыту ванналары тиімді саналады. Осы орайда басқарама мамандары Қызылорда қаласына қарасты барлық кент және ауыл округтерінде тоғыту ванналарының жұмысы жүргізілген жоқ. Уақ мал бастарын тоғыту ванналары Қызылорда қаласына қарасты барлық кент және ауыл округтеріндегі 9 мал тоғыту ванналарының жұмысы 2020 жылдан бастап іске қосылмағандығын анықтаған. Мониторинг жүргізу барысында Абай, Баймұрат батыр, Қарауылтөбе ауылдарында тоғыту ваннасынан кететін лас суды жинайтын  шұңқыр қоршалмаған. Мұнымен қоса, «Қолайсыз» аймақтар қатарындағы кент және ауылдық округ әкімдіктері бойынша уақ мал бастарын тоғыту ванналарында кенеге қарсы өңдеу жұмыстарына дезинсекциялық препараттар қарастырылмаған. Қолайсыз аймақтардың санитариялық-қорғаныш белдеулерінде, буферлік аймақтарды құру және ауылшаруашылығы мал бастары мен олардың қора-жайларында көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын 1-кезеңі 11-24 сәуір аралығында жүрзілген. Ал екінші кезеңі 12-24 мамыр аралығында бір мезетте өткізу жоспарланған. ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының дезинсекциялық бригадасымен санитарлық-қорғаныш белдеулерінде (625га) «Дельтаметрин» препаратымен кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының ұйымдастырып үйлестіруімен қолайсыз аймақтардағы буферлік зоналарда және мал бастарына ЖК Б.Танкеевтің «Дезинфекция и К», «Satti tulik», «Ақтөбе-Дезинфекция» ЖШС мекемелерімен ауылшаруашылық мал бастары  (28215, оның ішінде 7927 уақ мал) мен мал қора-жайларына (65400 ш.м) «Ципэк» препаратымен кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүзеге асырылатын болады.   

         Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының Қызылорда қаласына қарасты қолайсыз аймақтардың санитариялық-қорғаныш белдеулеріне, буферлік аймақтарына, ауылшаруашылық малдары мен қораларына жүргізілген көктемгі-күзгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының тиімділік сапасы  2023 жылы  93,3 проценттен - 100 процентті құраған. Кезекті эпидемиялық маусымда көктемгі кенеге қарсы жүргізілген өңдеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігін бақылау жұмыстарын  жүргізу бірлескен бұйрыққа сәйкес 12-24 мамыр  аралығында жоспарланған. 

Сонымен қатар Қызылорда қаласы аса қауіпті құтыру ауруының табиғи ошағы болып табылады. Өткен жылы қалада адамдар мен жануарлар арасында құтыру ауруы тіркелмеген. Дегенмен, қала бойынша құтыру ауруының тіркелу қаупі өте жоғары саналады. Сондықтан әЖаңа ртүрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шеккен өткен  жылы 857 адам тіркелсе, ағымды жылдың 1-тоқсанында 176 жағдай орын алған. Жануарлар жарақатынан зардап шеккендер саны тұрақты болып қалуда. Тіркелген  барлық жағдайдың   43,4 проценті   14 жасқа дейінгі балалар үлесінде екен. Қала тұрғындарын жарақаттаған жануарлардың 84,2 проценті иттер болса, 14,4 проценті мысықтар және 1,2 проценті басқа жануарлар. Жарақаттаушы жануарлардың 51,6 проценті егелері  белгілі болса, 48,3 процентінің иесі  белгісіз, яғни қаңғыбас ит-мысықтар болып анықталуда. Қаңғыбас иттердің басым көпшілігінің егесі бар, бірақ байланбай, еркін көшеде жүрген иттер. Құтыру ауруларының негізгі ауру көзі иттер болып табылса да, бүгінгі күні қаладағы иттер мен мысықтардың  нақты саны жоқ. Құтыру ауруына қарсы егуге өткен жылы жоспарланған 9000 ит және 2500 мысық қамтылып, арнайы базаға енгізілген. Осы көрсеткіштер 2022 жылмен салыстырғанда еш өзгеріссіз қалғанын айтып мамандар дабыл қағуда.

– Құтырудың алдын алуда шешімін таппаған мәселелер ҚР ДСМ 12.11.2021ж. №ҚР ДСМ-114 бұйрығымен бекітілген «Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық  қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 133 тармағына сәйкес,   адамдарды немесе жануарларды тістеген иттер, мысықтар және басқа да жануарларды ветеринария мамандарымен 10 күнтізбелік күн ішінде оқшаулау мен бақылауда оқшаулағыш үй-жайы  қарастырылмаған. Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның 2 тарау 9-ыншы бабының 2-інші пунктінде жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жануарларға арналған панажайларды салу мен күтіп-ұстауды ұйымдастыруға, жануарларға арналған жекеше панажайларды қоса қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы екендігі көрсетілген. Панажайлар іске қосылмаған жағдайда егесіз ит-мысықтар саны көбейетіні анық. Қала көлемінде егесіз ит-мысықтар қалаға қарасты елді мекендердің күл-қоқыс маңын паналап, қала тұрғындарының жүріп-тұруына кедергі келтіруі, адамдардың құтыру вирусын жұқтыру тәуекеліне ұшырауы мүмкін. Құтыру - аса қауіпті жұқпалы және 100 процент өлімге әкеп соқтыратын, жылдың барлық мезгілінде тіркелетін табиғи-ошақтық ауру. Ауру көзі - табиғаттағы жабайы жануарлар шакалдар, мәлімдер, қасқырлар және жарқанаттар. Табиғи ошақтарда құтыру қоздырғышының айналымы жүреді. Қаланың шеткі аймақтарында қыс, көктем айларында азық  азайғанда елді мекендерге кіріп, қорек іздеу және үй малдарымен қарым-қатынасқа түсу фактілері де орын алады. Ол құтыру ауруын жұқтырумен қауіпті. Қала бойынша жабайы жануарлар арасында құтыру ауруын уақытылы анықтау және оның таралуының алдын алу мақсатында атқарылатын шараларға, яғни жабайы жыртқыш аңдармен күресуде олардың санын реттеуге өткен жылы  қаржы қарастырылған жоқ, – дейді сала басшысы. 

Басқарма басшысы Гүлмира Сыздықова өз баяндамасында қолданысқа енген Қағиданың 121 тармағына сәйкес  кәсіби қызметі құтыруды жұқтыру тәуекеліне байланысты адамдарға, яғни  зертханалардың қызметкерлері, оның ішінде сынама алуды жүргізетін, виварийлер және құтыру қоздырғышының болуына зерттеу жүргізетін және жануарлармен жұмыс істейтін басқа да ұйымдардың, мекемелердің персоналы, қараусыз қалған жануарларды аулау және ұстау бойынша жұмысты орындайтын адамдар, аңшылық және орман шаруашылығы органдарының жұмыскерлері, қорықшылар, мал сою орындарының (алаңдарының) қасапшылары, таксидермистер, кинологтар және құтырумен ауыратын жануарлармен ықтимал қарым-қатынас тәуекелі болған басқа адамдар, құтырумен ауырған науқасқа парентеральды араласуды жүргізуге қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері және патологоанатомдарға  құтыруға қарсы профилактикалық вакцинациялау 2021 жылдан бастап ұйымдастырылып жүргізілгенін жеткізді. Алайда қалалық емханаларда тиісті контингенттерді құтыруға қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер өз деңгейінде ұйымдастырылып жүргізілмеген. Оның айтуынша, қалалық емханалар тарапынан жоспарланған 190 тәуекел тобының 36-сы немесе 19 проценті ғана екпемен қамтылған. 

Осы орайда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлмира Сыздықова тұрақты комиссия мүшелеріне өз ұсынысын білдірді. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 4 тамыздағы  №ҚР ДСМ-73 бұйрығымен бекітілген «Тамақ өнімдерінің  көтерме   және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидасының 1-тарау 3-тармағының   7- тармақшасына сәйкес   базарлар мен сауда үйлері, сауда орталықтарында айына кемінде бір рет санитариялық күнге жабылуын  және  сауда күрделі жинау, тазалау, жуу және дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау жүргізілуін қамтамасыз ету, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар базарлар мен сауда үйлерінің  өндірістік бақылау бағдарламасымен жұмыс жасауын  қамтамасыз ету, уақытша жаз-күз айларында  қызмет ететін базарларды (Яссауи көшесі бойында, 3 іріленген квартал)  нормативтік-құқықтық актілер талаптарына сәйкестендіру, азық-түлік базарларында өнеркәсіпте дайындалмаған (үйде дайындалған) герметикалық қапталған консервіленген тамақ өнімдерін, кондитерлік өнімдерді, аспаздық (ет және балық, көкөніс, ұн) бұйымдарды,  жас және қайта өңделген саңырауқұлақтарды өткізуге жол берілмеуін қатаң сақтау, жануардан алынатын өңделмеген тамақ өнімдерін (ет, балық, құс еттері, сүт өнімдері)  қабылдау, сақтау, тасымалдау және өткізу ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері, көкөністер, жеміс-жидектер, бақша дақылдарын құрамындағы нитраттардың болмауы туралы анықтамалары бар болғанда жүргізуді қамтамасыз ету мәселесі бар. 

Басқарма басшысы ұдан бөлек Қызылорда қаласына қалаға қарасты Конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қолайсыз аймақтарында (12 аймақ)  көктемгі-күзгі кенелерге қарсы дезинсекция жұмыстарының мердігер мекемелермен тарапынан сапалы жүргізілуін бақылау, Конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қолайсыз аймақтарында уақ мал бастарын кенелерге қарсы тиімді өңдеу мақсатында  9 тоғыту ванналарының іске қосылуы бойынша мүдделі мекемелермен жұмыс жасау, Конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қолайсыз аймақтарында орналасқан жеке шаруа қожалықтарымен ауыл шаруашылығы мал бастарына, мал қораларына және буферлік аймақтарға (шаңылақ, суат) кенеге қарсы өңдеу   жұмыстарын жүргізу бойынша мүдделі мекемелермен жұмыс жасау, Қызылорда қаласында белгіленген тәртіппен жануарларға арналған панажайларды салу мен күтіп-ұстауды ұйымдастыруға қаражат көзін қарастыру, Қызылорда қаласында адамдарды немесе жануарларды тістеген иттер, мысықтар және басқа да жануарлардың   ветеринария мамандарының 10 күнтізбелік күн ішінде оқшаулау мен бақылау мақсатында  оқшаулағыш салуға қаражат көзін қарастыру, Қызылорда қаласында құтыру ауруының алдын алу мақсатында жабайы жануарлар санын реттеу және жою жұмыстарын ұйымдастыруда қажетті қаражат қарастыру туралы ұсынысын айтты.

 

А.Әлім

Тағы да оқыңыз: