Kyzylorda-news.kz  Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен ауылдық аумақтарды дамыту және салық базасын ұлғайту мәселелері жөнінде арнайы мәжіліс өтті.

Жиында алдымен ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Бұл бойынша аудан әкімі аудандағы жүргізіліп жатқан құрылыс, жол құрылысы, ауылдық елді мекендерді газдандыру, ауылшаруашылық саласын дамыту және «Ауыл аманаты» жобасы аясында халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Мәжілістің күн тәртібінде салық түсімін арттыру және «көлеңкелі» бизнестің жолын кесу мәселелеріде қозғалды. Бұл орайда аудан басшысы ауданда тиімді бюджет және салық саясатын жүргізу, қаржы қазанына түсімдердің толыққанды түсуін, қаржының тиімді жоспарлануын әрі игерілуін нәтижелі ұйымдастыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттің салық базасын ұлғайту бағытында жұмыс жасап, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен аудандық кірістер басқармасының басшысына салық базасын кеңейту, берешекті өндіру бойынша қарқынды жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ бюджеттерінің кіріс көзінің тиімді жоспарлануына және орындалуына жауапкершілікпен қарап, тұрақты бақылау жүргізу қажет екендігін айтты.

Жиын соңында аудан басшысы әрбір мәжілісте берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуын қадағалап, аудан әкімінің орынбасарларына тапсырмалардың өз деңгейінде әрі мерзімінде орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: