Kyzylorda-news.kz. Көктем – Жер-Ананың бусанып, көкпеңбек реңкке енетін кезі. Әр күніне есеппен қарайтын шаруаның аз-кем демалыстан соңғы жаңа күннен ырзық-несібесін жинауға кірісетін уақыты бұл. Қысқы көрпесін тастаған дала да жасыл түске еніп, түрлі техниканың дүбірі айналаны жаңғыртады. Жер жырту жұмысын сәтті аяқтаған дала ерлерінің көңіл-күйі көтеріңкі. Бірер сәтте дән себу жұмыстарына кірісіп кетпекші. 

Сейсенбіде аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және аудан, ауыл ардагерлері мен шаруашылық директорлары мен еңбеккерлерінің қатысуымен «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек бригадасында «Сыр күріші – ел ырысы» тақырыбында алғашқы дән себу рәсімі өтті. 

Іс-шарада аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталды.    

– Баршаңызды көктемгі егін егу науқанының басталуымен құттықтаймын.  «Көктемнің әр күні жылға азық» дегендей, дала диқандарының қызу еңбекке кірісер сәтінде өздеріңізбен кездескеніме қуаныштымын. Аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі – «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алғашқы дән себу рәсіміне қатысып отырмыз. Серіктестік жыл сайын күріштен мол өнім алып, жақсы жетістіктерге жетуде. 

Биыл аудан бойынша 25 231 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріштің көлемі 12 500 гектар. Қазіргі таңда 5 942 гектар егіс дақылдары егіліп, 5 231 гектар ескі жоңышқа тырмаланды. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы егінге қажетті су көлемі аз болуына байланысты бірқатар қиындық туындады. Аймақ басшысының тікелей араласуымен және шаруашылықтардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде бұл қиындықтарды еңсердік. Биылғы жылы да бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жақсы жетістіктерге жетеміз деген сенімдемін. Сонымен қатар биыл Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың негізгі бақша өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету үшін аудан тұрғындарына 408 гектарға қосымша бақшалық жер дайындау жұмыстары жүргізілуде. 

Егін шаруашылығынан бөлек, мемлекет тарапынан елді мекендерді абаттандыру, жол жөндеу және құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. Атап айтқанда, 2023 жылы аудан бойынша 1,2 млрд теңгеге 3 дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілсе, оның біреуі – осы Тұрмағамбет ауылында салынды. Облыстық бюджет есебінен жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын «Самара – Шымкент – Ақжар – Тәйімбет Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталып, өткен жылға 11 шақырымының жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл қалған 16 шақырымына жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, Тұрмағамбет ауылының жалпы ұзындығы 7,2 шақырым болатын 5 көшесін жөндеуге 358 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілу үстінде. Сондай-ақ аудандық бюджеттен 9 млн теңге қаржы бөлініп, ауылдың кіреберісіне ауыл паспорты орнатылды. Оған қоса, «Тұрмағамбет» серіктестігінің демеушілігімен ауылдан жаңадан мектеп құрылысын салу үшін жоба сметалық құжаттары әзірленді. Ол құжаттар негізінде «Білімді қолдау Ұлттық қоры» арқылы 250 орынға арналған мектеп құрылысы үшін 1,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданып, келер жылы жаңадан салынатын құрылыстар тізіміне енгізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жүргізілетін болады. 
Құрметті дала диқандары, сіздердің жаз бойғы қажырлы еңбектеріңіз бен тынымсыз күш-жігерлеріңіздің арқасында қамбаға алтын астық құйылып, ел несібесі молаяды. Бүгінгі Жер-Анаға себілген түйір дән – елдің ертеңгі ырзық-несібесі. Еңбектеріңізге табыс, елімізге тыныштық пен бақ-береке тілеймін, – деді Қармақшы ауданының басшысы Жандос Еркінбекұлы. 

Рәсімде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков дала майталмандарына жылы лебізін білдірсе, ауыл ардагері, мешіттің бас имамы Мінуар қажы Алдашбаев  батасын берді. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Үрліхан Өндібаева «Біздердің бүгін тойымыз» атты арнау өлеңін оқыды. 

Еңбеккерлер мерекесінде ауыл шаруашылық өнімдерінен көрме қойылса, заманауи технология – әуеден егіс алқабына тыңайтқыш себетін дрондар ұшырылды. 
Жиын соңында жиналған көпшілік серіктестіктің қонақжайлылығына алғыстарын айтып, жайған дастарханынан дәм татты.

 

 

Тағы да оқыңыз: