Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда медициналық әлеуметтік сақтандыру маңызды мәселенің бірі болып отыр. Осы тұрғыда «МӘМС жүйесінің мәні неде?»,«Ол не үшін керек және оның тиімділігі қандай?», «Айтулы жүйе аудан жұртшылығы арасында қалай насихатталып жүр?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. 

МӘМС – денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне,тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Бұл модель дүниежүзінің бірнеше елдерінде қалыптасқан. Атап айтсақ, Ұлыбритания, Испания, Италия, Швеция сияқты елдерде қолданылады. Біздің ел МӘМС қабылдауда әлемнің 50-ден аса мемлекетінің сақтандыру тәжірибесіне сүйеніп, өз жобасын түзген. Сондықтан да кеңінен насихатталып жатқан әлеуметтік жүйе аралас модель түрінде болмақ. Енді реформаның қажеттілігіне тоқталар болсақ, азаматтар мен жұмыс берушілер арасында денсаулық сақтаудағы жауапкершіліктің болмауы мен медициналық қызмет көрсетудің қиыншылығы, сонымен қатар жеке адамдардың да өз денсаулығына дұрыстап қарамауы себеп десек, керісінше зиянды әрекеттердің алдын алуға, медициналық тексеруден уақытында өтуге көмегін тигізеді. Халық арасында созылмалы аурулар мен денсаулық сақтау саласындағы қаржылық тұрақтылық және ондағы шығындар мәселесі де оңтайлы әсер етеді.

Енді әңгімені өзімізге ойыстырсақ. Шиелі ауданы бойынша міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудандық көпбейінді орталық аурухананың дәрігері Ербол Тұрғанбаевтың айтуынша, 2023 жылғы қазан айында сақтандырылмағандар – 10 886 болып тіркелсе, ал ауданаралық емханаға тіркелгендер саны – 78 280 құрап отыр. Демек, халықтың 86,4% сақтандыру мәртебесі бар деген сөз.

– МӘМС туралы туындайтын барлық мәселелерді дер кезінде шешу мақсатында медициналық қызметкерлердің  білімін арттыру мақсатында аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері бекітілген оқу күнтізбесіне сәйкес каскадтық оқытулар өткізіледі. Міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізу мәселесі бойынша да ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Халықтың сенімі мен қолдау деңгейін көрсетуде азаматтарды МӘМС жүйесіне қатысудың артықшылықтары мен медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жүргізіліп, кеңінен түсіндіріледі. 

Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты қызмет түрлерін дұрыс ала алмауына байланысты арнайы бөлме жасақталып, бас дәрігердің бұйрығымен мамандар бекітіліп жұмыс істеуде.Жүйеге қалай катысу керектігі, жеңілдігі бар санаттар тізімі, төлем жолдары қалай жүргізілетіні жөнінде түсіндірме нұсқаулығы бар тақтайшалар келушілерге анық көрінетін жерде ғимараттың әр қабатында орналастырылған, – дейді білікті маман. 

Айта кетейік, өзектендіруді қажет ететін қалған – 10 886 (13,6%) адамның 3213-і жұмыспен қамтылған. Ал 362 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Және 428 – жеке кәсіпкер, 524-і азаматтық шарттар арқылы табыс алатын жеке тұлғалар болса, 134-і дербес төлеуші. Қалған 6225 адамның мәртебесі анықталмаған. Қазіргі таңда кент және ауылдық округтерге өзектендіруге жататын азаматтардың тізімі жолданып, үй аралау жұмыстары жүргізілуде екен. 

– Жүргізілген жұмыстар бойынша ақпарат «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалына жолданып отыр. Бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде, үздіксіз жалғасуда. Қор тарапынан ай сайынғы жіберіліп отырған сақтандырылмаған азаматтар тізімі мен МӘМС жүйесіне төлемдер жүргізілмеуіне байланысты тізімдерді ай сайын аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне, Қызылорда облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасы Шиелі аудандық филиалына хатпен жіберіп отырмыз, – дейді сала маманы. 

Мақалымызға арқау болып отырған тақырып өзекті мәселе болғандықтан, бір түйінін шешетін сәт келген секілді. Бұл тұрғыда ұсыныстарда жоқ емес. Біріншіден, халық арасында МӘМС-дың маңыздылығын кеңінен насихаттауды жалғастыру қажет. Екіншіден, жарналарды төлеу көбіне әлеуметтік жағдайларына байланысты жүргізілмей тұр. Осыған сәйкес денсаулық сақтау саласы бойынша біршама қиындықтар туындауда. Атап айтқанда: атқарылған жұмыстардың базаға түспеуі (скрининг, профтексеру т.б.) науқас тиісті ем-тексеру шараларын ала алмауда (жоспарлы стационарлық ем, диагностикалық шаралар (лабораториялық, аспаптық т.б.) Осы түйткілді қолға алмай халықтың бұл жүйеге деген қызығушылығы артпайды. Үшіншіден, уақытша тіркеу изоляторында отырған азаматтардан сот шешіміне сәйкес тиісті анализі алынып түрмеге ауыстыру барысында қиындықтар туындауда. Себебі сотталушы азаматтарда «сақтандыру мәртебесі жоқ», дер кезінде ДУИС-тің ОАД базасына енгізілмеген. Міне, бұл бағытта ІІБ қызметкерлерімен тиісті жұмыстар атқарылуы қажет. Төртіншіден, жұмыс берушілер тарапынан кезекті еңбек демалысына шығушы қызметкерлердің демалған уақытында медициналық сақтандыру жарналары төленбей қалып жатыр. Сол себепті сақтандыру жүйесінен шығып қалуда, жұмыс беруші тарапынан түсіндірме жұмыстары толық жүргізілсе халықтың әлеуеті жақсарады деген ойдамыз. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру– әлемдік деңгейдегі тәжірибе. Жаңа дүниені қабылдауға қашан да уақыт керек. Әйтсе де, уақыт керек  екен деп, одан ұтылуға болмайды. Жүйе енгізілгеніне қарамастан аудандағы бірқатар мәселелер осы күнге дейін толық шешімі табылмай отырғаны жасырын емес. Өзектендіру мен жүйеге тіркеу жұмыстарына шұғыл шаралар қабылдау үшін аудан және кент әкімдіктері мен Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері бірігіп жұмыс жасағандары абзал. 

Тағы да оқыңыз: