Kyzylorda-news.kz  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары ғылыми зерттеулер нәтижесінде ел экономикасының дамуына үлес қосуда. Атаулы күн қарсаңында назарларыңызға қызылордалық әйел ғалымдардың ғылыми жаңалығын ұсынамыз.

Дәнді дақылдың жаңа сорттарын шығарды

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Аграрлық технологиялар» кафедрасының профессоры Тохетова Лаура Әнуарқызы дәнді дақылдардың жаңа сорттарын шығаруда.

Ол өзге де ғалымдармен бірлесіп көп жылдар бойы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде «Сыр Аруы», «Қымбат», «Сымбат», «Құралай», «Елік», «Инкар», «Шахристан», «Қайсар», «Алтын арай» атты жаздық арпа сорттарын, бидайдың «Зарина» сортын классикалық селекция әдістерімен шығарды. Оның басшылығымен алғаш рет Қызылорда облысында дәнді дақылдар (арпа, бидай, сұлы) бойынша толық ауқымды селекциялық процес ұйымдастырылды. Сонымен қатар өсімдік ша­руашылығы саласын әртараптандырудың ғылыми практикалық негізі әзірленді. Ғалымның жетекшілігімен арпаның, бидайдың және сұлының
стресстік факторларға төзімді 750 сорт үлгілерден тұратын генетикалық коллекциясы қалыптасып, практикалық селекцияда ген көзі ретінде кеңінен пайдалануда.

2022 жылы республикалық «ЖОО үздік оқытушысы» атағын иеленді.

Қаймақ әзірлеудің жаңа әдісін тапты

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Смаилова Жұлдыз Жолдасқызы сүт өнімдерінің биологиялық, тағамдық құндылығын арттыру, шикізат ассортиментін кеңейту, сүт шикізатын үнемдеу әдістерін зерттеуде.

Ғалымның «Пробиотикалық ашытқыны қолдана отырып қаймақ алу әдісі» атты моделі ҚР Әділет Министрлігі Зияткерлік меншік құқығы Комитетінің Ұлттық зияткерлік меншік институтында тіркеліп, патент алды. Педагог экологиялық таза азық-түлік өнімдерін әзірлеу және әртүрлі аурудың алдын алу, ағзаның қорғаныш функцияларын нығайту үшін емдік-профилактикалық мақсаттағы өнімдер технологиясын әзірлеуге бағытталатын жұмыстармен айналысуда. Айта кетейік, ғалым жуырда тағы бір зерттеу жұмысына патент алды.

2022 жылы республикалық «ЖОО үздік оқытушысы» атағын иеленді.

Ұлттық нақыштағы киімдердің жаңа үлгісін жасады

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дизайн және технология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Шілдебаева Ләззат Қадырбекқызы – дәстүрлі қазақ костюмі негізінде заманауи киімдерді жобалау әдістемесін әзірлеуде.

Республикалық «ЖОО үздік оқытушысы» атағын 2017 және 2018 жылдары иеленген.

2019 жылы ҚР Әділет министрінің Өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің «Шапағат» республикалық конкурсында №2882 «Ұлттық ою-өрнегі бар әйелдер пальтосы» өнеркәсіптік үлгіге патент үшін бірінші орын үшін диплом иегері.

Ләззат Қадырбекқызы «Қазақтың ұлттық костюм негіндегі қазіргі заман киімдері. Modern clothes manufacturing based on kazakh national dress. Современная одежда на основе казахского традиционного костюма» Оқу құралы. Учебное пособие. Train aid» еңбегіне ҰЗМИ-нан №25306 авторлық куәлік алды.

2022 жылы Ләззат Шілдебаеваның жетекшілігімен Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығында (МҰҒТСО) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері  бойынша «Қайта өнделген жүнді пайдалану арқылы брендтік өнімдер өндірісін ұйымдастыру» жобасы тіркелді. Бүгінде «Қазақтың ұлттық киіміндегі ойма қалтаны өндеу әдісі» атты өнертабысы бойынша Еуразиялық патенттік ведомствоға берілген (ЕАПВ) өтінімі формалдық сараптаманың оң шешімін алған.

Ғалым – 16 патент және 17 авторлық куәліктің авторы.

Күріш сабанынан целлюлоза алу тәсілін ұсынды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Ниязова Динара Жұмабекқызы ғалымдармен біріге отырып, күріш сабанынан целлюлоза алу тәсілін ұсынды.

Күріш сабанынан алынған целлюлоза қағаз бұйымдарын өндіруде қолданылуы мүмкін. Мақсатты өнім – целлюлозаның ьшығымы 42,7-70,3 мас.% құрады. Десиликация мен делигнификация үрдісі аса жоғары жиілікті сәуледендірудің 180 Вт қуатында 15 мин бойы аммоний молибдаты қатысында (кремнийсізденген целлюлозалық массадан 5%) натрий гипохлоритін қоспай жүргізгенде оңтайлы болып табылды, осындай жолмен алынған өнімнің құрамындағы альфа-целлюлозаның мөлшері 74,45 мас. % құрады, бұл өнім №2А маркасына сәйкес келеді.

Күл үйіндісінен құрылыс материалдарын даярлады

Қорқыт ата атындағы Қызылорда универистетінің «Сәулет және құрылыс өндірісі» кафедрасының аға оқытушысы Жақыпова Гүлнұр Мұхамеджанқызы «Жергілікті шикізат ресурстары негізінде майда түйіршікті бетоннан төсеніш тақтайшаларын өндіру технологиясы» бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Технологияны өңдеу мен енгізу мәселесіне жылу энергетикасының көп тонналы қалдықтарын пайдалану ресурсты үнемдеуге негіз. Осылайша, жылу электр орталығының күлін пайдалану құрылыс техникалық қасиеттерінің жақсаруымен құрылыс материалының жаңа тиімді түрін өндіруге, капиталды және ағымдағы шығындарды, күл үйінділердің құрамын бірден төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұйымның өзіндік құнын айтарлықтай арзандатады. Осы мәселелерді шешу мақсатында «Жергілікті шикізат ресурстары негізінде майда түйіршікті бетоннан төсеніш тақтайшаларын өндіру технологиясы» тақырыбы негізінде зерттеу жұмыстарын жасау барысында 3 өнертабыс патентін алды. Атап айтсақ, жол төсеніш тақтайшасына арналған құрам №4847, бетон құрамы № 5435 мен бетон араласпасының құрамы №5304. Барлық өнертабыс патенттері жаңа құрамда жасалған. Күл үйінділерін құрылыс материалдар өндірісінде қолдану арқылы біріншіден, аймақтың экологиялық жағдайы жақсарады, екіншіден, көп тонналы қалдықтарды утилизациялау мәселесі шешіледі.

 

Фото: gettyimages.pt

Тағы да оқыңыз: