Kyzylorda-news.kz  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары республикалық хакатонға қатысып, платформалардың қатарын көбейтті. «Necodetau» командасы 2 күн ішінде «Bytebook» жобасын әзірледі. Bytebook – бейнеконференциялар, онлайн тақта және ішкі байланысты қамтамасыз ететін корпоративті әлеуметтік желінің озық платформасы. Авторлардың айтуынша, бұл жоба тиімді командалық жұмыстың кілті. Себебі кәсіпкер немесе жұмыс берушінің шығынын азайту әрі тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы 7 функция қосылған.

Платформаға енгізілген «мессенджер» қызметі тиімді, жылдам және қауіпсіз байланысты қамтамасыз етеді. «Тапсырмаларды басқару» функциясы басшының жұмысты ұйымдастыруға, прогресті бақылауға және команданың мақсаттарына тиімді жетуге көмектеседі. Байланысу үшін бейнеконференциялар да бар. Тіпті қызметкерлердің үлгерімін бақылау мүмкіндігі қосылған. Аталған функция арқылы әр топ мүшесінің жұмысы бағаланады. Платформадағы «оқиғалар күнтізбесі» маңызды іс-шараларды үйлестіруге, тапсырмаларды жоспарлауға және жобалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ топ құру, бірлесіп жоспарлау мүмкіндігі, геймификация мен білім базасы бар.

– Біздің платформа арқылы қолданушылар тәжірибе мен идея алмасу мүмкіндігіне ие болады. Қызметкерлерді белсенді қатысуға және нәтижелі жұмыс істеуге ынталандырамыз. Бейнеконференциялар мен онлайн тақтасы бар корпоративтік әлеуметтік желі платформасы ресурстарға жылдам қол жеткізу және сараптамалық қолдау арқылы жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау шығындарын азайтуға көмектеседі, – деді команда мүшесі Ғұбайдулла Орынбеков.

Республикалық байқауға Сыр елінің намысын қорғау үшін барған «Necodetau» командасының құрамында Саят Урикбаев, Хасен Зейнулла мен Ғұбайдулла Орынбеков бар. Жас стартаперлердің айтуынша, байқауда 10 тақырып берілген. Осылайша тез арада шешім қабылдап, хакатонның алғашқы күнінде платформаның тең жартысын әзірлеп үлгерген.

– Жоба әзірге MVP сатысында тұр. Команда платформаны әрі қарай дамытуда. Алдағы уақытта қолданысқа берілетін болады, – деді стартапер.

Студенттерден құралған команда байқаудан жүлдемен оралмаса да, қазылар алқасының назарын аударған. Кәсіпкерлер тарапынан алдағы уақытта инвестор ретінде жобамен бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс түскен.

 

Ә.Жанәбілқызы

Тағы да оқыңыз: